16:53
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Б.д.д. 539 ж. парсы патшасы Кир (Кіріш) Бабыл империясынбағындырған кезеңде, сәуегейліктің барлығы орындалған сияқтанды. Кир қол астына жаңадан қараған жұртқа парсылардың дінін міндеттеген жоқ. Бабыл жеріне салтанатты түрде қадам басып, тіпті Мардук ғибадатханасында құлшылық қылды. Сонымен қатар ол ертеректе Бабыл бағындырған елдердің барлық киелі құндылықтарын отандарына қайтарды. Әлем көпұлтты алып империялардың тіршілігіне бой үйреткен кезде Кирге уақыт сынағынан өткен қоныс аударту (көшіріп жіберу) амалы қажет болмай қалды. Егер қол астындағылар өз елдерінде тұрып, өз құдайларына сиынса, билік жүргізу оңай болатын. Кирдің қалауы бойынша, империяның барлық жерінде көне ғибадатханалар қалпына келтірілді. Патша осылай істеуді оған Құдайлар тапсырғанын үздіксіз қайталады. Ол кейбір пұтқа табынушылық түрлеріне тән төзімділік пен кең көзқарастың нағыз үлгісін танытты. Б.д.д. 538 ж. Кир еврейлердің Иудеяға оралып, ғидатаханаларын қалпына келтірулеріне мүмкіндік беретін үкім шығарды. Бірақ олардың көпшілігі жаңа қоныста қала бергенді қалады, сондықтан Уәде Етілген Жерге тек аз бөлігі ғана оралды. Тәуратта Бабыл мен Тель-Авивтен 42360 еврей кеткені айтылған. Олар отанына оралып, өз топырағынан табан аудармаған тайпаластарына жаңа иудаизмді уағыздайды.

Бұл «Діндар» (Р) деген атпен белгілі біреудің қуғын-сүргін заманынан кейін жазылған, кейіннен Бес Кітапқа қосылған еңбектерінде айтылған. Р өзінен бұрын J және Е суреттеген оқиғаларды өздігінше түсіндірген. Көне Өсиетті екі кітаппен – «Сандармен» және «Левитпен» толықтырды. Күткендегідей, Р-дің Яхве туралы пікірлері мейлінше жоғары және толық болды. J-ден айырмашылығы, мәселен, Құдайды ешкім өз көзімен көре алмайды дегенге сенді. Көп жағдайда Иезекиилдің көзқарастарын бөліскен Р адамдардың Құдайды қабылдаулары мен шындық арасында үлкен айырмашылық барына күмән келтірмеген. Оның Синай тауындағы оқиғаға қатысты берген нұсқауы бойынша, Мұса Яхвенің оған көрінуін өтінеді, бірақ мынадай жауап естиді: «Менің жүзімді сен көре алмайсың, өйткені адамның Мені көріп, тірі қалуы мүмкін емес». Мұсаға тау баурайында құдайлық әсерден жасырыну бұйырылады, бірақ ол көз қиығымен ұзап бара жатқан Яхвені көріп қалады. Р тұңғыш рет Құдай баянында аса маңызды болып саналатын ой айтады: Адамдарда, әрі кеткенде, тек құдайлық нұрды көру мүмкіндігі бар, Р оларды «Яхвенің даңқы (кавод)»деп атайды. Бұл – құдайлық құдіреттің көрінісі, бірақ оны да Құдайдың Өзі деп қабылдауға болмайды. Мұса таудан түскен кезде көрінген «даңқ» өз жанарында бейнеленіп, жарқырайтыны соншалық – израилдықтардың оны көруге шамалары келмейді.

«Құдай даңқы» - Яхвенің жерде болуының символы. Ол адамдар ойдан шығарған Құдай бейнесі мен Оның шынайы қасиеттілігі арасындағы айырмашылықты айқындайды. «Даңқ» идеясы израилдық діннің пұтқа табынушылық табиғатына қарама-қарсы тұрды. Шығудың көне тарихын баяндаған Р Яхвенің израилдықтардың қуғын-сүргінінде олармен бірге кезгенін көзге елестете алмайды, мұндай ой оған адамдық түсінік негізінде көрінеді де, ол оны Мұсаның Құдайымен кездескен киелі шатыры толысқан «даңқ» туралы әңгімемен алмастырады. Осыған сәйкес Иерусалим ғибадатханасында тек «Яхве даңқы» ғана бар.

Р-дің Бес Кітапқа қосқан ең белгісі үлесі – оның «Болмыс Кітабының» 1-тарауында баяндалған әлемнің жаратылысы туралы әңгімесі. Ол көбінесе «Энум Элиш» образдарының ықпалында қалған. Әңгімелеу алғашқы қауымдық тұңғиықтың (тебом, Тиаматтың бұрмаланған аты) суларынан бастау алады, Яхве олардан аспан мен жерді жаратады. Дегенмен бұл оқиғада Құдайлар арасындағы соғыс пен Йамму немесе Лотан-Раавпен күрес жоқ. Бүкіл тіршілікті жарату еңбегі – Яхвенікі. Үздіксіз эманациялар да жоқ, себебі Яхве әлемді қысымсыз, қарапайым еркімен жаратады. Сондықтан Р әлемді Құдай болмысынан құралған құдайлық әлем деп есептемейді. «Дінбасы» теологиясында дәл осы бөлу идеясы шешуші маңыз атқарады: Құдай: күнді – түннен, суды – құрлықтан, жарықты қараңғылықтан ажыратып, ғарышты ретке келтіреді. Әрбір ісінен кейін Яхве жаратқанын жарылқап, «бұл жақсы» деп жариялайды. Бабылдық мифтен ерекшелігі – адамды жарату кейіннен ойға келген нәрсе емес, ол құдайлық әрекеттің шыңына айналды. Адамдардың құдайлық болмысы жоқ, бірақ Құдайға ұқсас жаратылған, сондықтан Оның жасампаз міндеттерін орындауы тиіс. «Энум Элиштегідей» алты күндік жарату сенбілік демалумен аяқталады. Бабылдық аңыздар бойынша, осы күні Ұлы Мәжіліс өтетін болған, сол жерде құдайлар «тағдырды өзгерткен» және Мардукқа жоғары құқықтар берген. Р-де сенбі, символикалық тұрғыдан алғанда, бірінші күні үстемдік ететін бейберекетсіздікке қарама-қарсы қойылды. Көркем реңк пен көптеген қайталау әлем жаратылысы оқиғасының жаңа нұсқасының «Энум Элиштегідей» салттарда айтылатын әндерге арналғанына нұсқайды. Салт-жоралғыларда Яхвеге жасаған еңбектері үшін мадақтар айтылды және Оған Жаратушы және Израил Ардақтысы ретінде сиынулар жасалды. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 173 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: