12:26
Рухани-танымдық сүрлеулер

ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР

 Алғашқы үсік жүретін қара суық айы – қазан. Бұл ай жаңбырлы, түні қараңғы, су беті қабыршықтанар, бозқырау түсер ай. Бұл айда кеш піскен жидек, бау-бақша, көкөністердің көпшілігі суыққа ұрынып қалады. Содан да, халықта «Қазан соқты, қазан ұрды» деген сөз қалған. Қазандағы терек жапырақтарын жерге үйірген желді қазанның жапырақ желі, төгілген жапырақтарды – «қазан жапырақ», соққан ызғарлы желді – «қазанның қара дауылы» дейді.

Қазанның басында жел арқадан соқса, суықтық, түстіктен соқса, жылылық әкеледі, ал батыстан соғылған жел, ылғалдайды, шығыстан соқса, жайма-шуақ күн болмақ; солтүстік-батыстан өткір желдің соғуы, келер қыстың қаһарлы боларының нышаны да, қар жауса, қаңтардың соңы мен ақпан басы күн жылы боларын меңзегені.

Қазанның алғашқы ызғарында жапырақтар сарғаймай, үзілмей тұрса, күн қайта жылынып, күн райы тұрақтанарын біле бер де, жаңа ай туғанда жаңбыр жауса, ай түгел жаңбырлы, қар құрғаққа түссе, тез еритінін, ылайсаңға түссе, жатып қаларын, шие жапырақтары түспеген болса, қар тез еритінін біл. Бұл айда кешке тұман түсіп, тез ыдырап кетсе, қатқақ болар да, күндізгі жауған қар жатпастан ериді-дағы, түнде жауғаны ұзақ жатып алады екен.

Сондай-ақ, пияз қабығы қат-қабат біткен болса және емен мен қайың жапырақтары түгел түспесе, қыс қатаң, қаһарлы, бірден түгел түссе қыс жұмсақ болар деген болжам қалыптасқан.

Тағы да сол қысқа байланысты, күн күркіреп, найзағай жарқылдаса, қыс қысқа әрі жұмсақ, қарағай мен шыршаның бүршігі аз болса, аязы сынық, күн тұтылса, қыс қатты, алдағы жылғы наурыз, сәуір, мамыр айлары жаңбырсыз құрғақ болар деген болжам бар.

Қазанның ортасында күн жылынса, жылылық үш аптадай тұрар, ал қар араласа жаңбыр жауса, қаңтарда екі-үш рет жаңбыр жауар, күн ашық жылы болса, келер маусым жаңбырлы салқын болар.

Жалпы, қазанның 20-21-лерінде күн райы салқындай бастайды.

Күз мезгілінде талтүсте, бекіре балықтар өзеннің құмды жағалауында бастарын судағы құмға тығып, тобымен жиналып, үйездеген жылқыдай бірінің соңынан бірі тізіліп, ұзақ қозғалмай ағынға қарсы тұратын мезгілді «Бекіре ойнақ» атаған.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 236 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: