16:02
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Ескі яһудилердің лғашқы діни сенімдерін тастап, бірқұдайлықты қабылдау үрдісінің жеті жүз жылға созылғанын білеміз. Алайда Мұхаммед қысқа ғана мерзімде, яғни жиырма үш жылдың ішінде арабтардың өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді. Мұхаммедтің шайыр әрі пайғамбар ретіндегі еңбегі, ал Құранның мәтін және иләһи тарту түріндегі сипаты – дін мен өнер арасындағы терең байланысқа керемет мысал бола алады.

Уахи түскен алғашқы жылдары, мұхаммед көбінесе діндес бауырларын жастар арасынан тапты. Меккенің капиталистік өмір салты уақыт өткен сайын олардың көңілдеріне кірбің түсіре берді. Әйелдер, құлдар мен ең әлсіз тайпа мүшелері сияқты айрықша мәртебесі жоқ және бейтарап топтар да пайғамбардың жақтастарына айналды. Бізге жеткен көне деректерге қарағанда, Мекке жаппай Мұхаммедке жаңа түскен Алланың дінін қабылдауға дайын жағдайда болды. Бұл жағдайға, жаңа дінге бай-бағландар дұшпандықпен қарады. Бірақ құрайыштар Мұхаммед пұттарға табынуға тыйым салғанға дейін оған ашық түрде қарсы шықпаған еді. Уахидың алғашқы үш жылында Мұхаммедтің бірқұдайлық түсінікті аса қатты насихаттамағаны және адамдардың әдетегідей, Ұлық Құдай – Алламен бірге, арабтардың басқа көне құдайларына табына береміз деп ойлағаны  белгілі. Алайда пайғамбар ескі құдайлар мен пұттар жайлы үкімін естірткен кезде бір түнде бірнеше ізбасары оны тастап кетті. Мұсылмандар қорлық пен азапқа ұшыраған аз ғана кісінің тобына айналды.  Осыдан таухид сенімінің сананың ауыр өзгерісін қажет ететінін көреміз. Алғашқы христиандар сияқты алғашқы мұсылмандарға да қоғамға терең қауіп төндіретін «атеистер» деген айып тағылды. Меккеде қала өркениеті енді-енді аяққа тұра бастаған еді. Сондықтан менмен және өзімшіл құрайыштар оны тез жойылатын жетістікке балады. Рим тұрғындарының христиан қанын талап еткені сияқты, көпшіліктің сондай қорқыныш пен үрейді сезінуі мүмкін еді. Күллі құрайыш тайпасының аталарынан қалған құдайларынан айырылып қаламыз деп, қобалжығанын байқаймыз. Көп кешікпей Мұхаммедтің өз өміріне де қауіп төнді. Батыс ғалымдары құрайыштың осы айырылысар сәтке келуін, Салман Рушдиден кейін жаман аты жайылған әрі түгелдей жалған Шайтан Аяттары оқиғасымен байланыстырады. Үш араб Құдайы Хижаз арабтары үшін өте маңызды еді. Олар: әл-Лат (жай ғана «Құдай» дегенді білдіреді), әл-Узза (Күшті) және Манат (тағдырды жазған) еді. Сәйкесінше, Меккенің оңтүстік-шығысындағы Тайф пен Нахлада және Қызыл теңіз жағасындағы Худайда мекенінде оларға арнайы ғибадатханалар тұрғызылған. Бұл құдайлар Юнон немесе Афина Паллада сияқты бастан-аяқ адамдық сипатпен көмкерілмеген еді. Оларды, негізінен, Құдайдың қыздары деген мағынада – банат ул-Лаһ деп атайтын. Бірақ бұл толысқан бір пантеонның болғанын білдірмейтін. Арабтар дерексіз ұғымдарды түсіндіру үшін, осындай туыстық терминдерді қолданатын. Осылайша, банат әл-дәһр (тік.ауд.: «тағдырдың қыздары») сөзі де сәтсіздік пен өзгерісті білдіретін. Банат ул-Лаһ ұғымы да тек «иләһи болмыстар» деген мағынада қолданылуы мүмкін. Ғибадатханаларда бұл құдайлар бет-бейнесі бар мүсін түрінде емес, алып тастар кейпінде көрініс тапты. Көне Кенған тұрғындары да құдайларын осылай таспен бәдіздейтін, бірақ иләһи күштің иесі деп танитын. Меккедегі Қағба сияқты Тайф, Нахла мен Худайда да арабтардың ішкі дүниесінде маңызды рухани орталыұ ретінде сақталған еді. Есте жоқ ескі дәуірден бері осыларға табынып, көңілдері жай табатын.

Шайтан аяттары хикаясы не Құранда, не қандай да бір ауызекі, не болмаса жазба деректе кездеспейді. Пайғамбар туралы ең сенімді ғұмырнамалық дерек ретінде танылған идн Исхақтың «Сиярында» да жоқ. Тек оныншы ғасырда өмір сүрген тарихшы Әбу Жафер әт-Табаридің (923 жылы қайтыс болған) шығармасында ғана аз-кем айтылады. Онда пұттарды жоққа шығарғаннан кейін, тайпасының өзінен суып кеткені Мұхаммедке ауыр тиген және шайтаннан илһам алып, періштелер сияқты үш Құдайға да шапағатшы ретінде, құрмет көрсетуге рұқсат ететін кейбір жалған аяттар айтқан дейді. «Шайтан» аяттарына сәйкес, үш «Құдай» Алламен тең емес, Алла мен адамдар арасында дәнекер бола алатын ұсақ рухани болмыстар ғана. Кейін Жәбірейіл періште пайғамбарға бұл аяттардың шайтаннан келгенін, оның орнына Бәнат ул-Лаһ, яғни үш Құдайдың елес пен алдамшы қиял екенін сипаттайтын мына аяттарды қоюы қажет екенін жеткізген:

«(Шындарыңды айтыңдаршы, өздерің сиынатын) Лат пен Уззаны және Манаттарыңды (Мұхаммед секілді, осылай) өз көздеріңмен көрдіңдер ме? ... (Сендер табынған пұттардың) барлығы да – өздеріңнің және ата-бабаларыңның ойдан шығарып, өздерің ат қойып әспеттеп алғандарың. Ондай (жалған Құдайларға) қатысты Алла ешқандай да дәлел түсірген жоқ. (Пұттарға табыну арқылы) өздеріңнің жалған долбарларына еріп, қарапайым қажеттіліктеріңнің жетегіне жегілдіңдер. Жаратқан Иелеріңнен сендерді тура жолға бастайтын нұсқаушы келіп еді ғой».

Құранның ежелгі пұттарға қатысты айтқан үкімдерінің ішіндегі ең қатаңы осы болатын. бұл аяттар Құранға енгізілгеннен кейін, құрайышпен бітімге келуге еш мүмкіндік қалмады. Осы сәттен кейін Мұхаммед елді табанды түрде таухидке үндеді және ширк (пұтқа табынушылық, тілдік мәнінде Аллаға серік қосу) Исламда ең үлкен күнәға айналды. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 121 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: