13:33
Қазақ әдебиеті әлемінен

ДЫБЫС ҚАЙТАЛАМА – біркелкі не үндес дыбыстарды бірнеше рет қайталау арқылы сөздердің бір-бірімен үйлесімділігін арттыру тәсілі. Әсіресе өлеңде жиі қолданылады. Өлеңдегі ұйқастың өзі де біркелкі, не ұқсас дыбыстарды қайталау негізінде пайда болатын сөз үйлестігінің бір түрі деуге болады. Ал дыбыс қайталама сан қилы болып келеді. Өлең ұйқасы секілді тармақтардың алдында ғана емес, кез келген жерде кедесе береді, және қатарынан бірнеше сөздерді қамтуы мүмкін. Мысалы, «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады. Толқымен толқын жарысад. Күңіренісіп кеңспен, Бітпейтін бір егеспен Жарысып жарға барысад...» Мағжанның «Толқын» атты өлеңінен келтірілген осы екі шумақтан дыбыс қайталау тәсілінің басты сипат-өзгешелігін айқын байқауға болады. Дыбыс қайталама кейде сөзді қайталау арқылы да жасалады. Бірақ сөзді қайталау шарт емес. Дыбыстық жағынан үйлес, үндес сөздер алынса да жеткілікті. Дыбыс қайталама тек дыбыс үйлестігін қуалау болмай, сөздің мағынасына айрықша көңіл аудару үшін қолданылады. Дыбыс қайталама сөздің үйлесімділігін күшейтеді, сол арқылы үйлес сөздерді ерекше назар аударып, ойда ұзағырақ сақтап қалуға мүмкіндік береді. Кейде сөздердің сыртқы сұлулығы, әсерлі үндестігіне де айрықша мән берілетіні байқалады. Дыбыс қайталама үлкен талғампаздықпен мөлшерден асырмай алынып және өте шебер қолданылса әдемі де келісті болады. Дыбыс қайталаманың ерекше келістіріліп жасалған өрнекті үлгісі ретінде Сәбит Дөнентаевтың «Қазақтарға қарап» деген өлеңін келтіруге болады: «Қамалған қараңғыға, қалың қазақ, Қайратсыз, қамсыз құрып қалдың, қазақ. Қарулап, қуатсызды қуаттандыр, Құрдан-құр қампитқанша қарын, қазақ. Қулардың құлқынына құм құйылсын, Қайдағы құлдың қайғыр қамын, қазақ. Қайтеді қайрылыссаң қарындасқа, Қасармай, қақырайып қырын қарап...» Осында «қ» дыбысының бастан-аяқ қайталанып, көптеген сөздердің басқы буыны «қа» болып, не соған үндес, үйлес келуі жай ғана дыбыс қуалаушылық демесек керек, себебі осы өлеңдегі мағынасы жағынан ең маңызды және негізгі тақырып та болып отырған «қазақ» деген сөздің айтылуына барлық дыбыс қайталаулар үйлес келіп отырады ғой. Әрине, мұнша мол дыбыс қайталаулар қолданылатын өлең сирек кездеседі. Ақын әдейі сөздердің сыңғырлаған бірыңғай үйлестіріп, тапқылық танытатын ойнақылығын құнттаған.

 

ДЫБЫС ҮЙЛЕСІМІ (инструментовка) – поэзияда дыбыс үндестігін пайдалану тәсілі. Фонетикалық және стилистикалық мән-мағынасына сай, әрбір сөз өлеңге жағымды тембр, эмоциялық бояу, нәр қоса отырады. Аллитерация, ассонанс, дыбыс қайталаушылық, дыбыс елуктеушілік сияқты тәсілдер дыбыс үйлесіміне негізделеді. Мысалы, Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын Немесе: Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұқсап, - деген Абай өлеңдерінің жолдары аллитерация және дыбыс қайталаушылық сияқты тәсілдерді қолдану арқасында құлаққа жағымды және ерекше эмоциялық нәр береді.

 

ДІЛМӘР СӨЗ, қанатты сөз, афоризм (грек. aphorismos – қысқа нақыл) – ғибрат түрінде айтылатын бейнелі сөз. Афоризмнің баламасы ретіндегі ділмәр сөз терминін А.Байтұрсынұлы енгізді. Ал Шәкерім Құдайбердіұлы «мәнді сөздер» деп атаған. Ділмәр сөз ойды жинақтап, тереңдетіп, салмақты, өрнекті, кестелі айтуға, мейлінше қысқа, түйінді тұжырымға, өткір мәнерлілікке, парасатты пайымға негізделеді. Мұндай үлгілі, дарынды сөдердің «тігісі жатық», мақал-мәтелдерден ерекшелігі – оның авторы белгілі. Әлемдік сөз өнерінде ділмәр сөздің өзіндік тарихы бар. Ділмәр сөз көне заманның ойшылдары Платон, Аристотель, Гераклиттен бастала тұра, туған халқымыздың әдеби-көркем мұраларында, әдебиет классиктерінің туындыларында да кездеседі. Мысалы, «Бақпен асқан патшадан, Мимен асқан қара артық, Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық» (Абай). Ділмәр сөздер: а) отан, халық , дәуірге; ә) оқу-білім, ғылым-өнерге; б) ақыл-парасат, арман-мақсат, үміт-тілекке; в) адамгершілік асыл қасиеттерге; г) достық, махаббат, ұрпақ, өмір, уақыт, ата-ана тәрбиесіне, мінез ерекшеліктеріне қатысты жасалады.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 146 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: