10:00
Лирика - 27
Жүректен – жүрекке (таңдамалы)
Ұнатар қызды жігіт пәни-жалғанда
Ұнатар қызды жігіт пәни-жалғанда,
Үн қатар жігіт аруға оңаша қалғанда.
Ұялар жігіт, қысылар жүрек, сезім тербер,
Сыздар, жүдер сағыныш мықтап алғанда.
 
Бұлыңғыр әлі бұл жұмбақтың шешімі,
Ынтық жүрекке басу болар бар ма емі.
Үмітті қайрар, сағына жүрер, жүдемес,
Өлердей сүйер қалғанша ақырғы демі.
 
Елестетер көзін, естір сөзін, тербер қалам,
Шын сүйеріме өзіңді куә дархан далам.
Барлығы қызық, қызығы – сызық, нүкте, үтір,
«Сүймесең егер, құримын!» деп жар салам.
 
Сабыр – жолдас, шыдам – серік, сенім – берік,
Аңсай сені – сиялы қаламға бердім ерік.
Басқасын қайдам, басқасы – артық, өзің – қымбат,
Асылым менің, жалғыз сенсің – сымбат, көрік.
 
Ұнатар қызды жігіт пәни-жалғанда,
Қан жылар жүрек сағына жалғыз қалғанда.
Күндер жылжыр, түндер өтер, күнтізбе жұқарар,
Орнына келер – өзіңді жар қып алғанда.
 
Бәрі болды түсімде
Мөлдіреп жанарың,
Үлбіреп анарың,
Құшағыңды жая,
Өзіңе тарттың өзімді.
 
Құшағың көктем,
Гүлдеді денем,
Хош иісті сіміре,
Жан-тәніңе енем.
 
Иілген белің,
Мейірлі көзің,
Ынтыға қарар,
Езілді төзім.
 
Алтындай шашың,
Қиылға қасың,
Сағына, сүйе,
Айналды басым.
 
Арамдық жоқ ісімде,
Адал әм ақ сезім де.
Асылы, анық, асылым,
Бәрі болды түсімде.
 
Алыстасың сен ғана-ау
Дана Абай – ғашықтықтың дүлдүлі,
Ақиық Мағжан – махаббаттың бұлбұлы.
Асылым, алыстасың сен ғана-ау,
Өзіңді өлеңге өзек қылды бір жігіт.
 
Ақан сері Ақтоқтысын ұнатады,
Біржан сал Сара ақыннан сөз тартады.
Ажарлым, алыстасың сен ғана-ау,
Ұйқас түзді өзің жайлы бір жігіт.
 
Сәкен ақын Көкшетауын мақтан етер,
Ақын Ілияс Ақсуын тілге тиек етер.
Аяулым, алыстасың сен ғана-ау,
Мадақтайды өзіңді бөлек бір жігіт.
 
Сұлтанмахмұт Қамар сұлуын аяған,
Жүсіпбек Ақбілегін аялаған.
Алтыным, алыстасың сен ғана-ау,
Аймаласын жанды сөзбен бір жігіт.
 
Мұқағали ғашықтыққа көп арнаған,
Жұмекен махабатты әзілмен баураған.
Аңсарым, алыстасың сен ғана-ау,
Шын сезіммен құшар сені бір жігіт.
 
Ынтықтық қозар, жасқанбай
Үзілмеген жапырақ
Тербеледі желменен.
Адастырмас шамшырақ,
Қосылайық сезімменен.
 
Ормандағы ағаштар
Самалменен сырласқан.
Сағынышты сезім ұштар,
Аңсарым-ау қыр асқан.
 
Қыдырма әм азат жел
Айналаны кезеді.
Алыстағы адыр, бел
Сезіміңді сезеді.
 
Өңін бұзған аппақ қар,
Жылай-жылай еруде.
Өзіңсің-ау маған жар –
Тағдырыма тағдыр беруде.
 
Жел гулейді, әндете,
Сазды үнге басқандай.
Қар суланар, көлдете,
Ынтықтық қозар, жасқанбай.
 
... сен дегенде
Далаға көктем келді сен дегенде,
Алтын Күн күлімдеді сен дегенде,
Жапанда жаз аңқыған лалагүлім,
Жүрегім гүл-гүлдеді сен дегенде.
 
Құстар әні көбейді сен дегенде,
Көңіл-күй де есейді сен дегенде,
Биік шыңда көрікті еңлікгүлім,
Жаным менің гүлдейді сен дегенде.
 
Қалың қар тамшылады сен дегенде,
Сағыныш қамшылады сен дегенде,
Ажарымен тартатын раушангүлім,
Тынысым кең ашылады сен дегенде.
 
Жанды сөз жазылады сен дегенде,
Сырлы ой қазылады сен дегенде,
Жан-жақтан әсемденген жанаргүлім,
Жақсы ән сызылады сен дегенде.
 
Барлық асыл бақырланар сен дегенде,
Ынтықтығым бек нұрланар сен дегенде,
Гүл-гүлдердің дарабозы – Жангүлім,
Ғашықтығым лаулай жанар сен дегенде.
Шаhмантегі-Ибраhим Бегімхан Керімханұлы
www.shakhibbeker.ucoz.kz
Просмотров: 1094 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: