15:47
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Хадистер жинағында, негізінен, күнделікті тұрмыстағы проблемалар сөз болады. Бірақ кей кездері метафизикалық, космологиялық, құдайлық тақырыптар да қозғалады. Тіпті «құдси хадистер» (киелі хадистер) деп саналатын кей хадистерді Құдайдың өзі Мұхаммедке тікелей айтқан деп сенеді. Хадистің мұндай түріне қарап, нағыз тақуаның ішінде бола алатын Құдайдың имманентті сипатын тануға болады. Мұсылманның құдайлық болмысқа дейін жете алатын қасиетін сатылап түсіндіретін танымал хадиске қарап, Құдайдың өзі дінге сенушінің ішіне еніп кеткен бе деген ой келеді. Мұсылмандар Құран мен шариғаттың қағидаларын қатаң сақтай отырып, өз еркімен діни парыздарын орындауға кіріседі:

«Менің сүйген құлым маған жақындау үшін не істесе де, Мен оған міндет етіп жүктеген парыздарды жасамайынша, соншалықты жақын келе алмайды. Менің құлым Маған жету үшін міндеттелген борышынан да артық нәрсені жасауға бейіл. Мен оны жақсы көріп, сүйген құлдарымның қатарына қоспайынша, ол да әрекетін тоқтатпайды. Ол Менің сүйікті құлыма айналғанда, Мен де оның естір құлағына, көретін көзіне, ұстайтын қолына, жүретін аяғына айналамын!».

Яһудилер мен христиандардың Құдайы сияқты Алла да тарнсцендентті һәм жердегі тіршілікке де араласып кете алатын имманентті Құдай саналады. Мұсылмандар өздерінің болмысындағы осы құдайлық сезімдерді, психотехникалық амалдар арқылы тәрбиелеп өсіре алады. Олардың осы әдістері яһудилер мен христиандардың діни тәсілдеріне қатты ұқсайтын.

Мұхаммедке еліктеу арқылы тақуалық жолды ұстанатын мұсылмандар типін әһлі-хадис (дәстүршілдер) деп атайтын. Олар барлық адам тең деген әділдік принципін ұстанатындықтан, қарапайым жұртты қатарына көптеп тарта білді. Дәстүршілдер Әмәуилер мен Аббасилердің аста-төк шылқыған өмірін қолдаған жоқ. Шииттердің бүлікшіл тактикасын да қоштамады. Әһлі-хадистердің пікірінше, халифтердің ерекше рухани қасиетпен дараланып тұруы міндетті емес. халиф – бар болғаны, ұйымдастырушы қарапайым әкім. Олар Құран мен сүннеттің иләһи сипатына ерекше мән бере отырып, әр мұсылманның Құдаймен тікелей байланыс орнатуына септесетін құрал ұсынды. Бірақ мұндай діндарлықтың ішінде абсолютті билікті сынап, оның тағын шайқайтын қауіпті идея жатады. Себебі дәстүршілдердің көзқарасы бойынша, Құдай мен құлдың арасын жарастырушы діни кастаның кереі жоқ. Кез келген мұсылман ақыретте Құдай алдында жеке тағдырына өзі жауап береді.

Бәрінен бұрын дәстүршілдер: Құран – Тәурат немесе Логос сияқты мәңгілік ақиқат тіпті белгілі бір дәрежеде Құдайдың өзімен де сипаттас болып кетеді деп санады. Құран Құдайдың ойында ежелден бері бар болған. Құранның жаратылмағаны туралы доктринаға сәйкес, Құранды дауыстап оқығанда, мұсылмандар Құдайдың дауысын тікелей естиді. Алланың адамдар арасында ұдайы болуына, Құран бейне бір Оның жердегі өкілі сияқты айғақтық қызмет атқарады. Мұсылмандар Құран аятын дауыстап оқығанда Құдайдың сөзі естіліп жатады. Мұсылмандар Құранды ұстағанда, Құдайдың сипытмен әсерлеседі. Алғашқы христиандар да Адам бейнесіндегі Иса туралы, шамамен осылайша ой толғады:

«Әлем басталғалы

Біз құлақпен естіп,

Көзбен көрген,

Қолмен ұстап,

Сипалап сезген бар нәрсе,

Ол – сөзден шыққан тіршілік,

Біз осы ақиқатқа куәлік етіп, оны жеткіземіз!».

Сөз сипатты Исаның (Логос, Құдайдың кәламі) мәртебесін дәл анықтау христиандарды сергелдеңге салды. Мұсылмандар арасында да Құранның сипатына қатысты дәл осындай пікірталас күшейген еді. Расында, араб тілінде жазылған бұл кітап қай мағынада, Құдайдың Сөзі саналады? Құранды мұндай деңгейде әспеттеу – көптеген мұсылманға бейне бір дінбұзарлықтай көрінді. Осы арада еске сала кетейік, кезінде христиандарды да Иса – Логостың жердегі инкарнациясы деген ойлар әбден мезі қылған еді. Иса кәлимолланың шынайы жағдайы христиандарды барынша толғандырды. Қазір мұсылмандар Құранның құрылымын талдай бастады: арабша мәтін қандай мәнде Құдайдың шын Сөзі бола алады? Кей мұсылмандар Құранға берілген осы сипатты – христиандардың Исаның тірілген Сөз деген көзқарасына қарсы болу сияқты – сандырақ деп қабылдады.  (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 130 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: