08:24
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз...

* * *

Сіз кімсіз: Экстраверт, интроверт әлде амбиверт?

Адам табиғатынан экстраверт, интроверт немесе амбиверт болады.

Экстраверттер кез келген ортада адамдармен тез тіл табысып, байланыс орнатуға бейім боп тұрады. Сол себепті олар көпшілікпен сөйлесу арқылы күш, қосымша энергия алады.

Негізі экстраверт болсаңыз, өмір сүру жеңілірек. Себебі мұндай адамдар эмоциясын сыртқа шығара алады. Мәселен, ашу-ыза, реніш сынды жағымсыз дүниелер орын алған сәтте, бірден шешуге тырысады. Ішінде сақтамайды. Өмірге тек позитивпен қарайды.

Бұған қоса олар діттеген мақсаттарына жетпейінше, тыным таппайтын жандар. Олар тәуекел етуден қорықпайды. Әрдайым жаңа мүмкіндіктерді іздеп жүреді. Келеңсіздіктер болған жағдайда, беріле салмайды. Күреседі. Талпынады. Осылайша, әрекетіне қарай белгілі бір деңгейде жетістікке жете алады.

Ал интроверттер «ішімдегіні тап» деп тұратын, томаға-тұйық адамдар. Олар көп жағдайда сезімдерін іште сақтап, өздеріне берілген мүмкіндіктерден айырылып қалып жатады. Олар өте сабырлы болып келеді.

Интроверт адам жалғыз қалудан қорықпайды. Керісінше, жалғыздық оларға күш береді. Кез келген іске зейінін қойып, салмақты түрде қарайды. Эмоцияға беріліп, бірден шешім шығармайды. Олар бәрімен бірдей ашылып сөйлесе алмайды. Белгілі бір адамдармен ғана қатынас құра алады. Интроверттер жалғыз қыдырып, тыныштықта сүйікті ісімен шұғылданғаннан ләззат алады.

Ал кей адамдарда экстравертке де, интровертке де тән қасиеттер болады. Мұндай жандарды амбиверт деп атайды. Олар «бірде көл, бірде шөл» мінезді адамдар. Яғни, бір күні белсенді болып жүрсе, келесі күні ешкіммен сөйлеспей қоюы мүмкін. Сонымен қатар олар тек өзінің жаны қалайтын іспен ғана шұғылданады.

Ал сіз адамдардың қай санатына жатасыз?

* * *

Қазақ қоғамының дәстүрлі шаруашылығын жою саясаты қалай жүзеге асты?

Кеңестік жүйенің қазақ қоғамын дәстүрлі даму жолынан тайдыру үшін жүзеге асырған саяси-шаруашылық шарасының бірі - көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру болды. Алғашқы жылдардан бастап қазақ өлкесінің табиғи-климаттық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере қоймаған кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе 20-жылдардың ортасына қарай көшпелі қазақ шаруаларының отырықшыландыру мәселесіне назар аудара бастады.

Бүкілресейлік ОАК пен РКФСР ХКК 1924 жылы 17 сәуірдегі ережесі бүкіл елде шаруа қожалықтарын күшпен ұжымдастыру науқанына ықпал жасады. Жаңадан құрылатын колхоздар көшпелі және жартылай көшпелі бола алмады. Оның үстіне бүкіл одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі шаруалар қожалықтарының 80 %- ға жуығы осы қазақ жерінде болатын. Мемлекеттік жоспарлау бойынша Қазақстандағы көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар сандары 706 мыңды, жұмыс істеуші 7 млн-нан астам адам құрады.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің бюросы 1929 жылы 6-қарашадағы мәжілісінде 1929 – 1930 жылдар, яғни отырықшыландырудың алғашқы жылында, осы шарамен кем дегенде барлық қожалықтардың 12 %-ын қамтуды жергілікті органдарға міндеттеді. Қаулыда көшпелі тұрмыстың «социалистік құрылыспен үйлесе алмайтындығы» тағы да атап көрсетілді. Өлкелік партия комитетінің 1930 жылы 19 –қаңтардағы қаулысы бұл жұмысты жаппай ұжымдастыру негізінде күшейте түсу қажеттігіне баса назар аударды.

 

Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру туралы мәселе Қазақ АКСР ОАК-нің 1930 жылы қаңтарда болып өткен 2-сессиясында жан-жақты әңгіме болып, онда «Қазақ халқын отырықшыландыру жолдары туралы» арнайы қаулы қабылданды. Онда қабылданған шешімдері орындау үшін Қазақ АКСР ХКК-нің жанынан Отырықшыландыру жөнінде тұрақты комитет құрылды. 1930 жылға арналған отырықшыландыру аудандарын анықтау туралы мәселе осы комитеттің ақпанда болған мәжілісінде арнайы қаралды.

Бірінші бесжылдықта 380 мың қазақтың көшеплі және жартылай көшпелі қожалықтарын отырықшыландыру көзделді. Алайда, шын мәнінде, осы кезеңде нақты отырықшыланғандар 70,5 мың ғана қожалық болып шықты. Бұл отырықшыландыруға тиісті қазақ қожалықтарының 17,6 % ғана еді. Қазақстан басшылығы отырықшыландыру үрдісін Бүкілодақтық екпінді шараға айналдыруға барынша күш салды.

Осы мақсатпен жергілікті жерлерде Қазақстан одақтағы көшпелі халықтар арасындағы отырықшыландыру пионері болуы тиіс ұсыныс белең алды. Алайда оның ешқайсысы одақтық үкімет тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Орталық бұл жылдары жаппай ұжымдастыру шараларын жүргізуді алғашқы орынға қойды.

Отырықшыландыру шараларын жүзеге асыруды қиындата түскен басты нәрсе – оған деген бюрократиялық және әкімшіл-әміршіл біржақты көзқарастың орын алуы еді. Осының әсерінен отырықшылана бастаған шаруаны құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мүмкін болмай қалды. Бұл, әсіресе, Қазақстаннан тыс жерлерден ағаш тасып әкелуге байланысты жұмыстарда анық көрініс берді. Ағашпен қамтамасыз ету жоспарлары орындалмай, жаңа құрылыстар бар болғаны 25 -30 % құрылыс материалдарымен ғана қамтамасыз етілді. Отырықшыландыру үрдісі басталғанда техникалық жабдықтау мәселесі аса үлкен қажеттілікке айналды. Сондықтан, отырықшыланатын қазақ ауылдарын соқамен, тырмамен, тұқым сепкіш машинамен алдын-ала қамтамасыз ету жоспарлары белгіленді.

* * *

Кредит: аннуитет пен дифференциялды төлеудің қайсы тиімді?

Кредит түрлерін талқылаймыз.

Қазіргі таңда несие алмаған адам жоқ шығар. Демек әр адам банктік несиенің ай сайынғы төлемдері негізгі қарыз бен пайыздардан тұратынын білуі тиіс. Негізгі қарыз — несие мөлшері. Тарқатып айтсақ, банк берген ақшаны сол несие мерзіміне бөлгенде негізгі қарызымыз шығады.  Сыйақы — бұл банктің сізге несие бергені үшін алып отыратын сомасы. Қазақстанда несиені өтеу екі жолмен жүзеге асырылады: аннуитеттік және теңдей бөліп төленетін түрі (дифференциялды).

Қазақстан Республикасындағы «Банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес несиені рәсімдеу кезінде банкке қалай төлем жасайтыңызды өзіңіз таңдайсыз. Енді осы екі әдістің сіз үшін тиімді және тиімсіз тұстарын саралап көрейік.

Аннуитеттік төлем

Егер несиені аннуитеттік жолмен төлеуді таңдаған болсаңыз, онда сіздің ай сайынғы төлемдеріңіз біркелкі болады. Есептеуге ыңғайлы. Бірақ үстінен артық төленетін ақша дифференциялды түрімен салыстырғанда көп болады. Демек сайып келгенде қаржылық жағынан тиімсіз. Тек сізге кредит беру туралы шешім қабылдағанда, аннуитетті таңдаған болсаңыз, банктің мақұлдау мүмкіндігі артады. Себебі бар төлем біркелкі бөлінгендіктен, ай сайынғы жүктеме көп болмайды.

Дифференциялды төлем

Бұл жағдайға негізгі қарыз несие мерзіміне теңдей бөлінеді. Бірақ есесіне сыйақы жүктемесі несиенің бірінші жартысына көбірек есептеледі. Бастапқы төлемдердің тым үлкен болатыны да осыдан. Ай сайын төлеміңіз азая береді. Егер несиені ертерек жауып тастауды жоспарлап отырсаңыз, бұл ең қолайлы әдіс. Әрі аннуитетке қарағанда артық төлем сомасы әлдеқайда тиімді болып шығады.

Екі төлем түрінің қайсы дұрыс?

Аннуитетте бас кезінде айлық төлемдер дифференциялды төлем түріне қарағанда аз шығады. Бірақ кредит мерзімінің орта тұсынан бастап дифференциалды төлемнің ай сайынғы жүктемесі аннуитетке қарағанда азая бастайды. Ал банк сыйақысынан үнемдегісі келгендер дифференциялды төлем түрін таңдауы тиіс.

Қортындылай келе, кредит дифференциалды төлем түрімен болса, ортақ артық төлеу сомасы аннуитеттен аз болады. Бірақ басындағы сомалар тым көп болғандықтан, бұл жағдайда қиналып қалуыңыз мүмкін. Бірақ кредитті орта мерзімінен ерте жабатындар үшін дифференциялды әдіс қаржылық жағынан өте тиімді болады. Себебі негізгі қарыз ай сайын біркелкі азайып отырады. Ал аннуитет кезінде сіз басында банк пайызын төлеп жүресіз. Негізгі қарызыңыз азаймайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 51 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: