16:06
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Мұсылмандық жыл санау – Мұхаммедтің туған күнімен де, алғашқы уахи алған күнмен де басталмайды (жалпы алғанда, мұнда жаңалық боларлықтай ештеңе жоқ еді), хижра жылынан, Мәдинаға қоныс аударып, мұсылмандар иләһи қалауды өмірлеріне өзек етіп, сенімдерін қуатты саяси күшке айналдырған кезбен бастайды. Бұған дейін көзіміз жеткендей, Құран бойынша барлық мұсылмандар әділдік пен теңдік үстемдік ететін қоғам құрулары тиіс және мұсылмандар саяси міндеттеріне өте жауапкершілікпен қарады. Бастапқыда Мұхаммел саяси көсем болуды ойламайтын, бірақ алдын ала болжап білу мүмкін емес бұдан кейінгі оқиғалар Пайғамбарды арабтардың жаңаша саяси проблемаларын шешуге итермеледі. Хижра мен Мұхаммедтің өлімінің (632 ж.) арасындағы он жыл барысында, үмбетті жер бетінен жойып жібергісі келетін меккелік құрайыштар және мәдиналық дұшпандарымен мұсылмандар табандылықпен күресті. Батыста көбінесе Мұхаммедті қарсы шыққан халыққа күшпен исламды қабылдатқан қолбасшы бейнесінде қабылдайды. Ал, шындығында, барлығы керісінше болды: Пайғамбар өз өмірі үшін күресті, Құранда тіпті христиандықтың өлшемдеріне сай әділ соғыстың теологиясын дамыта алды және ешқашан дінін күшпен қабылдауға мәжбүрлеген емес. құран осы ойды анық жеткізеді. «(Пенде баласын) дінге мәжбүрлеп кіргізуге рұқсат жоқ». Сонымен қатар Құдай сөзі ұрыс-керіс пен жанжалға қарсы жеккөрінішті сіңіреді және әділ соғыс деп тек қана өзін-өзі қорғауды айтады. Кейде адамарға шынымен игі іс үшін күресуге тура келеді. Мысалы, христиандар бірауыздан Гитлерге қарсылық көрсетті. Қалай болғанда да, Мұхаммед өте үздік саяси талант иесі еді. Өмірінің соңында араб тайпаларының көп бөлігі үмбетке қосылып үлгерді, алайда Мұхаммедтің өзі айқын білгеніндей, олардың «мойынсұнуы» (тслам) кейде жасанды, кейде саяз болды. 630 жылы Мұхаммедке Меккенің қақпалары да ашылды, пайғамбарға қан төгіссіз туған қаласын қол астына қарату нәсіп болды. Өлерінен аз уақыт бұрын, 632 жылы Мұхаммед «қоштасу қажылығын» атқарды, бұл арабтардың пұтқа табынушылық қажылығының мәнін өзгертіп, исламның бес парызының біріне айналдырған қажылық болды.

Содан бері әрбір мұсылман – егер бұған кедергі болатын жағдайлар болмаса – ғұмырында кемі бір рет қажылық жасауы тиіс. Әрине, қажылар ең әуелі Мұхаммедке құрмет көрсетеді, бірақ, шынтуайтында, қажылық санада Пайғамбардан гөрі Ибраһим, Исмаил және Ажарды жаңғыртады. Сырттай бақылаушыға қажылық бір қазақ рәсім секілді көрінуі мүмкін. Әдеттегідей, жатжерліктер үшін бөтен елдегі әлеуметтік және діни дәстүрлер қызық болып көріне береді. Дегенмен, қажылық көбінесе діни тәжірибенің ерекше толқынысын туғызады, сондықтан да ислам руханиятының әлеуметтік және жеке тұлғалық шегін айқын көрсетеді. Қазіргі кезде белгілі уақытта Меккеге қажылыққа келгендердің арасында тек арабтар емес, барлық ұлттан мұсылмандар бар, осылайша басқа жұрттың адамдары да ежелгі арабтық ғұрыпты орындауға мүмкіндік алды. Қажылардың бәрі дәстүрлі киімге оранып, нәсілдік және таптық айырмашылықтан ада күйе Қағбаға жақындап, әрбір мұсылман уақытша болса да, күйбең тіршіліктің қамытынан босайды. Олар эгоистік құмарлықтан арылып, бір ғана нәрсені назарға алып, бір бағытта қозғалатын үлкен қауымның ішіне сіңіп кетеді. Олар Қағбаға тәуап етпестен бұрын «Я, Раббым, құлдық ұрып, қызметіңе келіп тұрмын» деп бәрі қосыла дауыстайды. Бұл рәсімнің терең сырын өте ғажап түрде бақилық болған ирандық философ Әли Шариати былайша жеткізеді:

«Қағбаға жақындап, оны айнала тәуап ете бастағанда, өзіңді ұшы-қиыры жоқ өзенге құйылып аға жөнелген бұлақтай сезінесің. Бейне бір аяғың жерден көтеріліп, сені толқын алып бара жатқандай болады. Қуатты ағыстың сүйреуімен заулай жөнелесің. Қағбаға жақындай түскен сайын, сені жан-жағыңнан сіресе қалған топ қыса түседі, ал сен болсаң, осы сәтте қайта туасың. Енді сен – Халықтың бөлшегісің, сен – тірі және мәңгі жасайтын адамсың... Қағба – ғаламның шырағы, осы жарқыраған нұр сені өз орбитасына тарта түседі. Сен осы жаппай қозғалыстың бір бөлшегіне айналасың және өзіңді ұмытқан күйі Құдайдың дәл қасында айналып жүресің. Сен көп өтпей еріп кететін түйіршекке айналасың. Міне, осы – шынайы махаббаттың ең биік шыңы!».

Яһудилер мен христиандар қауымдастықтың рухани маңыздылығын талай рет ескерткен еді. Сол сияқты қажылық та, әр мұсылманға ортасында Құдай тұр деп саналатын қалың үмбетпен сіңісіп араласуға мүмкіндік береді. Басқа да діндердегі сияқты қажылықтың басты мұраты – тыныштық пен үндестік. Зияратшыға киелі мекеннің шекарасын бір қадам аттап өтсе жетіп жатыр. Сол сәттен бастап, кез келген зорлық ауыр күнә саналады. Киелі мекенде қажыларға дөрекі сөйлеуге болмайды. Тіпті жәндік өлтіруге тыйым салынады. 1987 жылы ислам әлемін түгел шарпыған дүрбелеңді осымен ғана түсіндіруге болады. Ол кезде ирандық қажылардың кінәсінен тәртіпсіздік бұрт етіп, артынша 402 адам опат болып, 649 кісі жарақат алған еді.  (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 123 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: