15:44
Құдайтану баяны

ӘУЕЛГІДЕ

Жақып Вефилден кетпес бұрын, көзбен көрген Құдайын өзінің элохимі етуге шешім қабылдайды; бұл ұғым өз бойына адамдардың құдайлардан қаншалықты мән табатынын түгел сыйғызады. Жақыптың пайымынша, егер Эльдің (немесе, J атағандай, Яхвенің) оны, Харранды қорғауға қабілеті жетсе, онда, шынында да, құдіретті Құдай болғаны. Ол мәмілеге келуді ұсынады: Эль қорғаныш бола алған жағдайда, Жақып Оны өзіне элохим етіп таңдайды, сөйтіп, тек Оның бір өзіне ғана табынатын болады. Израилдықтардың Құдайға сенімі өте прагматикалық сипатта болатын. Ибраһим мен Жақып Эльге сенеді, себебі Ол оларға көмектескен. Даналық танытып, Оның бар екенін дәлелдеуге әрекет жасамады; олар үшін Эль тіпті де дерексіз философиялық ұғым болған жоқ. Ертеде мана күнделікті өмірдегі үйреншікті құбылыс болатын, ал Құдай өз құдіретін іс жүзінде дәлелдесе ғана сиынуға лайық саналатын. Мұндай құнттылық әр кез Құдай тарихында маңызды фактор болып қала берді. Көп адам әлі күнге дейін Құдайға қатысты түсініктерін олардың ғылыми немесе философиялық тұрғыда негізделгені үшін емес, дәл сол практикалық ұтымдығы үшін ұстанып келеді.

Жылдар өткен соң Жақып Харраннан әйелдерімен және бүкіл отбасымен кері оралады. Ханаан жеріне аяқ басысымен қайтадан Құдай көрінісі оқиғасын бастан кешіреді: Батыс Жағалаудағы Иавок өткелінде бейсеубет біреуді жолықтырып, онымен түні бойы күреседі. Таң ата бере оның қарсыласы табиғаттан тыс күштерге тән дағдымен Жақыптан өзін босатып жіберуін өтінеді, бірақ өз кезегінде Жақып бейтаныс жаннан атын айтуын талап етеді. Ежелгі заманда басқаның атын біліп алу оның иесіне белгілі дәрежеде билік жүргізуге жол ашатындықтан, жұмбақ кісі өзінің есімін айтудан бас тартады. Сонда Жақып қарсыласының Эльдің өзі екенін түсінеді:

«Жақып: - Айтшы, Есімің кім? – деп сұрады:

Ол: - Менің атымды не үшін сұрайсың? – деді. Сол жерде оны Құдай жарылқады. Содан Жақып ол жерге Пенуэл (Эльдің жүзі) деген атау берді: мен Құдайды юетпе-бет көрдім, осылай жаным аман қалды, - деді(.

Рухы жағынан осы Құдай көрінісі хикаясы яһудилік бірқұдайлыққа қарағанда «Илиадаға» әлдеқайда жақын, өйткені көктегі Құдаймен жербетілік әңгіме-дүкен құру Құдайды қорлау саналар еді.

Көне аңыздарда патриархтар өз құдайларымен пұтқа табынушы замандастары секілді сөйлескендеріне қарамастан, бұл сюжеттерде тұңғыш рет діни әсерлердің жаңа пішіні көрініс береді. Інжіл хикаяларының өн бойында Ибраһимді «діни сенім» адамы деп атайды. Қазіргі кезде сенім деп көбінесе әлдебір діни сеніммен саналы келісуді ұғынады, бірақ Інжіл авторлары үшін ол ақылды керек ететін немесе метафизикалық ұғым емес еді. Олар Ибраһимнің дінін мадақтағанда, оның ортодоксалдығын (діни тұрғыдан Құдай туралы дұрыс түсініктерді ұстануын) емес, сенім деңгейін ойға алады, мәселен, біздің басқа бір адамға немесе идеалға сеніміміз сияқты. Ибраһим – діни сенімнің адамы, өйткені Құдайдың ақылға сыймайтын, небір ғажайып сипаттағы Өз уәделеріне деійін орындайтынына күмән келтірмейді. Әйелі Сара бедеу болса, Ибраһим қалай құдіретті, халықтың әкесі атанбақ? Шындығына келгенде, бала туу жасынан асып кеткен Сараның құрсақ көтеру қабілеті бар екенін ойлаудың өзі ақылға сыймайтындығы соншалық – мұндай сәуегейлікті естіген ерлі-зайыптылар күлкілерін ұстап тұра алмайды. Дегенмен табиғаттың заңына қайшы, ақырында, олар ұлды болған кезде нәрестеге Исхақ деп ат қояды, бұл есімді «күлегеш» деп аударса болады. Әзілдің соңы удай зәрлі болып шығады, себебі Құдай бұдан кейін қорқынышты талап қояды: Ибраһим жалғыз баласын құрбан етуі керек! (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 213 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: