13:33
Қазақ әдебиеті әлемінен

ДИЮ (парсы – жын, пері)мифтік кейіпкер. Денелі, күшті, сиқырлы жан иесі түрінде бейнеленеді. Иесінің (бақсының, т.б.) қалауынша таңғажайып істер істейді-мыс. Дию, көбінесе, ертегілердің кейіпкері түрінде жиі кездеседі. Қазақ халқының қиял-ғажайып ертегілерінде дию кейде дәу деп те аталады.

 

«ДОСАН БАТЫР – тарихи жыр. Ресей үкіметінің 1868 ж. «Уақытша ереде» реформасының қысымына қарсы Маңғыстау түбегі қазақтарының Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған наразылық көтерілісін халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы ел аузындағы аңыз, әңгімелерге сүйеніп, арнайы дастан етіп толғаған. Бұл шығарма халық арасына кең таралып, отарлаушылық езгіге қарсы бас көтерудің тарихи шындығын көрсеткен көркем шежіреге айналған. Сәттіғұл жырының Орталық ғылыми кітапхана қорында түрлі нұсқасы сақталған. Мазмұны мен көркемдігі жағынан толығырақ нұсқасын латын әрпімен жаздырып, 1939 ж. Сәттіғұл ақын өзі тапсырған да, екіншісін 1941 ж. К.Нұрғазиев, үшіншісін 1947 ж. И.Ұйқыбаев сынды ауыз әдебиетін жинаушылар тапсырған. Сәттіғұл нұсқасы ақынның «Тоқсан толғау» атты жинағында (1967) жарияланды. «Досан батыр» жыры жайлы «Қазақ әдебиеті тарихында» (1961, 1-т. 2-кіт.), «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» кітабында (1979) және Қ.Сыдиықұлының «Ақын жыраулар» (1974), «Сарқылма қазына» (1996) монографиялық еңбектерінде талданды.

 

«ДОТАН БАТЫР» – батырлық жыр. Ертегіден өлеңге айналдырған жырдың негізгі идеясы – елін қорғаған ердің батырлығын үлгі-өнеге ету. Жыр мазмұнында ертегілік сюжеттер басым болғанымен қазақ эпосының байырғы тақырыбы – қалмақ басқыншыларына қарсы соғыс та елеулі орын алған. Ысмағұл Шәмсудинов жырды «Қисса-и Дотан Құбақанбай ұғлы уә һәм жалмауыз кемпірдің өлгені» деген атпен 1903 ж. Қазан қаласында «Университет» баспасынан жеке кітап етіп шығарған. Бұл кітап екінші рет 1915 ж. сол қалада «Мағриф» баспасынан жарық көрді. Жырдың басқа нұсқалары да бар. Кітаби нұсқаның көлемі 1900 жолдан тұрса, 1940 ж. КСРО ҒА Қазақ филиалына Мәлім Жүсіпов тапсырған жыр нұсқасы 1150 жолдан, 1941 ж. жазушы аманғали Сегізбаев тапсырған нұсқа 1950 жолдан тұрады. Жырдың ақын Нұралы Нысанбайұлы шығарған нұсқасы да бар. Бұл нұсқаны жыршы Қысраубек Амантайұлы ел аузынан жазып алып, 1948 ж. Тіл және әдебиет институтына тапсырған. Жыр нұсқаларының мазмұны мен сюжеті бір-біріне ұқсас, кітаби нұсқасында ғана аздаған эпизодтық айырмашылық бар.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 136 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: