21:27
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз...

* * *

Мырзагелді Кемел: Аспанға тас лақтырма, төбеңе қайтып түседі

Мырзагелді Кемел - жазушы әрі қоғам қайраткері.

Руханият саласында 10 кітап шығарған, олардың ішінде өзі жазған ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік еңбектерге қоса, қытай ойшылдары Лао Цзы мен Конфуцийді, испан пәлсапашысы Бальтасар Грасиан, ежелгі үрім және грек ақылмандарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінгі күннің ең атақты жазушыларының бірі Пауло Коэлъолардың таңдаулы еңбектерін қазақ тілше тәржімалаған.

«Дүние» және «Экология и устойчивое развитие» журналдарын шығаруға. «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» сияқты кітаптары оқырман қауымнан жоғары бағасын алған.

Ендеше жазушының “Абзалдық әліппесі” атты кітабынан көпшілікке ой салатын нақыл сөздерін ұсынамыз.

Сыннан қорықпа, сын тазартады. Сыншылар қашанда толып жатады. Әрқайсысының әртүрлі мақсаты бар: біреулер көре алмағаннан, біреулер шынымен келісе алмай айтады.

 

Адам баласының бойындағы ең нашар қасиет- күншілдік. Күншіл болма, ол неге менен озып кетеді деме, мен неге оған жетіп озып кетпеймін де. 

 

Біреу мақтай қалса күпінбе. Мақтауға лайықсың ба, жоқ, бекер айтылып тұр ма, ішің біліп тұрады, өзіңді алдама. 

 

Өзіңді-өзің тежеуді үйрен және оны ұдайы жаса, себебі өзін-өзі тоқтата алмайтын адам тежегіші жоқ машина секілді. 

 

Шыдамсыз болма. Шыдамсыздарға қымбатқа түсетін нәрсені шыдамдылар тегін пайдаланады. 

 

Екі нәрсе есіңде болсын: лажы барынша мұң шақпа және ешкімнен ештеңе тіленбе. Көбісі мұңынды бәрібір түсінбейді, сөз етеді, көңілің қалады. Кімнен, нені, қай көлемде сұрағаның- сенің ақыл-парасатыңның, мүмкіндігіңнің, ұятыңның өлшемі.

 

Жақсылық та, жамандық та бойға  біртіндеп сіңеді. Бара-бара оған қалай көндігіп, билігіңнен айырылып қалғаныңды білмей қаласың.

 

Аспанға тас лақтырма, төбеңе қайтып түседі.

 

Ашумен басталған іс ұятпен тынады.

 

Өзіңде бардың барлығын бір-ақ рет көрсетіп қойма, ертең де күн бар. Адам-жұмбақ, ол түгел шешіліп болған соң, қызық болмай қалады.

 

Кеудеңе өкпе-реніш жинама. Көзе тамшыдан толады, кеудеге де зіл біртіндеп жиналады.

* * *

Әр аптаны дұрыс жоспарлауға арналған 6 кеңес

Жоспарлау - дұрыс әрекеттердің жүзеге асуын тездетеді және қателіктердің алдын алады. Алайда бұл нәтижелі тәсілді өз ісінің өнімділігін арттыру үшін санаулы адам ғана қолданады.

Есіңізде болсын, уақыт пен алда болатын іс-әрекетті жоспарлау әдеті өмір сүру формасын өзгерте отырып, қалаған нәтижеге жетуге көмектеседі.

Олай болса, аптаны жоспарлауға байланысты біз ұсынған кеңестерді қажетіңізге жаратыңыз.

1. Апталық жоспардың сәтті болуы күндік жоспарды қалай орындағаныңызға байланысты. Сондықтан әр жексенбі келер аптаның жұмыс тәртібін жазып шығыңыз. Сондай-ақ міндетті түрде уақытын белгілеңіз.

2. Апталық жоспарды жазуда google күнтізбесін пайдалану ең тиімді әдістердің бірі. Әр күніңізді арнайы бағандарға жазып, ескертпеге белгілеп қоя аласыз. Бұл қосымшаның тағы бір ерекшелігі, тізім бойынша істелу керек жұмыстарды 30 минут сайын есіңізге салып отырады.

3. Егер телефон қолдану тиімсіз десеңіз, қағазға жазуыңызға болады. Себебі қағазға түспеген мақсат пен жоспардың орындалмай қалу ықтималдылығы жоғары.

4. Күндік жоспар бойынша алдымен ең маңызды әрі энергияны талап ететін жұмыстарды орындауға тырысыңыз. Мұндай істерді түскі уақытқа дейін істеуіңізге болады. Ал түстен кейін айтарлықтай күшті талап етпейтін, жеңіл істерге көңіл аударасыз. Сонымен қатар маңызды істердің бәрін бір күнге қоймаңыз. Өйткені орындалмай қалса, өзіңізге деген сенімділік жоғалуы мүмкін.

5. Егер өзектілігін жоғалтпаған, бірақ орындалмай қалған тапсырмалар болса, кейінгі күнге ауыстыра аласыз. Бірақ ауыстырған күні орындауға тырысыңыз.

6. Бастаған ісіңізді аяқтамай жатып, келесі іске көшпеңіз. Бұл жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді.

Ал сен апталық жоспар құрасың ба?

* * *

Көшпелілердің сауда байланысындағы ережелері

Көшпенділер дәуірінде ақша құны белгілі бір мал басымен өлшенгенін айтып келеміз. Нақтырақ айтсақ, қой-жылқының белгіленген бағасы болды. Соған байланысты тауар айырбасы қарқынды жүрді.

Сақтар өз дәуірінде жеңілдік ұғымының балама түрін қолданды. Әрине, бұл шаруашылықпен тікелей байланысты болды. Яғни, жеңілдік үлесінің орнына жайылымға жарайтын шұрайлы жерлерді игерімге пайдаланды.

Б. з. б. II мыңжылдықтың ортасына қарай шаруашылықта алыс жерлерге көшуге және қысты күні тебінгілі жайылымға бейімделген қой мен жылқы сияқты жануарлардың үлес салмағы күрт өседі. Тұрғындардың көшіп-қонуы артып, далалық жайылым алқаптарын игеру үрдісі жүріп жатты.

Қазақстан аумағында б. з. б. II мыңжылдықтың орта шенінде болған тұңғыш ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылық қызметінің жаңа түрі — көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының біржола қалыптасуы үшін қажетті алғышарттар жасады.

Б. з. б. II мыңжылдықтың аяғы мен I мыңжылдықтың басында, басқа далалық аудандардағы сияқты, Қазақстанда да климат өзгеріп, барған сайын қуаң тарта берді. Табиғи су көздері кеміді, оның өзі үлкенді-кішілі өзендердің жайылмаларында егіншіліктің өрістеуін тежеді, ал кейбір аудандарда оны күрт қысқартты. Ежелгі тайпалар өз өндірісін тез жетілдіре алмады. Олар орын алған жағдайдан шығудың бір ғана жолы— жер аумағын кеңейту деп білді. Осылайша, мал шаруашылығының көшпелі және жартылай көшпелі түрлеріне ауысу басталды.

Көшпелі мал шаруашылығына көшу дала мен шөлді жерлердегі тайпалар өмірінде экономикалық ірі прогресс болды.

Ежелгі авторлардың еңбектерінде Еуразия далаларындағы мал өсіретін тайпалардың шаруашылығы мен тұрмыс салты сипатталады. Оларда «Суы мол, шөбі шүйгін өpic қарап, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүреді» деген бір ғана тұжырым жиі қайталанады. Яғни, бұл тұжырымнан экономикасының дамуы үшін олар жайылымға жақсы жерді таңдағанын аңғарамыз.

* * *

Қаржылық сауат: кіріс пен шығысты қалай есептеу кажет?

Қаржылық сауаттылық бойынша кіріс пен шығысты есептеп отырудың маңызы жоғары.

1. Атап айтатын болсақ, біріншіден - қаржылық сауаттылықты тұрақты түрде бақылауға аласың.

2. Екіншіден - қажетсіз шығындарды азайтасың.

3. Үшіншіден - діттеген мақсаттарыңа тез жете аласың. Мәселен, саяхаттауға көңіл бөліп, ойыңда жүрген бағалы затты алуға мүмкіндік туады.

Ақшаны басқару әрі оны дұрыс бағытта жұмсау - қиын емес. Мұны кез келген жастағы адам меңгере алады. Тек қарапайым әдісін үйреніп, нақты әрекетке көшсең жеткілікті. Ал нәтижесін бір айдан кейін байқайсың.

Сонымен табыстар мен шығыстардың есебін күнделікті жүргізіп отыру үшін арнайы дәптер баста. Егер дәптер ыңғайсыз болса, электронды түрде жүргізуіңе де болады. Мысалы, IOS AppStore және Android PlayMarket платформаларында кіріс пен шығысты есепке алу бойынша көптеген қосымша бар.

Ақшаны дұрыс басқару үшін табыс көзі мен шығыстарды дұрыс бөлуіміз керек.

Кіріс

Тұрақты түрде түсіп отыратын – жалақы, зейнетақы, шәкіртақы;

Күтпеген жерден түсетін – сыйақы, бір рет берілетін табыстар;

 

Шығын

Тұрақты шығын - яғни, азық-түлік, шаруашылық тауарларын сатып алу, коммуналдық қызметтерді, жолақы, оқу ақысын төлеу;

Жеке кәсіпке немесе білімге арналған инвестиция. Мәселен, курсқа қатысу, тауарларды сатып алу, орынды жалға алу;

Жоспарланған шығын немесе күтпеген жерден орын алған оқиғалар. Мысалы, көңіл көтеретін іс-шара шығындары немесе киімге кететін шығын;

Ай сайын төленетін несие.

 

Кесте дайын болғаннан кейін айлық табысыңның шығындарға жетіп-жетпейтіндігін байқай аласың. Егер кіріс шығындарды жабуға жетпей жатса, қажеттіліктерімізді маңыздылығы мен жеделдігіне қарай ретпен тізіп жазамыз. Содан соң тізім бойынша ақшаны жұмсаймыз.

Сонымен қатар, күтпеген жағдайлар үшін ақша бөліп қойғанымыз жөн. Бұл қор күтпеген қиындықтар туындаған жағдайда үлкен көмегін тигізеді.

Егер шығынға бөлінген қаражат артылып жатса, оны келесі айға қосуға, басқа маңызды бір қажеттілікті жабуға немесе арнайы қорға қосып қоюға болады.

Ал қандай да бір бағалы зат немесе ақылы білім алғың келсе, сол мақсаттарыңа жету мерзімін белгіле. Содан соң әрбір мақсатыңа жету үшін айына қанша ақша жинай алатыныңды бағала. Бұл жалпы табыстан барлық шығысты алғаннан кейін қалатын сома болуы тиіс.

Мақсаттарыңа жету үшін жеткілікті соманы қандай мерзімде жинай алатыныңды есепте.

1. Қанша сома қажет екенін анықтау;

2. Мақсатқа жету мерзімін білу;

3. Белгілі бір соманы ай сайын жинау.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 40 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: