16:08
Қазақ әдебиеті әлемінен

«ЕР ЕДІГЕ» – тарихи қаһармандық жырлардың ортақ атауы. Алтын Орда хандарының ақылшысы, халық қамқоры болған Едіге батырдың Тоқтамыспен арадағы соғыстарын арқау еткен аңыз-әңгіме, дастан-жырлар халық арасына кең тараған. Едіге жайлы тарихи құжаттар Мәскеу мұрағаттарында, Никонов шежіресінде, «Дүние жүзі тарихының» 3-томында кездеседі. Оның өмірі мен соғыстары туралы жырлар мен аңыздар қазақ қана емес, татар, ноғай, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, қырым татарлары, құмық, түрікпен, т.б. халықтар арасында кездеседі. Жырдың әртүрлі нұсқаларын кезінде Ш.Уәлиханов, П.М.Мелиоранский, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, И.Н.Березин, И.А.Беляев, Н.И.Веселовский, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты белгілі ғалымдар зерттеп, жоғары бағалаған. Академик В.М.Жирмунскийдің айтуынша, «Ер Едіге» жырының орыс тіліне аударылған 30 нұсқасы (оның 15-і қолжазба күйінде сақтаулы) бар. Ал Қазақстанның Орталық ғылыми кітапханасында жырдың 6 нұсқасы сақталған. «Ер Едіге» туралы жырлар 19 ғасырда жариялана бастады. 1820 ж. «Сибирский вестник» газетінде жырдың қысқаша мазмұны алғаш рет қар сөзбен жарияланған. Юұдан кейін жырдың ноғайша нұсқасы ағылшын тілінде 1842 ж. Лондонда жарық көрген «Парсының халық өлеңдері» фольклорлық жинағына енгізілген. 1873 ж. Радлов жырдың өлең аралас қара сөзбен баяндалған татар тіліндегі нұсқасын, 1898 ж. Потанин Едіге туралы төрт ертегіні өз еңбектерінде жарияланған. 1896 ж. Ташкент қаласында баспадан шыққан Диваевтың этнографиялық материалдарының «Мырза Едіге батыр» деген тарауында Едіге мен Тоқтамысқа байланысты аңыздардың орыс тіліндегі аудармасы берілген. Ғалым бұл еңбегін «Мырза Едіге» деген атпен 1922 ж. араб әрпімен қайта бастырды. Қазақ зерттеушісі ш.Уәлиханов ұсынған алғашқы нұсқа оның 1904 ж. Санкт-Петербургте Веселовскийдің редакциялауымен жарық көрген жинағында жарияланған. Шоқан бұл жырды алғаш 1841 ж. Аманқарағай округінде Жұмағұл ақыннан естігенін жазады. Кейін әкесі Шыңғыс екеуі Арыстанбай ақынның айтып жүрген нұсқасымен салыстырып, қағазға түсірген, кейін, орыс тіліне аударған. Ал оның қазақша нұсқасын 1905 ж. Мелиоранский баспадан шығарды. Қ.Сәтбаев 1927 ж. Мәскеудегі КСРО халықтарының орталық баспасынан «Ер Едіге» жырының жаңа басылымын шығарды. Дастан қазақ тілінде3 мың дана болып басылған. «Ер Едіге» жыры С.Сейфуллиннің (1934), С.Мұқановтың (1939) құрастыруымен жарық көрген. Сәтбаев нұсқасы 1989 ж. Сәтбаевтың бір томдық таңдамалы мақалалар жинағына енгізілді. Едіге батыр туралы жырлардың жеті нұсқасы бір кітап көлемінде топтастырылып (құрастырған О.Нұрмағамбетова) 1995 ж. жарық көрді. Осы жинаққа енген жыр нұсқалары: «Едіге жыр» (Ш.Уәлиханов нұсқасы), «Ер Едіге» (Қ.Сәтбаев нұсқасы), «Мырза Едіге батыр» (Ә.Диваев нұсқасы), «Ер Едіге» (Мәшһүр Жүсіп нұсқасы), «Едіге» (Мұрын жырау нұсқасы), «Мәулімнияз – Едіге» (Нұртуған нұсқасы), «Едіге батыр эпосы» (Қарақалпақ нұсқасы), е.Мағауин «Едіге батыр» жөнінде зерттеу еңбек жазған.

 

«ЕР ЖАСЫБАЙ»  – тарихи жыр. «Ер Жасыбай» жырын 1939 ж. Ә.Марғұлан Павлодар облысындағы Екібастұз қаласының тұрғынынан (аты-жөні белгісіз) жазып алған. Көлемі – 850 жол. Жыр Жасыбай мен әкесі Тұяқтың жоңғарларға қарсы ұрысын суреттеуден басталады. Осы шайқаста ауыр жараланған Тұяқ қаза болар алдында баласына інісі Темірді тауып алуды аманат етеді. Еліне қайтқан Жасыбай Қарабайдың құлы болып жүрген інісі Темірді тауып, босатады. Жыр соңы Жасыбайдың қалыңдық іздеп жолға шығуымен аяқталады. «Ер Жасыбай» жыры қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінің бір кезеңін суреттейді. Негізгі идеясы – туған жерді жат жерлік басқыншылардан қорғау, ерлік пен елдікті дәріптеу. Қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында Жасыбай көлі, Жасыбай асуы деген жерлер бар. Жасыбай батыр жерленген бейіт те сол асудың үстінде. Жыр қолжазбасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы.

 

«ЕР ЖӘНІБЕК» – тарихи жыр. Ер Жәнібектің жоңғар қалмақтарына қарсы күресі баяндалған. «Ер Жәнібек» деген атпен 1995 ж. «Жұлдыз» журналының 5-6-сандарында жарияланған. Жыр Жәнібектің әкесі ерте қайтыс болғандықтан, оның тәрбиесі нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек бидің қолына өтуінен басталады. Он сегізге келіп, күш ұайраты толысқан кезінде Жәнібек Абылай қолына қосылып, жоңғарға қарсы жорыққа аттанады. Жырда Жәнібек батыр ғана емес, айтулы шешен адам ретінде көрінеді. Қолжазба Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 140 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: