16:18
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Тәжірибелік тұрғыдан алғанда, ислам – мұсылмандар барлық адам тең болатын, әділетті қоғам құруға міндетті дегенді білдірді. Ол қоғамда тіпті кедейлер мен мүгедектерге де лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Құрандағы алғашқы этикалық үндеу өте қарапайым болды: байлықты жинап, тек қарақан бастың қамын күйттеу – жаман, жақындарымен бөлісіп, тұрақты түрде мал-мүлкінің белгілі бір бөлігін жоқ-жітікке беріп тұру – жақсы. Садақа беру (zakat) және намаз оқу (salat) – Исламның бес парызының (rukn) екеуін немесе тәжірибелік қағидаларын білдіреді. Яһуди жұртының пайғамбарлары секілді, Мұхаммед те Бір Құдайға құлшылық етудің нәтижесінде қазір біз социализм деп атауымызға болатын этикалық жүйені насихаттады. Құдайдың өзі жайында міндеттелген доктрина Құранда жоқ, керісінше, теологиялық спекуляцияларға үлкен күмәнмен қарап қана қоймай, оларды занн ешкім біле алмайтын заттар жайында дәлелсіз һәм жауапсыз болжам жасау деп, жоққа шығарады. Занның мысалы ретінде Қайта тірілу (Инкарнация) мен Үштік секілді христиан доктриналарын алуға болады. Мұсылмандардың бұл идеяларды күпірлік санаулары таңғаларлық емес. иудаизмдегі секілді, Исламда да Құдай, ең әуелі, моральдық императив ретінде қабылданған. Яһудилермен де, христиандармен де, олардың Киелі кітаптарымен де ешқандай байланысы болмаса да, Мұхаммед интуитивті түрде тарихи монотеизмнің нағыз мәніне бойлай алған.

Құранда Алла YHWH-тан гөрі тұлғалық сипаттарға азырақ ие. Інжіл Құдайы секілді зауық пен құмарлықтан ада. Құдай хақында тек қана табиғаттағы «белгілерден» бір нәрселер сезе аламыз, ол соншалықты биік, ол туралы тек «баян» арқылы айта аламыз. Осылайша, Құран үнемі мұсылмандарды қоршаған әлемді құдайлық көріністің (эпифания) орны ретінде тануға шақырады, олар күш-жігерлерін бөлек-бөлек дүние құбылыстары арқылы ақиқат болмыстың бар құдіретін, әрбір затта бар трансцендентті шындықты көре білуге арнаулары тиіс. Мұсылмандар өздерін сакралды немесе символдық ой-қабілетке тәрбиелеулері керек:

«ақиқатына келер болсақ, көк пен жердің жаратылысында, адамдарға пайдасы тиетін теңізде жүзген кемелерде, Алланың аспаннан жауын жауғызып, өлі жерді қайта тірілтуінде және оның бетіне барлық жануарларды таратуында, аспан мен жердің арасында (есіп) жүрген желді Өзіне бағындыруында, (Өзіне) бағынышты бұлттарды жүргізуінде саналы қауым үшін, белгілер бар».

Құран үнемі құдайлық «белгілер» мен «үндеулерді» жоруда ақылға басымдық береді. Мұсылмандар қисынға қатты беріліп, қиындатпаулары керек, оның орнына әлемге мұқият әрі таңданыспен қарауы тиіс. Кейінірек, дәл осы ұстаным – арабтарға жаратылыстану саласында керемет дәстүрді дамытуға мүмкіндік берді. Христиандықпен салыстырғанда олар бұдан ешқандай қауіп көрмейтін. Табиғатты зерделеу – әлемде Ол жайлы тек символ мен белгілер арқылы айтуға болатын трансцендентті өлшемнің бар екенін көрсетті. Тіпті пайғамбарлардың тарихы, ақырет күні мен жаннаттың ләззаты жайлы түсіндірмелер де тура мағынада қабыладанбауы тиіс, бұлар тым жоғары, сөзбен сипаттауға келмейтін ақиқаттың «баяны» ретінде ұғынылуы тиіс.

Бірақ әр нәрсе туралы ең ғажап ишара, әрине, Құранның өзі болды. Яғни Құранның сөйлемдері аят деп аталады. Батыс Құранды түсінуде қиындыққа тап болды. Бұл, негізінен, аударма мәселесінен туындайды. Араб тілі тәржімаға қиын тіл, қарапайым әдебиет пен саясатшылардың күнделікті сөздері де, мәселен, ағылшын тіліне аударылғанда, барынша көркем әрі жат көрінеді. Ал Құранға келгенде бұл жағдай екі есе қиындай түседі. Өйткені Құран барынша терең және ишаралы, қысқа да нұсқа, аз сөзбен көп мағына береді. Әсіресе алғашқы сүрелер – бір тылсым лебіз, адам тілін бұзып, бөлшектеп тастаған сияқты әсер қалдырады. Мұсылмандар Құранның тәржімасын оқыған кезде басқа бір кітап оқып отырғандай күй кешетінін, себебі араб тілінің әдеттегі мәнінен жұрнақ та қалмайтынын сөз қылады. Атының өзі айтып тұрғандай, Құран ашық әуезбен оқу үшін түсірілген, бұл – дауыс мәнері адамға әсер ету үшін өте маңызды. Мұсылмандар мешітте Құран оқылып жатқанын естігенде, Хира тауында Жәбірейіл періштенің мұхаммедті құшақтағаны сияқты немесе қайда көз салса да, оны көргені сияқты, әуездің иләһи күшінің баурап алатынын сезінгенін айтады. Құран тек қана білім алу үшін оқылатын кітап емес. оны адамдар иләһи сезімнің дәмін тату үшін оқиды. Ол асығыс оқыла салатын кітап емес:

«Осылайша, Біз пенделеріміз (Құдайдың) қаһарынан қорқып, күнәға бармауы үшін және осы берген іліміміз ұғынықтырақ болуы үшін Құранды араб тілінде (барша адамзатқа) ескерту ретінде түсіріп, егжей-тегжейлі баяндап, жүйелі түрде түсіндірдік. Шынайы түрде билік жүргізуші Алла Ұлық.

(Уа, Мұхаммед!) Саған жіберілген уахиы аяқталып бітпей тұрып, Құранды оқуға асығыстық жасама. «О, Құдайым, мендегі білімді толықтыра гөр!» деп (Аллаға жалбарын)».(жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 161 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: