10:13
Рухани-танымдық сүрлеулер

ЖҰЛДЫЗДАР ҚАНДАЙ СЫР АЙТПАҚ?

Бұлтсыз түнгі аспанға көз жіберер болсаң, солтүстіктен оңтүстістікке созылып жатқан ақшыл жолақты көрер едің. Бұл жолақтың атауы – Құс жолы. Астрономия ғылымы оны Галактика деп атаса, орыс тіілнде «Млечный путь» деп аталады. Жыл құстары жыл мезгілінің өзгеруіне байланысты жер ауыстыруда осы жолақтың бағытымен ұшады екен. Миллиардтаған жұлдыздардың жарығынан құралған Құс жолы күзде айқын көрінеді. Аспан әлеміндегі жерге жақын жұлдыздардың көбі осы Құс жолының бойында орналасқан.

Сонан кейінгі, «Жетіқарақшыны таныған жеті қараңғы түнде адаспас» делінген, аты көпке тараған, орысша «Большая Медведица» атауын алған, төрт түлігін күзетіп, мал баққан қазақ халқы «Түнгі аспан сағаты» аталған, түні бойы Темірқазық жұлдызын айнала қозғалатын, жеті жарық жұлдыздар тобынан құралған, шөмішке ұқсас, дүниенің солтүстік жарты шарында орналасқан шоқжұлдыз – Жетіқарақшы.

Ай көрінбеген кезде де, күнде аспаннан аз да болса жарық беріп, түнімен жарқырап тұратын, шаруа адамы көкке қарап-ақ, уақыт шамасын айыратын, жалғыз жүрген адамға сүйеніш, медет, ес болатын – жеті күзетші осы Жетіқарақшы. «Жетіқарақшы жамбасқа ойысыпты» деген секілді орын ауысуларына сүйеніп, уақыт пен ауа райы туралы болжайды.

Темірқазық – осы шөміштің сабындағы соңғы және ең жарық жұлдыз. Бұл қозғалмайды. Ал Жетіқарақшы болса, түні бойы Темірқазықты айналып отырады. Жетіқарақшы Темірқазықты айналып, Үркерге жақындағанда таң бозара бастайды.

Жұлдызды аспан картасын көне қазақ халқы Темірқазықтан бастайды. Темірқазық – бабалардың түнде жол жүрудегі бағыт-беталыстарын бағдарлайтын астрономиялық компасы іспеттес. «Темірқазықты бетке ал» немесе «Темірқазық сол иығында болсын» деп жол сілтеген. Ал Жетіқарақшы сағат қызметін атқарған. Түнде оның қай тұста, таң ата қайда болатынын білген. Кішіқарақшы шөмішінің сол ұшында ақбозат, оң ұшында Көкбозат жұлдыздары орналасқан.

Көктемде, таң алакеуімде Жетіқарақшының төрт жұлдызы Темірқазықтың үстіне шықса, жазғы таңда ол орнынан ауып, Жетіқарақшы Темірқазақты өте қысқа айналып, күншығысқа қарай еңістеп жүзеді. Күн мен түннің күзгі теңелуінде Жетіқарақшы көкжиекке төніп, таңда төрт жұлдыз биіктеу өрлеп, үшеуі қайта Темірқазықтың астына түседі. Ал күн қысқарған қыс мезгілінде ұзаңқырай айналып, күншығысқа қарай өрлей жылжып, таңғы алаң-елеңде тас төбеге шығады.

Жетіқарақшы наурыз бен сәуірде ашық, жарқырап көрінеді.

Тууы мен батуын ұдайы бақылап, қадағалап, шаруалар әр маусымда жұмыс жүргізуді соған қарап сәйкестендіретін, Торпақ шоқжұлдызының құрамына кіретін, бір-біріне өте жақын орналасқан, қараған кезде оп-оңай көзге түсетін бір шоғыр жұлдыз – Үркер. Қазақтардың бөлініп қалған топты үркердей дейтіні осыдан. Үркер, орысша атауы – плеяды алабында 500-ден астам жұлдыз бар екен. «Үркер туды», «Үркер көтерілді», «Үркер жамбасқа түсті», «Үркер көрінді» деген секілді тіркестер де бар. Іңірде, Үркер – күз басында (қыркүйекте) шығыстан, қыс басында (желтоқсанда) төбеден, көктем басталғанда (наурызда) батыстан көрінсе, жаз басында (ммаусымда) мүлде көрінбей кетеді. Бұл кезді халық: «Үркердің жерге түсуі» дейді. 40 күнгі аптап ыстық шілде Үркердің осы кезіне сәйкес келеді. Халық араында Үркерге байланысты «Үркер жерге түспей, жер қызбайды», «Үркер жерге түсерде қой қырқылады», «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер туса, сорпа ас болады», «Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай бас тартады» т.с.с. ұғымдар қалыптасқан. Егер осы қырық күн шілдеде жаңбыр көп жауса, Үркердің суға түскені, аз жауса, жерге түскені. Ал шіліңгір ыстық болса, тасқа түскені деп есептелетіні де бар.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 215 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: