12:35
Рухани-танымдық сүрлеулер

ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР

Айдың соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар бес-он күндік жауын-шашынды амал, «Бес тоғыстың бет жуары» болады.

Бұл ай – ит шуақ, кемпір шуақ, ескек желді Үркер туа атң ататын ай. Бұл айда таңертең күн күркіресе, суықтықтың хабары, ал алғашқы күн күркірегенде жел арқадан тұрса, ай салқын, шығыстан тұрса, құрғақ, түстіктен соққан болса, жылы боларының хабары. Сондай-ақ, бұлт тым жоғары көтеріліп, тез көшсе, күн жақсармақ та, ай ортасында күн райы қандай болса, жаз бойы сол қалыпты сақтап, жылы жел ессе, қолайлы, жел арқадан соғып, салқындаса, қоңыр салқын, жаңбыр жауған болса, бүкіл жаз жаңбырлы болмақ.

Сәуір айының 4-і мен 5-і күндеріне боран өтеді. Бес тоғыстан соң, 11-інен кіріп, он жетісінде шығатын соңғы боранды, халықта Отамалы, ойылған қыс деп атаған. Бұл күндер желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі де сонда. Отамалының: «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарлы жерге келсем, оны әкетемін» дейтін серті болады екен. Отамалы қара жерге келсе, жауын-шашынды күндер көп болып, біраз жайсыздықтар туғызатынын біліп жүргеніміз жақсы.

Сонан, қар күрт еріп, жер лайсаң болған кезең – «Аласапыран» деп аталады.

Сәуірдің сол алғашқы он күндігіндегі бірнеше күн қатарынан шаңды боран соққан кездерде, тасбақалар қысқы ұйқысынан оянып, сыртқа шығуына байланысты «Тасбақа дауыл» деп атаған. Қысқы ұйқысынан шыққан тасбақа әлсіз болғандықтан сауытының үстінде қалған топырақ пен құмның қалдықтарын өздігінше түсіруге мүмкіншілігі шектеулі болады. Сол кезде соққан боранды дауыл оның үстіндегі басылған құм мен топырақты ұшырып әкетіп отырады екен. Сондықтан да, тасбақаның ұйқысынан оянуы мен сол қатты соққан дауылдың сәйкес келуінен «тасбақа дауылы» деген ат алған.

Сәуірдің ортасынан кейін, яғни 18-19 күндері найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады. Бұл сәтті халық «Қызырдың қамшысы шартылдап, қыс кетті» деп есептеп, «Қызыр қамшысы» атаған.

Сәуірдің 25-28-інде қара суық қайталанып, жел соғып, тобылғы бүр жара бастайды. Бұл «тобылғы бүршік жарған», өсімдіктер тамыр жайған, алғашқы көк шыға бастаған күндер «Тобылғы жарған» аталған.

Сәуірде аспан ашық көкшіл түске енсе, күн жылынып, жаңбыр жауарын, түн жарық болса, кешікпей жердің тоңазитынын білуге болады. Сондай-ақ, ол айда емен шетеннен (рябина) бұрын жапырақ жайса, жазда құрғақшылық, өзен сулары көп тасыса, жаз ыстық боларын болжаған.

Мамыр айының 8-9 күндері, яғни алғашқы онкүндігінде сәуірдің 18-19 күндері – Қызыр қамшысында ұя басқан құстардың жұмыртқа шайқап, балапанын шығара бастауымен тура келеді. Қызыл шақалақ шыққан бұл күндерді халық тілінде «Қызыл жұмыртқа» деп атаған. Бұл екі күнде күн райы күрт суытады.

Мамырдың ортасына қарай, Үркер аспанда көрінбей кеткендіктен халық: «Үркер батты, енді жер қызады» деп болжаған.

Мамырдың аяғына таман, 17-24 күндері болатын ызғырық суық желді, жаңбырлы суық күнді «Құралайдың салқыны» деп атаған. Осы амал күндері киелі жануар – ақбөкендер жаппай лақтап, құралайларын аяқтандырып, өргізеді. Бұл кезде ауа райы салқындап, табиғат дүниеге жаңа келген құралайларды суығымен ширатып, қатал табиғат жағдайына бейімді етіп өсіреді. Бұл мезгілді «киіктің лақ өргізері» деп те атайды. Қазақтар бұл болатын құралайдың салқынын күтіп, одан да сақтанған.

Мамырдың алғашқы күні ашық, жылы болса, айдың соңы салқын немесе керісінше боларын, ай бойы жылылық болса, бүкіл жаз бойы күн бір қалыпты боларын, ай жаңбырлы болса, алдағы маусым ылғалсыз, қыркүйекте жаңбырдың сіркірерін білуге болады.

Мамырда қайыңнан шырын көп бөлінсе, үйеңкі (клен) мезгілінен бұрын түбіттенсе, қайыңнан бұрын жапырақ жайса, жаз жаңбырлы боларын, ал қайың үйеңкіден бұрын жапырақ жайса, жаздың ыстық боларын, айдың соңында ең соңғы жапырағын жаятын қайың, мезгілінен бұрын түбіт шашса, жаздың қуаң боларын білген.  

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 264 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: