10:44
Құдайтану баяны

ПҰТҚА ТАБЫНУШЫЛАРДЫҢ ОЯНҒАН ҮМІТІ

Адамдардың көпшілігіне ешқандай экзотика керек емес, өйткені оларға жаңалық деген идеяның өзі жақпайды. Олар қалыптасқан ғұрыптарды – дәстүрмен байланыс арқылы сездіреді. Ал тұрақтылық қашан да тыныштық әкелетінін біледі. Ғибадатханаға келушілер уағызшыдан тамаша жаңа ой күтпейді, тек іштегі қызметтің әдеттегі тәртібінің өзгеруін жіті қадағалайды. Кейінгі антиканың пұтқа табынушылары да, шамамен дәл осындай болды. Оларға аталарының құдайларына сиыну ұнайды. Көне салттар өзіндік болмыс сезімін туғызды, жергілікті дәстүрлерді күшейтті, ертеңгі күн бүгінгіден жаман болмайтынына кепілдік берді. Өркениет жетістіктері әлжуаз көрінді, ал адамның шығармашылығының жемісін сақтауға көмек беретін қорғаушы құдайлардан бас тарту – кез келген жетістікке қауіп төндірді. Әкелер мен аталардың сеніміне қай жағынан болмасын қайшы болатын кез келген культке сезіктене қарады. Осылайша, христиандықтың екі жақтан кемшілігі білінді: оның иудаизмдегідей құрмет туғызарлық мыңжылдық тарихы жоқ еді; әркім көзімен көріп, бағасын беретін пұтқа табынушылықтағыдай еліктірер рәсімдері де болмады. Бұдан басқа жаңа дін астарында үлкен қатер бүгіп жатты. Христиандар біздің Құдай – жалғыз, қалғандары ойдан шығарылған деген талап қойды. Рим биографы Гай Светоний (70 – 160) христиандықты иррационал және әдеттен тыс секта ретінде таныды: оның «азғындығы», әрине, өзінің «жаңашыл» болғанынан деп түйді.

Сауаты жетік пұтқа табынушылар білім үшін дінге емес, философияға үңілді. Олардың әулиелері мен пайғамбарлары – Платон, Пифагор және Эпиктет сынды ежелгі дәуір философтары болды. Оларды кейде «Құдайдың балалары» ретінде көрді. Мәселен, Платонды Аполлонның баласы деп есептеді. Философтар дінге салқын қарады, өйткені олардың ойынша, дін мүлде басқа материямен шұғылданды. Ол уақыттарда философтар піл сүйегінен жасалған қамалдардағы кітапқа берілген адамдардай емес, әрекетшіл және қарым-қатынасқа бейім болды. Олар замандастарының жанын құтқаруға ұмтылды да, өз мектептеріне көп шәкірт тартты. Сократ та, Платон да өз философияларында мейлінше «діндар» болды. Ғылыми және метафизикалық ой-пікірлерінің нәтижесінде олардың алдында бүкіл ғалам ұлылығымен көрінді. Осылайша, б.д. І ғасырдың көзі ашық талабы жоғары ақыл иелері – адамды рухтандыратын идеология мен биік адамгершілік принциптеріне тұнып тұрған еңбектері бар – антикалық философтардан керегін тапты. Христиандық көпшілікке тағылық ескі таным сияқтанды. Ал христиан Құдайы, адамдардың өміріне үнемі себепсіз араласа беретін, ашушаң алғашқы қауымдық пұт болып көрінді. Ол, әрине, Аристотель сынды философтардың алыстағы және өзгермейтін Құдайымен салыстыруға келмейтін. Платон немесе Ұлы Александр дәрежесіндегі тұлғаларды – Құдайдың перзенттері деп жорамалдау бір басқа да, Рим империясының белгісіз бір түкпірінде абыройсыз ажал құшқан еврейдің жағдайы мүлде өзгеше.

Кейінгі антикада кең тараған философиялардың бірі – платонизм. І-ІІ ғ.ғ. жаңа платношыларды Платонның этикалық не саяси ойлары емес, мистик ретіндегі пайымдары қызықтырды. Оның еңбектері философтардың өзін-өзі тануына, жанын тән қапасынан құтқаруына және құдайлық әлемге сапар шегуіне көмектесті. Бұл ғарыш туралы ілімді үздіксіздік пен үйлесімнің қалыбы ретінде пайдаланған ізгі жүйе болды. Бір Құдай болмыс шынжырының ұлы бастауында уақыт пен өзгерістің жойып жіберетін ықпалынан ада күйде өзін-өзі тұрақты танумен болды. Ол болмыстың шексіз баспалдағының ең жоғары шыңына жайғасты. Жаратылыс атаулының барлығы Бірден оның таза болмысының салдары ретінде туындады: мәңгі формалар Бірден тасып-тарады да, әрқайсысы өз сферасына айналу барысында күн, жұлдыздар мен айды тіршілікке келтірді. Соңында бұдан былай Бірдің періште-қызметкерлері саналатын құдайлар жаратылды да, құдайлық қыпалды адам ұрпағының тұрағы – ай асты әлеміне жеткізді. Платоншы аяқасты әлемді жаратқысы келген немесе иерархиялық жүйені жоққа санап, адамдардың бір тобымен тікелей тілдесетін Құдай туралы тағылық ертегілерді қажетсінбеді. Платонның ізбасарлары айқышта азапталған Мессияның дәнекерлігімен құтқарылуды керек етпеді. Философтың өзі – бүкіл болмысқа өмір сыйлаған Құдайға ұқсады. Сондықтан жоғары әлемдерге өз бетінше, ақылмен және ғаламмен толық үндесу арқылы шыға алды. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 145 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: