16:03
Қазақ әдебиеті әлемінен

ДИДАКТИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ (didaktikos – үлгі, өнегелі, тағылымды)үгіт-насихаттық, өсиет сарын-сипатында түзілген, поэзиялық жанрда жазылған шығармалар. Атап айтқанда, дидактикалық-философиялық толғаудар, мысалдар, термелер, баталар, қанатты, нақыл сөздер, ғылыми-танымдық немесе қоғамдық-саяси философиялық-әлеуметтік тақырыпта жазылған поэзиялық трактаттар. Дидактикалық мазмұндағы туындыларда халықтық философия, педагогика, мораль, этика мәселелері, гуманистік сарындар баяндалады. Халықтың көркемдік және эстетикалық түсініктері, сан замандар мен ғасырлар бойы жинақталған біліклітік, ақылдылық тәжірибе, әдет-ғұрып, тұрмыс-салттағы жарқын дәстүрлер әңгімеленеді. Дидактикалық поэзия үлгілеріне Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі», Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы», Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түркі», Ахмет Иасауидің өсиет, үгіт сарындас сөздері жатады. Түркі тілдес халықтардың жазба поэзиясының бастау-бұлағы – оның дәстүрлі ауызша дидактикалық поэзиясы әрі бұл оның мазмұны мен түріне қыруар өрнектер қосқан.

 

ДИЛОГИЯ (di – екі және logos – сөз, әңгіме, баян) – бір-бірімен жалғастырылып, бір идеялық ой-тұжырымдар негізінде жазылған, басты кейіпкерлері ортақ, бірақ композициялық тұрғыдан дербес екі шығармадан құралған көркем туынды. Дилогияны құрайтын әр шығармада баяндалатын оқиға тиянақталып, көбінесе, негізгі кейіпкердің өміріндегі белгілі бір кезеңді қамтиды. Сондықтан екі шығарманың әрқайсысы өзінше аталып, жеке кітап болып та басыла береді. Әр бөлімнің жеке аттары болғанымен де оның сюжеттік желісінде, композициялық құрылымында тұтастық болады. Алғашқы бөлімдегі кейіпкерлер екіншісінде де әрекет жасап, авторлық идеяны ашуға қызмет етеді. Қазақ әдебиетіндегі дилогияның тамаша үлгісі Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» (1953) мен «Жат қолында» (1984) романдары. Екі романның да кейіпкерлері ортақ, бірақ екеуі де жеке-жеке шығарма. Сондай-ақ, З.Қабдоловтың «Ұшқын» (1956), «Жалын» (1963) романдарынан құралған «Біз жанбасақ» шығармасы, М.Мағауиннің «Аласапыран» (1981, 2-кіт. 1983), Ж.Молдағалиевтің «Торғай толғауы» мен «Сарыарқаның сүйіктісі» романдары, Қ.Мұхамеджановтың «Бөжірік бөрік астында» мен «Құдағи келіпті» (1950-61) пьесалары дилогияға жатады.

 

ДИССОНАНС (франц. dissonance, лат. dissono – үйлесімсіз дыбыстаймын) – әдебиеттануда өлең ұйқастарында кездесетін құбылыс; толымсыз ұйқастың бір түрінің атауы. Диссонанс түрлі өлең жүйелерінде түрліше сипатта болады; тоникалық жүйедегі оыс өлеңінде диссонанс – өлең ұйқастарындағы екпін түсіп тұрған дауысты дыбыстардың сәйкеспей, тек одан кейінгі дауыссыздардың ғана өзара үндесіп (ұйқасып) немесе бірдей болып келуі. Мысалы: слово – слева – слава. Ал силлабикалық жүйедегі қазақ өлеңінде диссонанс ұйқастың акустикалық құрылымындағы бір немесе бірнеше дауысты дыбыстардың сәйкеспей, үйлесімсіздік танытып, ұйқас құрамындағы дауыссыздардың түгел дерлік өзара үндесуіне негізделеді. Мысалы: «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек» (Абай). Диссонанс сирек, онда да көп (төрт, бес) буынды өлең ұйқастарының юастапқы буындарындағы селкеулік ретінде ғана әредік ұшырасады. Мысалы: «Қойшы аянбас сіздердей «қонағынан», Не бір серке сойылар, не бағлан. Жазбай тани қоясың жаздың нұрын, Жадыраңқы іңірдің қабағынан» (Т.Әбдікәрімов). диссонанс түзіп тұрған ұйқастардағы үндестік тек дауыссыз дыбыстардың үйлесіміне, яғни олардың өзара ұйқасып немесе қайталанып келуіне негізделетіндіктен, оны кейде консонанс (франц. conconne – үндесу) деп те атайды, бірақ бұл атау сирек қолданылады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 129 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: