18:30
Қазақ әдебиеті әлемінен

«ЕР КӨКШЕ» – тарихи жыр. Дастанның бірнеше нұсқасы бар. Ертеректе Ертіс бойынан жазылып алынғандары – В.В.Радлов пен Мәшһүр Жүсіп Көпеев нұсқалары. Жырда Ер Көкше мен Ер Қосай сияқты батырлардың елін сыртқы жаудан қорғауға жанын құрбан еткен ерлігі дәріптеледі. «Ер Көкше» жырының нұсқалары Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы. Одан басқа Каспий өңірінде Мұрын жырау, Сырдария, Арал бойында Хангелді Асайын, Бисен Сарманов айтқан нұсқалары бар. Ақын К.Көшкіншіұлы жырлаған нұсқасы Түркістан маңына кеңінен мәлім. Каспий өңірінен Түркістан аймағына дейін таралған нұсқасында Орманбет хан өліп, он сан ноғай жұрты бөлінген кездегі Көкше батыр ерлігі суреттеледі. Бұл жырдың Мұрын жырау жырлаған нұсқасы жарық көрген (1990).

 

«ЕР ҚАБАНБАЙ»  – тарихи жыр. Қаракерей Қабанбай (шын аты – Ерасыл) туралы жырлар 18-ғасырда туып, 19-ғасырда хатқа түсе бастаған. «Ер Қабанбай» жырының ертеректегі қолжазбалары Санкт-Петербург (Березин мұрағаты), Омбы (Г.Н.Потанин мұрағаты), Қазан (Қазан университеті қоры, Б.Тәуекелұлы өткізген) қалаларында сақталған. Қабанбай батыр туралы жырлардың кейінірек жазылып алынған мәтіндерінің саны оннан асады. Жырларды сақтап жеткізушілер: Қ.Әбжанұлы, Қ.Омарұлы, Н.Байматайұлы, Б.Мергенбаев, Ә.Құрманов, Е.Ахметбеков, Қ.Әділбеков, Т.Мағзиев, т.б. «Ер Қабанбай» жырларының Нұғыман нұсқасы (1936), Потанин нұсқасы (1972) жарық көрсе, Қ.Әділбеков нұсқасы (1976) күйтабаққа жазылған. Жырдағы оқиғалар үш ірі қақтығыс төңірегінде шоғырланан: Қабанбай мен жоңғар батырларының жекпе-жегі, Қабанбай мен Дәулетбай, Қабанбайдың  қайта айналып шапқан жаумен шайқасы. «Ер Қабанбай» жыры Қабанбай батырдың туысы Дәулетбайға жорықта алып жүретін ақ туын тапсырып тұрып, «еліңе ие бол, жауыңнан сақтан, Қабанбай өлді дегізбе» деп айтқан өсиетімен түйінделеді. Қабанбай батырдың өлімі жырдың шарықтау шегі болып табылады. Жыр Қабанбай сүйегінің моладан ұшып кетуі сияқты аңыздық-мифтік сарынмен аяқталады. Жырда тарихта болған адамдар есімі мен географиялық атаулар да кездеседі. Бұл жырдың нақты тарихи деректерге негізделгенін дәлелдейді. Қабанбай батыр туралы дастан-жырлардың нұсқалары Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.

 

«ЕР ҚОСАЙ» – батырлар жырларының бірі. Жырда 14-15 ғасырда өмір сүрген, тарихта белгілі Ер Көкше батырдың баласы туралы баяндалады. Жоңғарлардың қазақ даласына шабуылы 17-ғасырда басталады, яғни жырдағы соғыс оқиғалары осы кезден кейін қосылған сияқты. Жырдың бірнеше нұсқасы бар:

а) В.В.Радлов орыс әрпімен қазақ тілінде бастырып шығарған «Ер Көкше» жырында көбінесе қара сөз араласып келеді. («Образцы народной литературы...», СПб., 1870). Осы еңбектің үшінші томында жыр Көкше жайында басталғанмен, негізінде Ер Қосай туралы баяндалады;

ә) «Ер Көкше және оның баласы Ер Қосай» деп аталатын нұсқаны Г.Н.Потанин орыс тілінде жариялайды («Казахкиргизские и алтайские предания, легенды и сказки», 1918). Бұлардан басқа біздің заманымызда жазып алынған А.Хангелдин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев нұсқалары, атақты жырау Мұрын Сеңгірбаев жырлаған нұсқа сақталған. Жырдың барлығының мазмұны ұқсас, негізгі табықырыбы – Отан қорғау, идеясы – ел бірлігін сақтау. Ш.Уәлиханов «Қазақтың халық поэзиясының түрлері» атты мақаласында (1858) көкшетау округіндегі «Қойлы –Атығай» болысының қазағы Арыстанбайдың орындауында «Ер Көкше – Ер Қосай» жырын естігенін айта келіп, жазып алмағанына өкініш білдіреді және дастанды жоғары бағалайды. «Ер Қосай» дастанының әр жылдары жиналған 7-8 нұсқасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 142 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: