22:36
Рухани-танымдық сүрлеулер

ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР

Қарашаның соңы-желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «Қырбастың қызыл амалы» дейді. Үркердің сол жамбасқа келуі желтоқсанның 4-5 күндері болатын алғашқы аяз сол Қырбастың қызылына дәл келсе, Үркердің дәл төбеге қарай біртіндеп шырқай көтерілуі – қыс шілдесі деп аталатын Сары аязға дәл келеді. Жалпы, желтоқсанда боран соғып, қыс күшіне енеді. Әсіресе, желтоқсанның 17-сі мен 23-інің аралығында бір апта бойы көз аштырмай «Текебұрқыл» бораны соғады. Бұл кезде таутекелер тауешкілермен, құлжалар арқарлармен шағылысатын болғандықтан «Текебұрқылдақ» (текебұрқыл) амалы деп аталып кеткен.

Желтоқсанның 15-20 күндері ауа райы күрт өзгеріп, ақбөкендер мен қарақұйрықтардың текелері үйірге түсіп, бір-бірімен қосақталатын кезең – «Киіктің матауы» аталған. Тап осы кезеңде нөсерлеп жаңбыр жауып, сасай болған ақбөкеннің текелері сасық иісінен тазарады екен. Бұл кезеңдерде жауын-шашын болмай қалса, текелердің көздері ағарып, өліп кетуі де мүмкін екен. Бұл кезеңді – «Киіктің мойын жуары» атаған.

Желтоқсанның 22-і – ең қысқа күн, астрономиялық жыл басы.

Желтоқсанның алғашқы күні күн жылы болса, айдың бірінші он күні жылы, түсте салқындап, бұрқасын көтерілсе, бұл құбылыс ай ортасында қайталанар, ал кешке қарай боран соғып күшейсе, қыс ұзаққа созылмақ та, алғашқы қар нығыз не жаңбырмен араласып түссе, жаз ылғалды, құр қылаулап тұрса, жаз қуаң болар.

Бұл айда таң шапағы қызғылттанса, жел тұрады-дағы, күн құлақтанып батса, ертеңіне күн салқындайды, айдың айналасы шеңберленсе не бұлт желге қарсы көшсе, қар жауады, ал қар жапалақтап жауса, күн бұлыңғырланып, күн бұзылады.

Күн құлақтанып, түтін тік ұшса, жұлдыздар анық көрініп, жиі жымыңдаса, аяқ басқан қар қатты сықырласа, будақ бұлттар көкжиектен өркештене көтеріліп көрінбей кетсе, аяз боларын біле бер.

Тынық күннің өзінде шыршаның құрғақ, ұзын бұтақтары иілсе, күннің айналасы шеңберленсе боран соғуының белгісі деп біл.

Желтоқсанның 25-і мен 5 ақпан аралығы, сақылдаған сары аяздар болатын, әсіресе қаңтардың соңғы күндері, ең суық 40 күн – «Қысқы шілде» немесе «Кіші шілде» атанған.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

 

 

 

 

 

 

 

                                                                                       

Просмотров: 247 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: