13:32
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Уақыт өте келе аш-шахада – Исламның влғашқы шарты, мұсылмандық иманның символы болды: «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – оның елшісі». Бұл тек қана Алланың бар екенін мақұлдау ғана емес, сонымен қатар Алланы жалғыз шынайы Ақиқат деп мойындау. Бір ғана шынайы Ақиқат – Ол, сұлулық пен кемелдік Оған тән. Ғаламдағы бұл қасиеттерге белгілі бір өлшемде ие болған тіршілік иелері мен болмыс атаулы жалғыз шынайы Ақиқатқа жақындаған кезде ғана бұл қасиеттерге ие бола алады. Шахада мұсылмандардың Құдайды мұрат қылып, тіршілігінің негізі ретінде тануларын талап етеді. Құдайдың бірлігі туралы сөз, тек қана бәнат ал-Лаһ секілді құдайларға табынуды тыю дегенді, формалды түрде сандық анықтауышты білдірмейді, оның орнына мұны адам мен қоғам тіршілігін қозғаушы жалғыз қуатқа айналдыруға шақырады. Құдайдың бірлігін шынайы тұтастыққа ие кез келген тұлғадан көруге болады. Бірақ бірлік идеясы мұсылмандардан басқа да қауымдардың діни талпыныстарын құрметтеуді талап етті. Құдай жалғыз, оның жалғыздығына сену – кез келген ақиқат діннің басты сипаты. Жалғыз жоғары Ақиқатқа сенудің сыртқы көріністері әртүрлі мәдени дәстүрлер арқылы айқындалуы да мүмкін және әр топырақта өзіне тән сипатта өзін көрсете береді, алайда ақиқат діннің негізінде, арабтар ежелден Алла деп келген Ол болуы тиіс. Алланың «көркем есімдерінің» бірі – ән-Нур, «Нұр». Құрандағы мына бір белгілі аятта Құдай – барша білім мен Трансценденттінің көріністерін қамтып қалуға септесетін мүмкіндік атаулының қайнар көзі:

«Алла – ғарыштар мен жерді түгел қамтыған нұр (Иесі). Алланың (мүміннің жүрегіне салған иман) нұры – майшам орнатылған шырағдан дерсің. Бірақ оны Шығыстан да, Батыстан да іздеме, таппайсың. Ол шам от темесе де, жана беретін киелі зәйтүн ағашының майымен жанады. Май шамның әйнегі інжу-маржандай жарқыраған жарық жұлдызға да ұқсайды. Бара-бара жарқырап, нұры биікке көтеріле беретін (мүміннің жүрегіндегі иман нұрының теңеуі) – осы секілді...».

«-ка» жалғауы Құрандағы Құдай жайлы баяндаудың символикалық сипатын танытады. ән-Нур Құдайдың өзі емес. ол сол Нұрмен Өзінің сөзін (шырақ) толтырады, кейін онымен адам жүрегін (нұрдың ұясын) жарқыратады. Нұрды толықтай шырағданға да, шишаға да, шырағдан майына да телу мүмкін емес. тәпсіршілердің айтуынша, исламның алғашқы кезеңдерінен бастап, Нұр – уақыт пен кеңістіктен тыс иләһи Ақиқатты сипаттаудың ең сәтті символдарының бірі. Бұл аяттардағы зәйтүн ағашы бір «түптен» шығады да, кейін әртүрлі діни тәжірибеге сай тармақталып кете береді. Осылайша, шынайы уахи белгілі бір мәдениетпен немесе жергілікті аймақпен шектелмей, салаланып тарай береді: ол – Батыста да емес, Шығыста да емес.

Христиан Барака ибн Нәуфал, Мұхаммедті «шынайы пайғамбар» деп мойындады, бірақ исламды қабылдау оның ойына кіріп-шықпады, Мұхаммед те мұны ойға алған жоқ. Пайғамбар ешқашан яһудилер мен христиандарды Алланың дініне шақырған жоқ (әрине, бұған тыйым жоқ еді), өйткені оларға өздерінің төл уахиы жеткен еді. Құран өткен пайғамбарлардың үгіті мен көрегендігін жоққа шығармайды, керісінше, Құранда әрдайым адамзатқа ортақ діни тәжірибенің сабақтастығы еске алынады. Мұның астын сызып көрсету керек, өйткені бүгінде батыстықтардың көпшілігі исламдағы атрибуттарға кейпейілдік таныта алмайды. Ал мұсылмандар о бастан яһудилер мен христиандарға қарағанда, ешқашан өз уахиларын жалғыз ақиқат деп танытпаған болатын. қазіргі кездегі исламды жазғыруға себеп болып жатқан төзімсіздіктері – бір Құдайға деген бәсекелестіктен туып жатқан жоқ, көбінесе басқа себептерге байланысты. Мейлі кім болсын, қуатты Батыс елдері немесе араб билеушілері болсын, егер әділетсіздікке жол берсе, (мысалы, Иран шахы Мохаммед Риза Пехлеви секілді) мұсылмандар әділетсіздікке төзе алмайды. Құран ешқандай да басқа діни көзқарастарды жалған немесе жетілмеген деп айтпайды, әрбір пайғамбар керісінше өзінің алдындағының мұрасын мақұлдап, дамытады. Құранда Құдайдың жердегі барша халыққа елші жібергені айтылады. Ислам дәстүрі бойынша, мұндай елшілердің саны – 124 мыңдай, бұл символикалық сан, есепсіз көптікті білдіреді. Осылайша, Құран оның үндеуі жаңалық емес екенін, мұсылмандар екіжүзділікке салынбастан, өз сенімдерінің ежелгі діндермен жақындығын мойындаулары керек екенін үнемі қайталап отырады:

«Егерде сендер кітап түскендердің өкілдерімен пікірталасқа түсе қалсаңдар, сыпайы түрде сөйлесіп, (ойларыңды дәлелді түрде жеткізіңдер!) Олардың арасындағы әпербақандарымен сөз қысқа. Оларға былай деп айтқын, (Уа, Мұхаммед): «Бәріміз де (Алла тарапынан) бізге түсірілгенге және сендерге түсірілгенге иман келтіріп сендік. Біздің Құдайымыз да, сендердің Құдайларың да – бір (Алла). Біз Соған ғана құлдық ұрып, бас иеміз».  (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 133 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: