20:12
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚАРСЫ АЛАТЫН КҮЛІМДЕП, ТОЙЛАРДЫҢ ҚАЗАҚТАРДА ТҮРІ КӨП

Тілашар тойы

Баланың мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттау құрметіне жасалатын шағын ғана той – тілашар тойы. Бұл тойға жақын достар, баланың құрбыластары, көрші-қолаң шақырылып, қатыстырылады. Әдетте, мектепке баратын баланы қазір балабақшаларда дайындау нәтижелі. Солай бола тұрса да, тақпақ жаттатып, санамақтар үйретіп, ертегі тыңдатып, үйде қосымша дайындаған дұрыс.

Мектеп есігін тұңғыш ашатын бала, көзі үйренген жандардың алдында үйреткендерді қысылмай айта алса, мектепте де ата-ананы ұялта қоймайды. Осыны ескеріп, тойда сынақтан өткізіп алғанның зияны бола қоймас. Ел алдында тақпақтарын айтқызып, сан санатып, ән салдырып, ықылас қойған орынды. Бала білгенін айтқан сайын рухтандырып, қол соға қошемет көрсетіп отырса, балаға тың шабыт қосылады. Отырғандардың ықыласы әсіресе құрбыластарының қызыға қарағаны, айтуға деген құлшынысы, оның күлім қағып, мақтаныш сезімінің оянуына әсерін тигізері сөзсіз. Осы тұрғыда ел естімеген, бірақ отбасына бұрыннан таныс, өзіміз құрастырған мына сияқты өлең жолдарын жаттатқанның да ықпалы зор.

Әжем менің шын аспаз,

Тіл үйірер тамағы.

Жаттап алсам мен тақпақ,

Ашылады қабағы.

Әжем нағыз қамқоршы,

Үйретеді жалықпай.

Жөн сілтейді біздерге,

Түнгі Темірқазықтай.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жаттатқан мына бір өлең шумақтары да балаға шабыт сыйлары сөзсіз:

Жаңа жыл келді!

Жаңартып байтақ өңірді.

Қарсы алайық бәріміз,

Жаңа жылды көңілді!

Құт әкелсін, Жаңа жыл!

Сыйласын қызық өмірді!

Шаттанайық балалар,

Болашақ біздің сенімді.

Үйде жүріп тылы ашылмаған баланың мектептегі жағдайы да мәз болмайтынын әркім білгені жөн. Тақпақ айтуды былай қойып, әріп танып, саусағын санауды білмеген бала мектепке барғанда, басқа балалардың тақылдап тұрғанын көріп, қайткенде де жасып қалары анық. Сондықтан мектепке баратын балаға назарды бұрыннан аудара жүріп, тілашарында сыннан өткізіп алып отыру артық болмайтын сияқты. Тілашар ырымын ішілетін тамақ, шырқалатын ән, тартылар күйден бөлек, дәл осылай жасаған жөн. Мұндайда баланың өзі де, басқа қатысқан балалар да ұмытылмастай зор әсер алып, әсіресе тілашар иесі гүлдей жайнап, масаттанары сөзсіз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 79 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: