13:25
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Үрейге толы 70-жылдардың басында фарисейлік Палестинада иудаизмнің ең құрметті де беделді бағытына айналады. Ол халыққа Құдайға сиыну үшін ғибадатханалардың қажеті жоқтығын дәлелдейді. Төмендегі астарлы сөздің мәні осыған меңзейді:

«Бір күні раввин Иоханан бен Заккай Иерусалим қақпасынан шығады, ал раввин Иошуа артынан жүріп отырып, Ғибадатхананың қирап жатқанын көреді:

«Басымызға қандай іс түсті! - деп айқайлайды Иошуа. – Израил күнәларын жуып-шаятын қасиетті орнымыз құрыды!»

«Қайғырма, балам, - деп жауап берді Иоханан. – Бізде басқа, тазарудың одан төмен емес сенімді жолы бар, бұл – махаббатқа толы мейірімділік, өйткені Құдайдың айтуынша, Ол құрбандықты емес, мейірімділікті керек етеді».

Аңыз бойынша, Иерусалим құлағаннан кейін раввин Иоханан бен Заккайды (шамамен б.д. 1-80) отқа оранған қаладан табытпен алып шығады. Ол еврейлердің көтерілісіне қарсы болды және халқына бұл шиеленісті болдырмау тиімді деп есептейді. Римдіктер оған Иерусалимнің батысындағы Иавнеяда фарисейлердің тәуелсіз қауымын құруға мүмкіндік береді. Мұндай топтар бүкіл Палестина мен Бабыл елінде құрылып жатты және олардың арасында тығыз байланыс болды. Осындай қауымдарда көшірмеші-таннаилар дайындықтан өтті. Олардың қатарында Иохананның өзі, мистик Акиба бен Иосиф (шамамен 50-135) және раввин Исмаил бен Элиша болды. Таннаилар Ауызша Заңның кодификациялық жинағы – «Мишнуды» құрастырады. Онда Мұса өсиеттері мүмкіндігінше заманға лайықталды. Кейіннен басқа да оқымыстылар – амораилар «мишнуға» түсіндірмелер және бірқатар трактаттар жазады. Бұл жинақ «Талмуд» деп аталды. Жалпы айтар болсақ, IV ғасырда құрастырылған иерусалимдік және VI ғасыр басында ғана аяқталған Бабылдық – екі Талмұд бар. Соңғысы қазіргі таңда беделді саналады. Бірақ мұнымен іс аяқталған жоқ: дін білгірлерінің келесі ұрпақтары Талмұдқа және бұрынғы уағызшылардың талқысына өз түсіндірмелерін қосты. Мұса заңдары туралы талмұдтық байыптамалар, әдепкіде ойлағандай, соншалықты қасаң емес. Негізінен, бұлар Құдай Сөзі мен жаңа «киелі орын» туралы шексіз ойлар ағымы еді. Әрбір түсіндірме Құдайдың Өзі жаратқан адамдар арасында болу киесін сезіндіретін Ғибадатхананың қабырғалары мен шатырына кірпіш болып қаланды.

Яхве қашан да арғы әлемдік Құдай болды және адамдарға сырттан, жеті қат көктің қиял жетпес төрінен әмірін жүргізді. Алайда раввиндер Оны адамға мейілінше жақындатты және күнделікті ұсақ-түйектің бәріне Құдайды қатысты қылып қойды. Ғибадатханадан айырылу мен кезекті азапқа толы қуғын-сүргіннен жапа шеккен еврейлер үнемі жанында жүретін Құдайды қажетсінді. Раввиндер Құдай туралы қандай да бір ресми ілім ойлап тапқан жоқ. Есесіне, олар Оның болмыстағы сезілер-сезілмес ишаратына құлшылық етуді үйренді. Мұндай руханилықты – «қалыпты мистикалық» күй кешу деп атайды. Талмұдтың ең ескі үзінділерінде Құдайды сезіну тәжірибесі құпия табиғи құбылыстармен байланыстырылды. Раввиндер бүкіл болмыс пен қасиетті ғимаратты қамқаорлығына алып, өзінің жақын маңда барлығын лүп еткен самал немесе оттың жалыны арқылы сездіретін Киелі Рух туралы сөз қозғады. Басқа біреулер Құдайдың даусын қоңыраудың қаңғырынан және қатты соққысынан естігендей болды. Мәселен, раввин Иоханан бір күні Иезекиил көріп қалған күйме жайында ойлағаны сол еді, кенеттен аспаннан от түсіп, қайдан екені белгісіз, періштелер пайда болып, көктен шыққан дауыс Құдайдың раввинге ерекше миссия жүктегенін айтады.

Құдайдың жақындығын сезіну әсері күшті болғаны соншалық – қандай да бір ресми, жеке тұлғаға қатыссыз доктриналар бұл жағдайда үйлесім таппас еді. Раввиндер бір замандары Синай тауының етегінде тұрған әрбір израилдықтың Құдайды өзінше қабылдағаны жайында талай рет айтқан болатын. Құдай Өзін «әр адамның санасына лайықтап» бейімдеді деп айтуға болады. Бір раввин: «Құдай ешкімді есінен тандырмастан, бірақ адамның Оны тануға деген қабілетіне сай көрінеді» деген болатын. Сананы шайдай ашқан бұл өте маңызды пайым Құдайды жалпақ жұртқа ортақ, қатаң қалыпқа түсірілген қағидамен сипаттауға болмайтынын білдірді. Құдай – тек субъективті құлшылық нысаны. Әр адам Құдайдың болмысын өзінің мұң-мұқтажы мен мінез-құлқына сәйкес қабылдайды. Раввиндер тіпті әр пайғамбардың Құдайды өзінше, Ұлы Жаратушы туралы түсініктерінің ерекшеліктеріне сай танығанын айтқан. Осыған ұқсас көзқарастар бірқұдайшылдықтың басқа түрлерінде де қалыптасқанына кейін көзіміз жетеді. Осы күнге дейін иудаизмде теологиялық пікірлер жеке адамның ісі болып қалып отыр және ешкімге зорлап таңылмайды.  (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 169 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: