21:48
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз...

* * *

Шакира: Өнерге деген сүйіспеншілігінен камера алдында шешінуге дайын адамдарға тәнтімін

Шакира - колумбиялық әнші, композитор, биші, музыкалық продюсер, хореограф және модель. 2000-шы жылдардың басында испан және ағылшын музыкалық нарығында жоғары табысқа қол жеткізген Латын Америкасының ең танымал өнер иесі атанды. Әншінің есімі араб тілінде «рақмет», ал хинди тілінде «жарық құдайы» дегенді білдіреді.

 

Ендеше бүгін назарларыңызға танымал әншінің нақыл сөздерін ұсынамыз.

 

Әннің құдіреті күшті. Ол не махаббатты өлтіреді, не адам жүрегін жаулап алады.

 

Мен - өзімнің ең жақсы досым және ең нашар дұшпаным бола аламын.

 

Өнерге деген сүйіспеншілігінен камера алдында шешінуге дайын адамдарға тәнтімін.

 

Менің болмысымда, әндерімде тыңдарманға жеткізгім келетін ой -  ең маңыздысы.

 

Бұл өмірде өз орныңды тауып, кірпіш болып қалану үшін күресу керек.

 

Әр альбомым шығарылған сайын, өмір сүрген жылдарым өткен сайын - өзімнің шын мәнінде кім екенімді сезіне беремін.

 

Мен романтик әрі өте тартымды адаммын. Алайда сонымен бірге тәртіпке берік, талапшылмын. Кейде менің жауапкершілікті шамадан тыс арқалауым - ең қас жауыма айналады.

 

Менің анам өте қарапайым адам. Ол өзіне армандауға жол бермейді. Яғни, барлық жағдайға тура қарайды. Сондықтан ол маған әрқашан үлгі бола алды. Ал әкем романтик және арманшыл. Ол әлі күнге дейін мені өз туындылары арқылы әлемді өзгерте алады деп ойлайды. Сол себепті мен екеуінің де жақсы жағын алып, өмірімде қолдандым деп ойлаймын.

 

Біздің және басқа да дамыған елдерде балаларымыз бетпе-бет келіп жатқан көптеген мәселелердің шешімі білім екеніне толықтай көзім жетті. Бұл - қауіпсіз әлемнің кілті.

 

Ағартушы болудың жолы көп. Бірақ менің ойымша, ең қысқа жол – махаббат жолы. Жақсы болудың ең қысқа жолы - біреуге деген сүйіспеншілік. Егер сіз сүйген адамыңыз үшін қалай күресу керек екенін білмесеңіз, онда сіз танымайтын немесе дұшпандарыңызбен қалай әрекет етпексіз?

* * *

Саяхаттағанды ұнататындар үшін ТОП-3 мамандық

Егер еркіндікті сүйіп, саяхаттағанды ұнататын жандардың қатарынан болсаңыз, онда бұл жазба сізге арналады. 

 

1.Бортсерік мамандығы

Бортсерік мамандығы – әлемдегі ең өзекті салалардың бірі. Олар әуе жолаушыларының қауіпсіздігіне жауап бере отырып, жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Алайда жұмыстың күрделілігіне қарамастан, жұмыс процессі өте қызық. Егер сіз де болашағыңызды аспан әлеміндегі саяхатпен байланыстырғыңыз келсе, мына талаптарға сай болуыңыз керек.

Ең алдымен қызмет еткіңіз келетін әуекомпаниясынан тіркеуден өтесіз. Сұқбат күнін таңдап, өтініш бересіз. Үмтікерге қойылатын басты талап – қазақ тілі мен ағылшын тілінде еркін сөйлеу. Ер адамның бойы 170 см-ден, ал әйел адамның бойы 165 см-ден кем болмауы қажет. Сыртқы келбеттің тартымды болуы да маңызды. Ең бастысы – ҚР-ның азаматы болғаныңыз жөн.

 

2.Іс-шаралар ұйымдастырушысы

Іс-шара менеджері – тойлар мен кештерден бастап, ауқымды форумдар, көрмелер мен конференцияларға дейін түрлі шараларды дайындайтын маман. Мамандыққа арнайы білімсіз түсуге болады: біріншіден, өзіңізді қалалық іс-шараларда волонтер ретінде сынап көріңіз, егер сізге ұнаса, іс-шара агенттігіне өз қызметіңізді ұсыныңыз.

Ірі компаниялар әлем бойынша үлкен жобалармен жұмыс істейді. Сондықтан бұл салада шетел асып, жиі іссапарға шығу қалыпты жағдайға айналады. Іс-шара менеджері жобаны басынан аяғына дейін басқарады. Нақтырақ айтсақ, іс-шараның мазмұны мен сценарийін әзірлейді, бюджетін есептейді, техникалық жүйелерді қадағалайды. Аталмыш маман иелеріне қойылатын талап – коммуникацияның және төзімділік қабілетінің жоғары болуы.

 

3.Ревизор

Бұл маманның негізгі міндеті - компанияның жылжымайтын мүлкінің есептерде көрсетілген деректерге сәйкестігін тексеру. Қоғамдық тамақтандыруда да, өндірісте де, саудада да ревизорға сұраныс жоғары. Алайда әр ауданға байланысты кесте мен жұмыс жағдайы өзгеруі мүмкін.

Осылайша, бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін сауда желілерінде ревизорларды тұрақты іссапарлар күтеді. Мұнда күтпеген сапарлар аяқасты орын алмайды. Кез келген сапар алдын ала жоспарланады. 

Мұндай қызметте жұмысшыға қойылатын басты талап – жауапкершілік пен ұқыптылықтың жоғары болуы. Бір артықшылығы арнайы білімнің болуы міндетті емес. Көп жағдайда компаниялар ревизор мамандығына үміткерлер үшін тренингтерді өздері жүргізеді.

* * *

Көшпелі қазақтың экомикалық жүйесіндегі туыстық байланыс

Көшпелі қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық қатынастар туыстық жүйеге негізделді. Қазақ қауымындағы қоғамдық-әлеуметтік қатынастар көп жағдайда туыстық қатынастармен астасып жатыр.

Дәстүрлі қазақ қоғамында ел, жүз, тайпа, ру, ағайын, жақын ағайын, туыс, жақын туыс, ата баласы, бір әке баласы деген туыстық атаулар бар. "Ел" деген ұғымға бүкіл қазақ халқы кіреді. Қазақтардың өз түсінігі бойынша, жүздер қандас туысқандыққа негізделген бірлестіктер.

Үш жүздің арғы атасының аты — Қазақ, одан Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз) деген үш ұл тарайды. Сол үш ұлдан үш жүзді таратады. Шежірелік бұл аңызды тарихи шындық деп қарауға болмайды. Бұл көшпелі қоғамның рулық идеологиясы туғызған аңыз. Көшпелі қоғам туыстық қағида бойынша бірігеді. Кейін отырықшы халықтарда ең жақын туыстық қағида ғана сақталып, қалған бірлестіктер аумақтық жақындық, яғни көршілік қағидаға негізделетін болған. Қазақ халқының құрамына кіретін үш жүздің баласының алыс этногенетикалық туысқандығы бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.

Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады. Бұл жерде бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Қазақтар тайпа деген атауды көп қолданбайды. Оның себебі бұл сөздің бізге арабтардан келгендігінен болса керек. Бірақ ғылыми әдебиетте "ру" деген сөзді орыстың "род", ал "тайпа" деген ұғымды "племя" деген сөзбен атау қалыптасқандықтан, біз рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этностық құрылымды тайпа деп атап жүрміз. Әйтпесе "тайпа" ұғымы кей өңірлерде ру ұғымынан тар шеңберлі ұғым болып есептеледі. Сонымен, тайпа дегеніміз—жүздерді құрайтын үлкен ру бірлестіктері деп түсінгеніміз жөн.

Қазақ қоғамындағы көпшілік тайпалардың атауы өте әріден белгілі. Шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі. Жақын туыстар өзара қыз алыспайды. Балаға кішкентайынан жеті атасының кім екенін жаттатып өсірген. Бір атаның балалары жақындығы жағынан 7 атадан асқаннан кейін ғана өзара құдандалық қатынасқа түсуіне рұқсат етіледі.

Әріден келе жатқан үлкен руларда қандас туыстықпен қатар жай генеалогиялық (шежірелік) туыстық қалыптасқан. Рулардың өсіп-өну үдерісінде олар әр түрлі тарихи себептермен (соғыс, жер ауып көшу) өзара араласып сіңісіп отырған. Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған.

Қазақ ру-тайпалары өзара қатты араласқан. Бұл араласу, бір жағынан, бір-бірімен некелік қатынастар арқылы болса, екінші жағынан, ел басына күн туған соғыс, жұт, әр түрлі жұқпалы аурулардан қоныс аударудан болған. Сонымен қатар ру-тайпалардың араласуына тайпалар, рулардың бір саяси-этностық одақтар құруы әсер етіп отырған.

* * *

Ақшаны қайда және қалай сақтаған дұрыс?

Қазіргі таңда көпшілігімізге ақшаны сақтаудың бірнеше жолы белгілі. Мәселен, үй жағдайында сандықшаға жинасаң, ал банкте депозит ашып, сақтай аласың. Сонымен қатар акция түрінде яки белгілі құнды зат ретінде жинайтындар да табылады. Ал статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі қаражатын үйде емес, банкте сақтағанды жөн көреді екен. Иә, ақшаны депозитте сақтау өте тиімді әдістердің бірі. Дегенмен осы тұста нені ескеру керек?

Ақшаны депозитте сақтау арқылы оның саған қалай жұмыс жасап жатқанын аңғаруыңа болады. Бұл әдісті көп жағдайда ертеңгі күніне бей-жай қарамайтындар қолданып жатады. Өздерің білетіндей, тауарлар бағасы күн сайын қымбаттап жатыр. Осы тұста, ақшаны үйде сақтасаң, ол инфляцияға ұшырайтынын ескеруің керек. Ал депозитте сақтау арқылы бұл кедергіні алдын аласың.

Депозиттің тағы бір артықшылығына тоқталып өтейік. Мысалы, сен таңдаған банк Ұлттық банктің кепілдігіне кірсе, ол банкротқа ұшыраған жағдайда салған ақшаңды қайтарып ала аласың.

Сондай-ақ мұнда тұрақты өсім болады. Нақтырақ айтсақ, депозит ашқан кезде бекітілген жылдық пайыз сақталады.

Алайда қаржыны депозитке саларда ең бірінші банктің қаржы рейтингісіне қарап алғаның жөн.

Ақшаны сақтау уақытына қарай депозит ұзақмерзімді және қысқамерзімді болып келеді. Аты айтып тұрғандай, қысқамерзімді депозиттің пайыздық мөлшері төмен болады. Сонымен бірге ақшаны қалаған уақытыңда айыппұлсыз шешіп алуға мүмкіндігің бар. Ал бұл ақша жинауға кедергісін келтіреді.

Ұзақмерзімді депозиттің пайыздық мөлшері жоғары болады. Бір артықшылығы, белгіленген мерзімінен бұрын қаражатты шешіп алуға мүмкіндік болмайды.

Ал енді “акция түрінде сақтауға бола ма?” деген сұраққа жауап берейік. Акцияларда тәуекел жоғары болатынын есіңнен шығарма. Себебі оның бағасы бірде түсіп, бірде көтеріліп отырады. Сондықтан толыққанды ақпаратқа көз жеткізіп, сақтағаның дұрыс.

Ал сен ақшаны қалай және қайда сақтайсың?

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 35 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: