10:29
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Ең қиыны сол, арабтар осы сенімдерінің қандай қиын зардапқа апарып соқтырарын тереңнен толған түсінбейтін. Құдай, алғашқы уахидың дәлелдегеніндей, олардың әрқайсысын бір тамшы ұрықтан жаратты, олар ішіп-жеу үшін Құдайға мұқтаж еді. Бірақ олар адам сенгісіз тәкаппарлықтан (иатқа) өздерін әлемнің тұтқасы санайтын және өздеріне тоқмейілділікпен (истақа) қарайтын; бұл берекесіз істері үлгілі араб қоғамының мүшелеріне үйлесімді емес сипатта еді.

Сондықтан Құранның алғашқы бөлімдері табанды түрде құрайыштарды барлық жерде көрініс табатын Құдайдың мейірімін сезунег шақырады, олар өздерін қоршаған күллі нәрсеге мұқият қараса, Оған қаншалықты қарыздар екендерін ұғып, соңғы кездері жеткен жетістіктерінің болмашы ғана екенін түсінер еді, әрі әлемнің тәртібінде Жаратушыға толықтай мұқтаж екендерін ұғынар еді:

«Адамға өлім келсін! Оның күпірлігі не деген сұмдық еді!

Оны (Алла) неден жаратты?

Бір тамшы ұрықтан жаратты және оған жан-жақты жетілдірілген дене-мүшелерін берді. Содан кейін оның жер бетіндегі өмір жолын жеңілдетті. Содан соң оны өлім қалпына түсіріп, қабірге кіргізеді. Кейін қалаған кезінде  оны қайта тірілтеді.

Соған қармай, (Алланың) жарлықтарынан бас тартады. Адам баласы қандай тағамдармен қоректеніп отырғанына назар салмай ма? Соларды өндіру үшін, Біз мол етіп жауын жауғызамыз. Одан соң жыртылып тырмаланған жерге, дәнді дақылдарды, жүзім мен көкөністі, зәйтүн мен құрма ағаштарын, мол етіп бау-бақшаларды, жемістер мен жем-шөптерді өздеріңе және малдарыңа қорек болсын деп өсірдік».

Осылайша, мәселе Құдайдың барлығына тіреліп тұрған жоқ. Құранда кәпір (кафир би нимәт Аллаһ) деп, бізге әдеттегідей таныс мағынадағы Құдайдың бар екенін тіпті сенбейтін атеситерді атамайды, оның орнына Аллаға ризашылықты сезінбейтін, Оның алдындағы міндеттерін түсінсе де, терең құрмет көрсетпей, қынырлық танытып, нығметтеріне шүкіршілік етпейтіндерді нұсқайды.

Құран құрайыштарға жаңа бір нәрсе үйреткен жоқ. Керісінше, қайта-қайта астын сызып тұрып, мұның бұрыннан белгіліні «еске салу» ғана екенін, тек бұл ақиқаттар айқынырақ түсіндіріліп жатқанын айтады. Құран шумақтары көбінесе мынадай сөз саптаулармен басталады: «Көрмедіңдер ме...» немесе «Білмеуші ме едіңдер...». Құдай сөзі жоғарыдан қалауына сай жарлық түсірмейді, құрайыштармен сұхбат құрады. Мысалы, оларға Алланың үйі – Қағбаның, жалпы алғанда, олардың жетістіктерінің өлшемі екенін және бұл нығметтер үшін, шынында да, бір Құдайдың құдіретіне мұқтаж екендерін еске салады. Құрайыштар қасиетті жерді айнала тәуап жасағанды жақсы көретін. Бірақ материалдық молшылықтарының басты себебін, өз еңбектерінің нәтижесі деп білуші еді. Яғни ескі құлшылық рәсімдерінің бастапқы мәнін ұмытып кете беретін. Табиғаттағы заттардың ақиқатынан құдайлық мейірім мен құдіреттің белгілерін (ayat) тани білудің уақыты келген еді. Егер құрайыштар Құдайлық мейірімді қауым арасында қайтадан жаңғырта алмаса, заттардың ақиқатымен байланысты үзіп алу қаупіне душар болады. Осыған байланысты Мұхаммед ізіне ергендерге күніне екі рет иіліп құлшылық (салат-намаз) қылуды тапсырды. Бұл әрекеттер мұсылмандарда рухани бойсұнушылықты тәрбиелеп, өмірлеріндегі жалпы бағытты өзгертуі тиіс еді. Уақыт өте келе Мұхаммедтің діні ислам деп аталды. Яғни ізбасарларының әрқайсысынан Аллаға шынайы берілу талап етілетін. Шын мұсылман – өз өмірін тұтасымен Жаратушыға арнаған жан. Алғашқы мұсылмандардың құлшылық қылғанын (salat) көргенде, меккелікте шоши бастады: олардың пікірінше, құл сияқты иіліп, жерге сәждеге жығылу паң мінезді бәдәуи, еркіндігі мен сан ғасыр жалғасқан тарихы бар құрайыш секілді тәкаппар рудың өкілдеріне оғаш іс саналатын. Осыған байланысты алғашқы мұсылмандарға құлшылықты қалаға жақын маңдағы таудың сай-саласында тығылып орындауға тура келді. Құрайыштардың реакциясы – Мұхаммед олардың рухани әлеміндегі басты ақауды айна-қатесіз анықтай алғанын көрсетті. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 160 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: