03:46
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Кейін яһудилер расымен де өз заңдарын көбінесе тыйым ретінде түсіндірді, бірақ сол уақытта раввиндер қараңғы, тақуалық және өмірдің мәнін жоққа шығаратын руханилықты мүлде жоққа шығаратын руханилықты мүлде насихаттамады. Олар, керісінше, яһуди бақытты және жайдары болуы керек деп сендірді. Мәселен, олардың суреттеулерінде – Жақып, Дәуіт немесе Эсфирь сынды танымал інжілдік кейіпкерлер ауырған немесе уайымға салынған кездерінде, Киелі Рух оларды «тастап кетеді» немесе «қалдырып кетеді». Рухты жоғалтқан раввиндер 21-жырдың (псалом) бастапқы жолдарын көп қайталаған: «Құдайым! Құдайым! Сен мені не үшін тастадың?». (Бұл ретте Исаның өлім аузында айтқан осы жұмбақ сөздеріне қатысты қызық сұрақ туындайды). Қалай болғанда да, раввиндер «Құдай адамдардың азап шеккенін қаламайды» деп үйреткен. Адам өз тәніне құрметпен және күтіммен қарауы керек, өйткені ол Құдайға ұқсас жаратылған. Тән рақатына келер болсақ, олардан қашудың өзі күнә саналады, өйткені Құдай оларды ләззат үшін жаратқан. Раввиндер азап пен аскетизм (тақуалық) Құдайға жақындатады деп есептемеген. Халқын Киелі Рухты «кәдеге жаратудың» практикалық әдістеріне үндеген. Олардың әрқайсысына Құдай туралы өзінің жеке түсініктерін қалыптастыруды ұсынды. Раввиндердің сөзіне сүйенсек, адам істерінің қай жерде аяқталып, Құдай әрекеті қай жерде басталатынын білу қиын. Тіпті санасы шайдай ашық пайғамбарлар да Құдайға қатысты өзінің жеке қиялындағын таңып, Жаратушыны жерде көрінетіндей етіп қабылдаған. Осылайша раввиндер бір мезгілде адами және илаһи міндеттерді шешу ісін өздерінің үлесіне қалдырып отырған. Жаңа қағидаларды адамдар мен Құдай бірлесіп жасайды деп есептеген. Тәуратты көшіріп көбейткен раввиндер оның жердегі болмысының аумағын кеңетіп, іргесін нығайтты. Көп ұзамай олардың өздері Тәураттың тірі бейнесі ретінде дәріптеле бастады, олар басқалардан гөрі көбірек «Құдайға ұқсады», өйткені Заңды жақсы білді.

Құдайдың иманенттілігін сезіну яһудилерге көмектесті. Раввин Акиба «Жақыныңды өзің сияқты жақсы көр» мицвотын «Тәураттың ұлы заңы» деп үйреткен. Ағайынның намысын қорлау адамды Өзіне ұқсата жаратқан Құдайға күйе жағу деп бағаланды, шын мәнінде жақынына жаманшылық істеу діннен безгендікті, Құдайға қарсы күпірлікті білдірді. Әрине, кісі өлтіру ең ауыр қылмыс болып саналды, өйткені «Киелі кітапта айтылғандай: кім қан төксе, сол Құдай болмысын төмендетеді». Жақынға жәрдемдесу imitatio dei амалы – Құдадың қайырымдылығы мен жанашырлығына еліктеу деп саналды. Оған қоса, барлық адам баласы бір-бірімен тең, өйткені әрқайсысы Құдайға ұқсатылып жаратылған. Туысына зиян шектірген дінбасы да жазалануы керек, өйткені мұндай әрекет – Құдай болмысын жоққа шығарумен бірдей. Құдай, кімде-кім адамды өлтіретін болса, тұтас әлемді жойғандай, жазалайтынын бізге көрсету үшін адамды, тұтас адамзатты жаратты. Басқа жағынан алып қарасақ, бір адамды өлімнен құтқару – бүкіл ғаламды сақтап қалумен барабар. Әрі бұл тым әсіре пайымдар емес еді, көпшілік үшін (мысалы, бейбастақтықпен ойран салғанда) бір адамды құрбан етуге тыйым салатын заң негіздері болатын. Жақыныңды, тіпті тегі басқа адамды немесе құлды қорлау ең ауыр күнәнің бірі саналып, кісі өлтірумен, яғни Құдайды жоққа шығарумен теңестірілді. Еркіндік құқығы өміршең маңызға ие болды: раввиндік еңбектердің толық жинағынан қапасқа қамау туралы еш нәрсе кездестірмейсің, өйткені адамды бостандықтан айыру пәрмені тек Құдайға тиесілі. Біреудің сыртынан өсек тарату да Құдайды елемеушілік саналды. Әйтсе де еврейлер Құдайды жоғары жақтан әрбір қадамымызды жіті қадағалап отыратын «Айбарлы Аға» іспетті көруге ыңғай танытпады. Керісінше, адамның бойында Құдай болмысын іштей түйсіну сезімін тәрбиелеуге ден қойылды, осы арқылы қоршаған ортамен кез келген қарым-қатынас қасиетті реңкке бөленетін.

Жануарлар қиналмастан өз болмысына сай тіршілік ете береді, бірақ адамдарға өздерінің адами қалпын сақтау ешқашан оңайға тимеген сияқты. Алғашқы кезде израил Құдайы өз халқының бойында ең сұмдық және жауыздыққа толы қатыгездікті оятқан сияқты көрінген еді, бірақ ұзақ ғасырлар барысында мүлде өзгерді. Яхве бейнесі адамдарды өз бауырларына жанашырлықпен және ілтипатпен қарауға дағдыландыра бастады. Бұл «Кіндік кезеңнің» барлық дініне тән сипат еді. Раввиндердің идеалдары Бір Құдайдың екінші дінінің ү\ұстанымдарына өте ұқсас, бұл таңғаларлық та жағдай емес, себебі христиандық тамырлары иудаизмге барып тіреледі.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 149 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: