18:27
Рухани-танымдық сүрлеулер

СЕЗІМ мен ТҮЙСІК, ПАРАСАТ – ӨЗГЕРЕР МЕ ЕКЕН ҚАЛАСАҚ?!

  Сезім – адамның біліп түйсіну қабілеті арқылы, сыртта болып жатқан әрекеттерді зейін қоя іштей түйсікпен сезіп қабылауы. Дүниеде болып жататын түрлі әрекеттерді тез сезініп, тиісті шешім қабылдауға әрекет ететін адамды сезімтал, байқампаз екен дейді.

Сезім – ойды оятады, ал ой – ынтаны ықыластырады. Ынта мен ниет – іске жұмылдырса, іс – әрекетке айналып, жұмыс бітеді.

Ақыл – миымыздың, түйсік, ар-ождан рухымыздың – сезім арқылы сезіп-түсінуі. Ақыл – сананың, ақыл-ойдың тітіркенуі арқылы болатын сезіну қабілеті екендігін білсек, ақылдың өлшемі – парасат. Басқаша тұжырымдай айтар болсақ, түйсік – ол ақыл-ой, сезім әрі зейін. Ақылды іске қоспай, сезімге қозғау салмай жаратылыста болып жатқан құбылыстарды танып-білу мүмкін болмайды. Сезімсіз адам арсыз, ал арсыз адам сезімсіз болады деуге толық негіз бар. Сезім, ұғым, ой байқау арқылы өмір көріп небір хикметтерге қанығып қана кемеліне келеді.

Шынайы сезім, өте сақ, кіршіксіз мөлдір сезімталдықты, сергектікті, жан-жақтылықты қажет етеді. Сезімге де сыртқа шығар жол керек, әйтпесе ол да қайнаған судай суалып қалады. Шынайы сезімталдық, байқампаздық өмірде жауап ретінде, қалтқысыз, ақ ниетті адал, мөлдір, таза толыққанды сезімнен туындайды.

Сезімнен жұрдай, арсыздықпен, бетсіздікпен жеткен кейбір «жеңістер» жақсылыққа апармайтынын білгеніміз жөн. Мұндайлар түкті ойламайтын, нәпсіқұмар тек нәпсінің құлы болғандар. Тегінде, нәпсіге ерік бергендер бойындағы аз да болса бар күштің қанатын қайырып, ар-ұятты, әдепті белге байлап, парасатты мүлдем ұмытады. Парасат таным мен түсінік-түйсіктің бастау бұлағы.

Парасат – ол дариядай ақыл мен теңіздей шалқыған ой, сана-сезім. Ол – ең киелі қасиет, адамның шын жүректі әділдігі, сенімі, ыстық ықыласы, мөлдір мейірімі, қасиетті қайырымдылығы. Сана – өзіңнің парасатың.

Парасатты адам – ақылды, зерделі, ойлы, ұлағатты, көшелі, білімді, салауатты, парықты, қасалықты, тоқтаулы, байсалды адам. Парасатты адам ар-ұят, шындық, ізгілік, әділдік, обал-сауап, парыз сияқты адами қасиеттерді аттап өте алмайды.

Парасаттылық – ол байыптылық, байсалдылық. Адам ақылды бола тұра, парасаттылығының кемдігінен, жетістікке қол жеткізуі неғайбыл. Яғни, ақыл иесі парасатты бола алмайды.

Парасатсыздардан ақыл-еске деген күмәнділік туындап, дәйексіз тұрлаусыздық пен сенімсіздік бой көтереді.

Парасаттылардан жанға жайыл, үйлескен жарасымдылық, достық, тілеулестік, бауырластық, ынтымақты бірін-бірі қадір тұтар сыйластық, сенімділік пен шарапат есіп, жаныңа шуақ сыйлап тұрады.

Ақыл-ой – ми қызметінің ең жоғарғы сатысы. Ақыл мен адал еңбек мұратқа жеткізерін білеміз. Ақылдылық – адамның азабы да, артықтығы да. Ал парасат – рух танымының шығар баспалдағы. Парасаттың шыңы – даналық, кемеңгерлік, данышпандық та.

Дүниедегі бар болмысқа парасат назарымен үңілгенде ғана, әртүрлі құбылыстың астарынан оң мағына табасың.

Көзбенен зат пішінін, құбылыстың сыртқы әсер-келбетін материялығын көрсең, парасат талғасы тереңге ой жіберіп, тереңге құлаштайды. Яғи, қолдағы заттың сырт пішіні емес, ішкі әрекеті неге қажет, одан не ұтуға болады? Асыл қасиеттері қандай? Парасаттылар тереңге құлаш ұрады. Адамның парасат-пайымын, рухани деңгейін, тағы басқа да асыл қасиеттерін таниды. Парасат заттың, көріністің ішкі мазмұнын, пайдасын, мақсатын, бейнетін және құндылықтарды ішкі мәнімен салыстыра отырып көріп, зерттеп, тануға жол ашады.

Парасат ақыл емес, ой немесе ойлау жүйесі де емес. Ойлау қабілеті ақылмен болған істен биік тұратындығындай, парасат та ойлаудан биік тұратын тәңірлік рухани қабілет. Парасат сенімсіздікке жол бермейді, әрқашан да ақылдың ықпалында жүреді.

Адамның ерекшелігі – ақылдың, парасаттың, шабыт-кереметтің, ғажайыптың, азап пен аауыр бейнеттің де иесі екендігінде. Мұндай қасиетті бойына сіңірмеген жандар, саяздығын, шалалығын сездіріп, қалай құбылғанымен де, қажетті даму деңгейі кем болып саналады.

Танымайтын болса да, жеке адамның басына түскен ауырпашылыққа қабырғасы қайыса ойға алып, солардай болып күйзелгендерді сезімі сетінемеген асқақ рухты жан деуге болады. Мұндайлар өздері пір тұтқан жоғары құндылық үшін жандарын құрбан етуге бар. Ал сезімі жұрдайлар, түсінігі кем болғандықтан, сөздері мен істеріндегі алшақтықтан адамды мезі етері анық.

Тиянақтылық – парасаттылыққа тән қымбат қасиет. Өзгерер ме екенге келсек, өзгермейтін жансыз зат қана!  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 122 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: