11:23
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Мұсылмандар тура жолмен Құранға жақындау арқылы ғайып әлемге самғау сезімін бастан кешіретіндерін алға тартады, өткінші дүниенің көзге көрінетін және алдамшы пердесі түріліп, арғы жағындағы түпкі шындық пен күш сезіле түседі. Сол себептен Құран оқу – рухани тәртіппен жүретін іс және оның христиандардың түсінуі қиынға соғады. Өйткені яһудилер үшін – еврей тілі, үнділер үшін – санкрит, мұсылмандар үшін  араб тілі киелі саналса, олардың мұндай қасиет тұтар тілдері жоқ. Құдайдың сөзі – Исаға тиесілі және грекше Жаңа өсиет киелі саналған емес. дегенмен яһудилер үшін Тәураттың иәні Құранға ұқсас. Олар Киелі кітаптың алдыңғы бес кітабын оқығанда, тек жолма-жол көз жүгіртіп қана отырады. Көбінесе әр сөзді дауыстап жаттайды. Өйткені Құдай Мұсаға, Синай тауында Өзін көрсеткенде, осы сөздер арқылы тілдесті деп сенеді. Кейде Рух тыныстайтын жалын сияқты әрі-бері теңселіп отырады. Шындығын айтқанда, яһудилер Киелі кітаптарын оқыған кезде Pentateuch оқып, көп жерін шамадан тыс жалықтаратын және көмескі деп табатын христиандарға қарағанда, мүлдем өзгеше халге бөленеді.

Мұхаммедтің алғашқы жылнамашылары арабтардың Құрандытұңғыш естіген сәтте қандай ғажайып әсер мен таңданысқа бөленгендерін әрдайым әңгімеге өзек етеді. Біразы сол заматта бірден дінге кіріп кеткен, өйткені мұндай айрықша керемет сөздер Құдайдың тарапынан ғана айтылуы мүмкін деп ұйғарды. Дінге кіргендер көбінесе осы халді – қапаста бұйығып жатқан сезімдері иләһи лебізбен оянып, рақат дариясына шомылғандай етіп түсіндірді. Мұхаммедтің табанды қарсыласы, жас құрайыш Омар ибн әл-Хаттаб ескі дініне беріктігін қоймай, тіпті пайғамбарды өлімге қия салуға дайын тұрған жан болатын. бірақ христиандарда Тарсустық Саулдың Исаны көріп, дінге кіргені сияқты, Омар да Құранды естіген соң, исламды қабылдады. Осы оқиғаға қатысты екі түсіндірме бар. Оның қай-қайсысы да назар аударуға тұрарлық. Біріншісінде, Омар жасырын мұсылман болған қарындасын жаңа сүрені тыңдап отырған кезде ұстап алады. «Мынау не сандырақ?!» деп, ашуға булығып, үйге кіріп келеді және бейшара Фатиманы аяғынан шалып құлатады. Бірақ қарындасының денесінен тамшылаған қанды көріп, ұяттан өртенген жүзі өзгеріп сала береді. Үйден тұра қашқан қаридың асығыста түсіріп алған парақтарын қолына алады. Хат танитын құрайыштың бірі болғандықтан, оқи жөнеледі. Омар арабтың ауызша өлең дәстүріне өте жүйрік еді. Ақындар қызыл тілді қалай шебер сөйлетуі керектігі жөнінде одан ақыл-кеңес сұрайтын. Әйтсе де бұрын-соңды осы тәрізді мәтінді кезіктірмепті. Таңғалып тұрып, «мына сөздер қандай керемет, қандай ғажап еді» дейді және тап сол сәтте Алланың жаңа дініне құлдық ұрады. Көркем сөз оның санасынан жеккөрініш сезіі мен соқыр сенімін аластайды және зердесіне құйылады. Бір әсерлі өлең көңіл түкпірінің тұнығын толқындата щайқап жібергенде, бәріміз осындай күй кешетінім бар. Екінші бір хикая бойынша, Омар бір түні Қағбада жалғыз өзі Құран оқып отырған Мұхаммедке кез болады. Тыңдаған сайын елти түседі. Омар гранит текшеге жабылған қамқаның (жібек матаның) шетін бүркеніп, Пайғамбардың қарсы алдына дейін жақындап барғанын байқамайды. Пайғамбар: «Арамызда Қағбаның қисуасынан басқа еш нәрсе жоқ» деген кезде бүркенішін алып тастайды. Арабша сиқырлы әуезді түйсінеді де: «Құранды тыңдаған кезде жүрегім жұмсарды, егіліп жыладым. Ислам жүрегіме орнады» дейді. Құдайды «сыртқа» ақиқат деп қабылдайтын түсініктен арылтып, Онымен әр иман келтірген жанның санасын, жүрегі мен болмысын толтырған Құран еді.

Омар сияқты Құран арқылы дінге кірген басқа да мұсылмандардың оқиғаларын Джордж Стейнердің «Шынайы болмыстар: Сөзімізде бір нәрсе бар ма?» деген кітабындағы өнер халімен салыстыруға болатын шығар. Стейнер «шынайы сурет, әдебиет пен музыканың ақылға сыймайтын әсері» арқылы, «төл болмысымыздың шырқау шыңына жете алатынымызды» ұғындырады. Осы әсер бізді баурап, майдай ерітеді және «біздің қорғаншақ болмысымыздың ұсақ бөлшегіне» дейін еніп, «өміріңді өзгерт» деп әмір береді. Мұндай мәжілістен кейін үй-жай «бұрынғы қалпында қала алмайды». Омар сияқты мұсылмандардың осындай алай-түлей сезім дауылын бастан кешіруі, бір алапат күштің оларды ұйқыларынан оятып, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінен суырып алуы – түсінікті жайт. Исламға кіруден бас тартқан құрайыштар да, Құран оқылғанда мазасызданып, Оның өздері білетін барлық ұғымдардан жоғары тұратынын байқайтын. Бұл бір бақсы немесе бір жас ақынның шабытының жемісі емес. бір сиқыршының күбір-сыбырына да ұқсамайды. Исламға табан тіреп қарсы тұрған кейбір атақты құрайыштардың бір сүрені тыңдаған кезде өзгеше бір күйге енгені жайлы да хикаялар бар. Олар үшін Мұхаммед жаңа бір әдеби туынды жасап шығарған сияқты еді. Бұл шығарманы кейбіреулер әлі тыңдуға дайын емес болса, енді біреулерді әсерге бөленіп те үлгерді. Құранның осындай әсері болмаса, Исламның тамыр жаюы мүмкін емес те еді. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 129 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: