21:46
Құдайтану баяны

ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ

Әдетте Мұхамед өзгеше трансқа түсетін, кейде тіпті есінен танып қалатын кездері де болатын. Тіпті салқан күндері одан шелектеп тер шығатын; кейде ауыр қайғы еңсесін басқандай, денесі ауырлап, басын тізесіне салбыратып отыратын, Мұхаммед мұны білмесе де, сол дәуірдегі кейбір яһуди мистиктерінің түпсаналарында басқа бір халге өткен кезде дәл осындай күйге түсетін.

Мұхаммедтің уахиды мұндай қорқынышты түрде қабылдауы таңғаларлық нәрсе емес еді. Өйткені ол халқына мүлдем жаңаша саяси идеология ұсынып қана қоймай, адамзат тарихындағы ғаламат рухани және шығармашылық туындыны өмірге әкелген еді. Бұған дейін ешқашан арабша түсіндірілмеген Құдай сөзін айтып жүргенін, ол жақсы сезінетін. Өйткені Құран Логостың Исаның христиандықтағы орны қандай маңызды болса, ислам руханитяында тура сондай орын иеленетін. Кез келген ірі діннің негізін қалаушылармен салыстырғанда, Мұхаммед туралы көбірек білеміз. Әрбір сүренің түсу тарихы анық білінетін Құранда пайғамбардың көзқарастары қалай жетіліп, дамығаны айқын көрінеді. Әуелі, ол өзін қандай істерді атқару күтіп тұрғанын білмейтін. Бірақ бұлар оған біртіндеп, оқиғалардың ішкі логикасына сай әрекет еткен кезде ашыла бастады. Құранда Исламның пайда болу процесіне қатысты дін тарихына қажетті бірегей түсіндірмелер бар. Бұл Киелі кітапта Құдай ағымдағы болып жатқан оқиғаларға бейне бір үн қатқандай әсер қалдырады: Мұхаммедтің сұрақтарына жауап береді, исламға дейінгі қауымның қайшылықтары мен ұрыс-керістерінің түп себебін түсіндіріп, адам өміріндегі иләһи өлшемнің мәнін ақтарады. Сүрелерді Мұхаммед қазіргі кездегі Құрандағы ретпен алмаған еді, уахи – жағдайлардың қажеттілігіне және терең мағынасын Пайғамбардың ұғыну сатыларына сай үзік-үзік болып келетін. Кезекті бөлім енген тұста, оқу-жазу білмейтін Мұхаммед оны дауыстап айтатын. Мұсылмандардың көпшілігі шумақтарды жатқа айтатын, ал сауаты аз бөлігі жазып та алған. Мұхаммед дүниеден өткен соң, жиырма жылдай өткенде, уахи алғаш рет ресми түрде жинақталды. Құрастырушылар сүрелерді көлеміне қарай реттеп қойды. Ұзын сүрелерді – басына, қысқаларын соңына топтастырды. Бұлайша реттеу тым еркін көрінуі де мүмкін. Дегенмен Құран – тұтас сэжеттік жүйеге ие емес, әрі фрагменттердің бірізділігін талап етпейтін кітап. Керісінше, әртүрлі тақырыптарды қозғайды: Құдайдың әлемдегі көрінісі, бұрынғы өткен пайғамбарлардың өмірі немесе ақырет күні жайындағы мәліметтерді қамтиды. Араб тілін білмейтін және оның ғажайып көркемдігін бағалай алмайтындар үшін, Құрандағы көп кездесетін қайталаулар іш пыстрарлықтай көрінуі мүмкін. Бірдей тақырыптарды үсті-үстіне қайталап тұрғандай әсер қалдырады. Бұл кітап оңаша отырып, тәптіштеп оқу үшін емес, ең әуелі, көпшілік алдында дауыстап оқуға арналған. Мұсылмандар мешітте кез келген бір сүренің оқылуын естігенде, сенімдерінің негізгі догматтарын еске түсіреді.

Мұхаммед Меккеде насихат айта бастаған кезде өзінің қадір-қауметі жайында ойлаған да жоқ. Ол жаңа ғаламдық бір діннің іргесін салушы екеніне сенбейтін, құрайышқа ескі бір құдайлық дінді әкелдім деп ойлайтын. Әуелгі кезде бұл дінді басқа араб тайпаларына уағыздау тіпті ойына да кіріп-шықпайтын, тек Мекке және оның маңындағы халыққа ғана насихаттаймын деп ойлаған еді. Теократияның құрушысы болатыны туралы ойлаған жоқ, тіпті теократияның не екені жөнінде ешқандай түсінігі де жоқ еді. Ол саяси қызмет атқармаған еді, тек нәзір, яғни «ескертуші» ғана болатын. алла оны құрайыштарға ахуалдарының қаншалықты ауыр екенін ескерту үшін жіберді. Оның алғашқы аяндарында қатал тағдыр жайында айтылмайтын. Керісінше, үмітке толы қуанышты хабардың желі есетін. Мұхаммедке ағайын-туысына Құдайдың барлығын дәлелдеудің қажеті жоқ болатын. олар онсыз да жер мен көкті жаратқан Алла деп сенетін, көпшілігі Оның яһудилер мен христиандардың да сенген Құдайы екеніне шәк келтірмейтін. Құдайдың барлығы онсыз да белгілі болатын. алғашқы сүрелердің бірінде Құдай Мұхаммедке былай дейді:

«Егерде олардан (имансыздардан): «Ғарыштар мен жерді жаратып, Күн мен Айды бағынышты қылып қойған кім?» деп сұрасаң, олар міндетті түрде «Алла» деп жауап береді. (Сөйте тұра,) олар ақиқаттанқандай алшақ десеңші! Алла өзі қалаған құлдарының ризық-берекесін төгіп беріп молайтады, ал кейбіреулерінің нәсібін азайтып, шектейді. Шын мәнінде болмыс атаулының барлығының білермені – бір Алланың өзі. (Уа, Мұхаммед), егерде сен олардан: «Аспаннан берекелі жауын жауғызып, қуаңшылықтан құрғап қалған өлі жерге жан беріп, (жайқалтып өнім шығаратын) кім?» деп сұрасаң, олар міндетті түрде «Алла» дейді...». (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 124 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: