20:23
Қазақ әдебиеті әлемінен

«ЖАНҚОЖА БАТЫР»  тарихи жыр. 19-ғасырдың орта шенінде Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан отаршылдығына қарсы күресін суреттейді. И.В.Аничков жырды 1893 жылы қағазға түсіріп, «Қазан университетінің археология, тарих, этнографи қоғамының хабаршысында» (1894, ХІІ т., 3-бөлім) жариялаған. Жырда Кенесары, Төлек, Арынғазы, Есет, Бекет, Бабажан, т.б. тарихи тұлғалар мен Үргеніш, Бұхара, Райым секілді жер-су атаулары көптеп кездеседі. Жекелеген ру аттары да көрініс тапқан. «Жанқожа батыр» жырының көлемі шағын, 161 жол. Тілі көркем. Мысабай жыраудан жазылған осы жыр үлгісін С.Сейфуллин «Жаңа әдебиет» журналының 1926 жылғы 5-санында араб әрпімен жариялаған. «Жанқожа жайлы өлең» деп аталған жырдың осы үлгісі Т.Қоңыратбаевтың «Ертедегі ескерткіштер» (1996) зерттеуінде қайта басылған. Қазақстанның Орталық ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар қорында «Жанқожа батыр» жырының бірнеше үлгісі сақталған. Олар «Жанқожа батыр», «Жанқожаның тарихы», «Жанқожа батыр мен Бабажан сарт». Бұл нұсқалардың біреуі қара сөзбен, өзгелері өлеңмен жазылған. Жинаушылары – М.Ахметов, Баймұхамбетов, С.Бөлекбаев, Қ.Көрегенов, Қалижанов, Қ.Сұлтанов, Н.Қарабатыров, т.б.

 

ЖАНУАРЛАР ТУРАЛЫ ЕРТЕГІЛЕР, хайуанаттар жайындағы ертегілер – көне замандағы мифтер мен әр түрлі тұрмыстың, аңшылық әңгімелердің негізінде пайда болып, кейінгі қоғамдағы адамдар мінезін, олардың өзара қатынасы мен байланысын аллегориялық түрде жан-жануар бейнесі арқылы тұспалдап көрсететін ауызекі эпикалық әңгімелер. Бұлар, негізінен, үш топқа жіктеледі: этиологиялық жануарлар туралы ертегілер, классикалық жануарлар туралы ертегілер және мысал ертегілері (аполог). Этиологиялық ертегілер – өзінің шығу мерзімі жағынан жануарлар туралы ертегілердің ең көнесі. Мұнда хайуанаттардың сыртқы пішіндегі немесе жүріс-тұрысы, мінез-құлқындағы бір ерекшелігі, оның солай болу себебі жайында баяндалады. Бұл топтағы ертеілердің басты ерекшелігі – оқиғаны себеп-салдарлы сипатта баяндауы және байырғы синкреттілікті сақтап қалуымен этиологиялық мифке жақын болуы. Бұл ертегілердегі негізгі кейіпкер жануарлардың сипаттамасы басқа елдер ертегілерімен сарындас. Мысалы, түлкі – аса айлакер, екіжүзді, алаяқ қу, қасқыр мен жолбарыс – адуынды озбыр, қара күш иесі, аю болса – икемсіз, қарабайыр, т.б. Шығыс және Еуропа халықтарының жануарлар туралы ертегілерінің негізін классикалық жануарлар туралы ертегілер құрайды. Көбіне балаларға арналған адам мінезінің ақыылдылық, ақымақтық, қулық-сұмдық жақтарын суреттеу арқылы ашып береді. Классикалық жануарлар туралы ертегілердің құрылымы онша күрделі емес. Олардың сюжетінің әрі композициясының негізі хайуанаттар арасындағы кезедсулер мен қақтығыстарға құрылады. Бір сарынды эпизодтардың өзгермей, үнемі қайталанып келетін түрі көптеген әлем халықтары ертегілерінде бар. Олардың үлгілері – «Қотыр торғай», «Кім неден күшті», т.б. ертегілер. Мысал ертегілер – мұнда баяндау белгілі бір моральдық қағида мен тұжырымды дәлелдеуге бағытталады, сол себепті ертегі көп жағдайда нақылмен аяқталады. Қазақ халқының мысал ертегілері шығыс фольклорымен тығыз байланысты. Орта Азияға, Қазақстанға кең тараған «Калила мен Димна», «Тотынама», т.б. жануарлар туралы ертегілер адам болмысының ертедегі тотемдік сенімдермен байланысты туған. Жануарлар туралы ертеілердің прозалық баяндаудан өлеңге көшіп отыратын үлгілері де кездеседі.

 

ЖАҢЫЛТПАШ – қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылтпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру, жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылтпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң мен қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қара сөз немесе өлең түрінде келеді. Қазіргі кезде жаңылтпаш жаңа мазмұнға ие болып, түрі мен мазмұны жағынан молыға түсті. Жас ұрпақты достыққа, бірлікке, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге тәрбиелеудің маңызды құралына айналды. Мысалы: «Қамаштан көріп қалашты, Қалашқа Жарас таласты. Бөлінсін десең қалаш тең, Таласпа Жарас Қамашпен». Тәрбиелік маңызы бар мұндай жаңылтпаштар балабақшалар мен мектептерде жиі қолданылады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 116 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: