15:01
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Апаттан кейін жеңімпаз деп атауға болатын пұтқа табынушылықты тыю үшін Екінші Исайя уақытын зая кетірмейді. Ол әлемді жаратқан ұлы мифтік ерліктерді Мардук немесе Ваал емес, Яхве жасағанына кәміл сенеді. Израилдықтарды алғаш рет Яхвенің жаратылыс тарихындағы маңызы ойландыра бастайды, бұған, сәрі, Бабылдың космологиялық мифтерімен қайта жанасу әсер еткен болуы мүмкін. Әлбетте, ешкім де ғаламның пайда болуының ғылыми теориясын жасауды мақсат тұтпағаны анық. Бұл тек қатал заман аясында жанға жұбаныш табу амалы ғана болды. Егер Яхвенің алғашқы қауымдықкезеңде бейберекетсіздік құбыжықтарын тізе бүктіру қолынан келген болса, қуғынға ұшыраған израилдықтарды құтқару – Оған түкке тұрмас еді. Шығу туралы әпсана мен алағай да бұлағай су ағынын ауыздықтау туралы пұтқа табынушылардың аңызы арасында белгілі бір ұқсастықтарды байқаған – «Екінші Исайя» халықты болашаққа үмітпен қарауға және Құдайдың кезекті құдіретін күтуге үндейді. Осы мақсатпен, мәселен, Ваалдың ханаан мифологиясындағы теңіз құбыжығы Лотанды (Левиафанды) жеңу оқиғасына назар аударады. Лотанды сондай-ақ Раав Қолтырауын (таннин) және Тұңғиық (тебом) деп атаған:

«Құдай құдіреті көтеріл, күшіңе ен!

Бұрынғы күндердегідей және ежелгі елдердегідей, көтеріл!

Сен емес пе едің Раавты құлатып, қолтырауынды (таннин) жеңген?

Кешірілгендер өтсін деп,

Ұлы тұңғиық суларын теңізді құрғатқан

Сен емес пе едің?».

Израилдықтардың діни қиялында Яхве бақталастардың барлығын түгел жеңіп шығады. Бұрын еліктірген пұтқа табынушылық қуғын-сүргін кезінде жағымды болудан қалды, осылайша иудаизм туды. Яхве культі енді мүлде жоғалады деген сәтте, бұл Құдай қырсық шалған халықтың азабын тоқтататын үміттің басты тірегі болды.

Сонымен, Яхве Жалғыз және Бір Құдайға айналды. Бұл жағдайды ешкім философиялық тұрғыдан негіздеуге тырыспады. Жаңа теология ақылға жүгінген дәлелдермен емес, іс жзіндегі пәрменділігімен жеңіп шықты: ол шарасыздықтан құтқарды және үміттендірді. Отанынан және тіршілік талшығынан айрылған еврейлер Яхвенің тосын әрекеттерін енді жатырқамайтын да, қауіпті санамайтын да болды. Бұл Құдайдың мінез-құлқы олардың сол сәттегі көңіл күйімен үйлесе кетті.

Басқа жағынан алып қаарғанда, «Екінші Исайяның» Құдайы жылы шырайлы емес және адамдардан алыс болып қала берді. Ол бұрынғышаадам санасынан тысқары ірге тепті:

«Менің ойларым – сендердің ойларың емес,

сендердің жолдарың емес – Менің жолдарым, - деп айтты Құдай.

Бірақ, аспан жерден жоғары болғанындай,

Менің жолдарым сендердің жолдарыңнан,

Менің ойларым сендердің ойларыңнан жоғары».

Құдай болмысы сөз бен ой шамасынан тысқары. Оның үстіне, Яхве әрқашан адамдар қалаған әрекеттерді жасамайды. Қазіргі таңда өзекті, соны сипатты төмендегі үзіндіде пайғамбар болашақты болжап, Израилмен қоса, Мысыр мен Асссирия да Яхвенің жеріне айналатынын жариялайды. Құдай былай депті-мыс: «Менің жарылқанған халқым – мысырлықтар, Менің қолымнан шыққан – ассириялықтар, Менің мұрам – Израил». Яхве Ұлы Ақиқат символына айналды, енді Құдайдың таңдауы туралы кез келген үстірт талқының мәні ұсақ, сипаты орынсыз көрінді. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 159 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: