20:04
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Әшари табанды түрде ымыраға жеткізетін позицияны таңдады. Ол Құранды мәңгі және жаратылмаған Құдай Сөзі екенін дәлелдемек болып, «тек қағаз, сия және дыбыстары жаратылған» деді. Әшари Мутазиланың адамның еркі жайлы доктринасын сынға алды. Оның ойынша, тек Құдай ғана адам әрекеттерінің барлығынң «жаратушысы» бола алады. Бір жағынан, ол дәстүршілдердің «адам өзін құтқаруда ешқандай да рөл ойнамайды» деген көзқарастарын жоққа шығарды. Әйткенмен Әшаридің ұсынған шешімі қайшылықты көрінді: Құдай адамның бар әрекетін жаратады, әйтсе де адамға әрекетіне сәйкес сый мен жазаны иеленуге мүмкіндік береді. Бірақ, қалай болғанда да, ибн Ханбалмен салыстырғанда, Әшари «Құдай» деп аталатын, танып білу мүмкін емес, тылсым Ақиқатты құрғақ пайымның қалыбына салып түсінуге тырысуды қате десе де, түрлі сұрақтардың соңына түсіп, көптеген метафизикалық проблемалардың шешімін табуға талпынды. Әшари кәлам (тік.ауд.: «сөз» немесе «сөйлесу») деп аталатын мұсылмандық дәстүрдің негізін қалады. Әдетте мұны – «теология» деп аударады. Х-ХІ ғасырларда Әшаридің ізбасарлары кәлам методологиясын дамытты. Алғашқы әшарилер Алланың жоғары билігі жайлы қисынды түрде пайымдауға мүмкіндік беретін метафизикалық жоба жасауға тырысты. Әшарилік мектептің алғашқы атақты теологі Әбу Бакр әл-Бақилләни (1013 қайтыс болған) болды. «Таухид» атты еңбегінде Бақилләни мутазилиттердің: «адамдар Құдайдың барлығын рационалды пайым жолымен логикалық тұрғыдан дәлелдей алады» деген тұжырымдарымен келісті. Өйткені Құранда ибраһим мәңгі Жаратушыға табиғаттың тәртібі жайлы тынымсыз ойлану арқылы жетті. Бірақ Бақилләни «адам уахидың көмегінсіз жақсы мен жаманды айыра алады» дегенді мойындамайды. Өйткені бұл категориялар қоршаған әлемде жоқ, адамдар үшін мұны Құдай бекіткен: бірақ Алланың Өзі адамдардың дұрыс пен бұрыс жайындағы түсінігіне сыймайды.

Ислам сенімнің метафизикалық негіздемесін табуға талпынып, Алладан басқа Құдай да, Ақиқат та, шынайы ештеңе де жоқ екенін негідейтін «атомизм» немесе «оккозионализм» деп танылған теорияны қалыптастырды. Ол «әлемдегі барлық нәрсе тұтасымен тікелей Құдайдың назарына тәуелді» дейтін. Бақилләни әлемді «сансыз тәуелсіз атомдардың жиынтығы» деді: уақыт пен кеңістік үздіксіз емес және ешбір нәрсе өзіне тән ерекшелікке ие емес. құбылысқа толы ғаламды Бақилләни дәл Афанасидағыдай радикалды түрде жоқтыққа теңеді. Тек Құдай ғана – Ақиқат, тек Ол ғана бізді жалпыға ортақ бостықтан құтқарады. Ол ғаламның тірегі және әрбір сәтте жаратылысқа жан беріп тұрады. Ғаламның тұрақтылығын айқындап беретін ешқандай да табиғат заңдылықтары жоқ. Көптеген мұсылман ғылымда үлкен жетістіктерге жетсе де, әшарилік негізінен дінде маңызды рөл атқарғанмен, жаратылыстану саласына түбегейлі қарсы болды. Құдайдың әлемге қатыстығын әдепкі ұсақ-түйек құбылыстарға дейін өріп шыққан, әрі мұсылмандарға «иман қалыпты логикаға бағынбайды» деген ойды жеткізгісі келген. Ол бұл тұжырымын метафизикалық түсіндірмеге салуға тырысты. Ақиқаттың фактіге жүгінген баянынан гөрі, өз алдына бөлініп шыққан сала ретінде, Әшарилік теология мұсылмандарға Құран мақұлдайтын «саналы Құдай» түсінігін қалыптастыруға көмектесті. Мұның әлсіз тұсы – табиғатында толқымалы діни халді сөзбе-сөз тәпсірлеуге тырысып, ғылыми дәйектерді еш назарға алмауында. Мұндай ұстаным мұсылмандардың Құдайға деген көзқарастары мен басқа жаратылысқа қатысты қатынастары арасында сына болып қағылды да, аралары алшақтап кетті. Мутазила да, әшарилер де, барлығы өз білгенінше, Құдай жайындағы діни толғаныстарын рационалды пайыммен байланыстыруға тырысты. Бұл маңызды нәрсе болатын. мұсылмандар «күнделікті мәселелерді талқылаған секілді, Құдай туралы да тартыса беруге бола ма?» деген өзекті сұраққа жауап табуға тырысты. Біз бұған дейін гректердің мұны балансты сақтауға септеспейді деп, соңында үнсіздікті теологияның жалғыз қажетті формасы ретінде таңдағанын білеміз. Уақыт өте келе мұндай тұжырымға мұсылмандар да тоқтайды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 109 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: