13:32
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Шайтан аяттары оқиғасы болды деген күннің өзінде, мұхаммедтің көпқұдайлықпен келісімге келуі мүмкін емес еді: «Шайтанның рөлін туралы айтқанда, оның қандай да бір сәтте Құранға нұқсан келтіргені жайлы ой қозғау дұрыс емес. исламда шайтан христиандықпен салыстырғанда барынша тізгінге көнетін персонаж. Құран бізге Қиямет күнінде оның да кешірілетініне қатысты ишара жасйды. Арабтар «шайтан» сөзін – бір адамның мінезіне ұқсату үшін немесе табиғи қалпынан айныған кісіні сипаттау үшін жиі қолданады». Бұл оқиға Мұхаммедтің тіл жетпейтін иләһи хабарды сөзбен баяндауға тырысқан кезде бастан өткізген машақатын да көрсетуі мүмкін. Осы жағдай Құрандағы бірнеше пайғамбардың иләһи үндеуді түсіндіруге тырысқан кезде «шайтани» елес көргендерін және Құдайдың үнемі олардың ағаттықтарын түзетіп, жаңа және үстем уахилар жібергенін сипаттау кезінде болуы ықтимал. Бұл мәселеге басқа бейтарап әрі секуляр қырынан келсек, Мұхаммедтің бүкіл өнер шеберлері секілді жаңа терең мәнді идеялар келген сайын өз туындысын назардан қайта өткеріп, жетілдіріп отырғанындай болуы мүмкін. Мұхаммедтің пұтқа табыну мәселесінде құрайышпен бітімге келуден үзілді-кесілді бас тартқаны туралы деректер жетерлік. Прагматик болғандықтан, аса қатты маңызды емес деп тапқан мәселеде келісімге келуі мүмкін еді. Бірақ құрайыш оған «көп Құдайдың бірін ең ұлық деп санап, Мұхаммед пен мұсылмандар Аллаға табына берсін», бірақ бізге байырғы Құдайларымызға табынуға рұқсат етсін деген талаппен келгенде, Мұхаммед бірден бұл ұсыныстан бас тартты. Құранда бұл туралы былай делінген: Сендердің табынған пұттарына мен еш уақытта табынбаймын... Өз сенім-нанымдарына өздерің (жауаптасыңдар). Ал өз дінім үшін (Құдайдың алдында) өзім жауап беремін. Мұсылмандар тек жалғыз Құдайға бойсұнып, құрайыштар қатты байланып қалған «Құдайлар» мен байлық секілді жалған табыну объектілерінің азғыруына берілмеулері керек.

Адамгершіліктің негізі ретінде Құранда Құдайды ешбір жаратылысқа ұқсатпау керектігі көрсетілген. Материалдық байлық пен төмен мақұлықтарға арқа сүйеп, берілу – ширк. Пұтқа табыну – исламдағы ең ауыр күнә. Пұтқа табынушылық құдайларына деген жиіркеніш дәл ежелгі яһуди жазбаларындағыдай негізделген, яғни басқа құдайлар – еш пайдасыз. Олар адамдарды ас-ауқатпен қамтамасыз ете алмайды. Мұндай әлсіздік – «оларға өміріңді арнаудың ешқандай мәні жоқ» дегенді білдіреді. Мұсылман тек жалғыз ақиқат – Алла екенін түсінуі керек:

«(Оларға) былай деп айтқын, (Уа, Мұхаммед): «Алла – Жалғыз, Дара!» (Әлденеге деген) мұқтаждық Аллада жоқ. Ол тумаған да туылмаған. Оған тең келер еш нәрсе жоқ».

Афанасий сияқты, христиандар да бір Жаратушының, болмыстың қайнарының құтқарушы құдіретке ие екенін тілге тиек еткен. Бұл көзқарастарын Үштік Құдай және Тірілу туралы насихаттарында да баяндаған. Құран семиттік иләһи таухидқа негізделеді және «Құдайдың перзенті бар» деген көзқарасты жоққа шығарады. Жер мен көкті жаратқан Алладан басқа Құдай жоқ және тек Ол ғана адамды құтқарып, оған рухани және материалдық ризығын беріп тұрады. Тек Оның әс-самад «бүтін жаратылыстың себепсіз Себебі» екеніне сену арқылы, мұсылмандар заман мен кеңістіктен тыс ақиқатқа үн қоса алады. Мұхаммед тауһидтің рушылдық сананың дұшпаны екенін білетін еді. Бүкіл құлшылыққа лайықты бір Құдайы жеке адаммен қатар, қоғамның да ынтымақ пен бірлікте өмір сүруіне жол ашады.

Алайда Құдай туралы қарабайыр ұғым жоқ. Бұл – біз танып, түсіне қоятын болмысқа ұқсамайтын жалғыз Құдай. Мұсылмандарды салатқа (яғни бес уақыт намазға) шақыратын аллаһу Әкбар (Алла Ұлық) тәкбірі Құдай мен бүкіл басқа болмыстың, сондай-ақ Құдайдың Өзі (әл-дхат) мен біздің Ол туралы айта алатын нәрселердің арасын ажыратады. Сонымен қатар Ол туралы айтқан сөздеріміз бен оның Өзі (әз-Зат) арасындағы нәрселерді айыруға мәжбүрлейді. Бірақ осы ақылға сыймайтын және қол жетпейтін Құдай Өзінің танылуын қалаған. Ескі дәстүрге қарағанда (хадис), Құдай Мұхаммедке: «Мен жасырын бір қазына едім және танылған келді. Мені танысын деп, дүниені жараттым» деген. Табиғаттың нышандары (аят) мен Құран аяттары төңірегінде ой толғап, мұсылмандар Құранда Құдайдың Жүзі (уәжбуллаһ) деп келетін иләһи әлемнің дүниеге арналған сипаты жайында пікір қозғай алады. Алдыңғы екі діндегі сияқты ислам да, Құдайды тек іс-әрекеті арқылы біле алатынымызды меңзейді. Құдай осылайша өзінің тіл жетпес болмысын адамдардың шектеулі түсінігіне сай ұсынады. Құран мұсылмандарды жан-жағынан қаусырған Құдайдың жүзі мен болмысын тану үшін қажетті сана-сезімге қол жеткізулерін (тақуа) қалайды: «... Жүздеріңді қай тарапқа бұрсаңдар да, сол тараптан Алланы табасыңдар...». Христиан дініндегі Әке түсінігі сияқты, Құран да Құдайды Шексіз құбылыс деп сипаттайды, шынайы болмыс тек Оған ғана тән: Жер бетіндегі жан иелерінің барлығы жойылып, ғайып болады. Ұлылық пен шексіз дарқандық иесі – Алла ғана мәңгі қалады. Құранда Құдайдың тоқсан тоғыз аты немесе сипаты айтылған. Бұл есімдер Оның ұлықтығын, жер-жаһандағы бүкіл жаратылыстың бастауы екеніне мән береді. Осылайша, әлем тек Ол әл-Ғани (бай және шексіз) болғаны үшін бар, Ол тіршілікке жан берді (әл-Мубии), Ол барлық нәрсені біледі (әл-Алим), Ол сөзді жаратқан (әл-Калима). Сондықтан Онсыз тіршілік, білім мен сөздің болуы мүмкін емес. бұл – бір Құдайдың шынайы болмысы және құдіретінің айқын көрінісі. Бірақ иләһи есімдер кейде бір-бірінің күшін жояды. Мәселен, Құдай әрі әл-Қаһар үстем және дұшпандарына қаһар қылады, әрі әл-Халим соңына дейін сабыр, шыдам көрсетеді. Ол әрі әл-Қабиз сығады, қысады, әрі әл-Басит ашады, кеңейеді. Әл-Хафыз төмендетеді және әр-Рафи жоғарылатады. Құдайдың есімдері мұсылман иманында маңызды орынға ие: оларды жатқа айтады, тәспімен зікір етеді және сонымен дұға қылады. Бұлардың бәрі мұсылмандарға Құдайдың адами категорияларға кірмейтінін және қарапайым танымдар аясына сыймайтынын аңғартады.  (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 123 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: