10:30
Қазақ әдебиеті әлемінен

ҒҰМЫРНАМА, мемуар (грек. bios – өмір, grapho – жазамын) жеке тұлғаның өмірі мен атқарған жұмыстарының жылнамасы. Әдебиеттану ғылымында жазушының өмір жолын зерттеу. Бұл зерттеушілік жұмыс үшін өте қажетті, өйткені суреткердің өмірлік тәжірибесінің әдеуметтік-тұрмыстық жай-күйі, толғаныстары көркем шығармашылықта көрініс береді. Көркем бейнелердің прототиптерін білуге шығармашылық үрдісте жеке өмірлік материалдардың қорытылу жайын түсінуге, суреткердің зертханалық құпиясын ашуға көмектеседі. Сондай-ақ, күнделіктер, хаттар, замандастарының естеліктері және суреткердің өзі жазып қалдырған әртүрлі деректер ғұмырнама жазуға негіз болады. Биографияның бір түрі – автобиография, яғни автордың өзі жазып қалдырған ғұмырнамасы. Ғұмырнама – көркем ғұмырнама, ғылыми ғұмырнама, академиялық ғұмырнама, т.б. түрлерге бөлінеді. Ғұмырнама жазу дәстүрі көне дәуірден басталады (мысалы, Плутархтың «Салыстырмалы өмірі»). Әлемдік әдебиетте ғұмырнама жазудың шеберлері қатарында дж.Вазары, Дж.Фостер, С.Цвейг, РүРоллан, т.б. талады. Көне түркі ескерткіштері (7 ғ.( ғұмырнама үлгісімен жазылған. Мұның өзі қазақ әдебиетіндегі ғұмырнама жанрының тарихы ертеден басталатынын аңғартады. М.Дулатовтың 20 ғ. басындағы ғұмырнамалық мақалалары, М.Әуезовтің Абай, А.жұбановтың Құрманғазы өмірі мен шығармашылығы туралы жазған кітаптары қазақ әдебиетіндегі ғұмырнама жанрының кемелденуіне ықпал етті. Кеңестер Одағында «Тамаша адамдар өмірі» ғұмырнамалық сериясы танымал болған. 20 ғасырдың соңында Д.Қонаев, Х.Ерғалиев, М.Мағауин, Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов, т.б. тұлғалардың ғұмырнамалық шығармалары жарияланған.

 

ҒЫЛЫМИ-КӨПШІЛІК ӘДЕБИЕТ, ғылыми-танымдық әдебиет – белгілі бір ғылым туралы, сол ғылымды дамытқан ғалымдар жөнінде жазылған шығармалардың жалпы атауы. Ғылыми-көпшілік әдебиет, негізінен, сол саланың маманы емес адамдарға түсінікті тілмен жазылады. Тақырыбы жағынан ғалымдар ғұмырнамасын, іргелі және қолданбалы ғылымдар саласын, жиһанкездер саяхатын, т.б. қамтиды. Ғылыми-көпшілік әдебиет ғылымның жетістігін көпшілік қауымға насихаттаушы. Ежелгі Рим ойшылы К.Лукрецийдің (б.з.б. 1 ғ.( «Заттың табиғаты» және М.В.Ломоносовтың «Шынының пайдасы туралы хаты» осы бағытта жазылған шығармалардың алғашқылары. Кейін орыс баспагерлері Ф.Ф.Павленконың (1839-1900) «Пайдалы білімдердің кітапханасы», В.В.Лункевичтің «Ғылыми-танымдық кітапханасы», «Тамаша адамдар өмірі», т.б. елеулі еңбектер жарық көрді. Қазақ тілінде жарық көрген «Өнегелі өмір» сериясын, «Негеш», «Шаңырақ» энциклопедияларын осындай еңбектер санатына жатқызуға болады.

 

ҒЫЛЫМИ ФАНТАСТИКА (ағылш. science fiction – ғылыми туынды) – көркем әдебиетте, сондай-ақ кино, кескіндеме, т.б. өнер салаларында қалыптасқан жанрлық түр. Ғылыми фантастика өнердегі дербес жанр ретінде 20 ғасырда қалыптасқанымен, оның қайнар бастаулары ежелгі әпсаналарда, ауыз әдебиетінде жатыр. Оған қиял-ғажайыптық, ертегілік қасиет те тән. Фантастика (грек. phantasia – қиялдау, phantastike – қиялдау өнері) ұғымының өзі де қиялдану өнеріне байланысты пайда болған. Қазіргі әдебиеттану мен өнертану ғылымында фантастиканың «ертегілік» және «ғылыми» белгілерінің аражігі ажыратылмаған. Әдебиетте ғылыми фантастика – ғылыми поэзия және ғылыми проза болып, екі пішінде қалыптасты. Ғылыми поэзия терминін әдебиеттенау саласында алғаш француз поэзиясының теоретигі Рене Гиль «Сөз туралы трактат» (1896) еңбегінде қолданды. Ол ғылыми поэзияның белгілері ежелгі дәуір еңбегінің өкілі Рим ойшылы К.Лукрецийдің «Заттың табиғаты» поэмасында көрініс тапқанын мысалға келтіреді. Поэзиядағы ғылыми фантастика жалпы фантастикалық арнадан бөлекше, философиялық-әлеуметтік бағыттағы мүмкіндігімен ерекшеленеді. Ғылыми фантастика прозаның барлық жанрында (роман, поветь, әңгіме, т.б.) қарқынды дамып, көркем ідебиеттің арнаулы саласына айналды. Әлемдік әдебиеттегі ғылыми фантастиканың ірі өкілдері: Ж.Верн, Г.Уэллс, О.Чапек, С.Лем, Р.Брэдбери, А.Кларк, Р.Шеклин, О.Хаксли, А.Р.Беляев, И.А.Ефремов, А.Азимов, К.Сайман, ағайынды А.Н. және Б.Н. Стругацкийлер. Зерттеушілердің пікірінше, қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастика жанрының алғашқы белгілері ертегілерден («Ер Төртіс», «Ұшқыш кілем», т.б.), аңыздардан («Қорқыт Ата», «Баба түкті шашты Әзіз», т.б.) бастау алады. Ғылыми фантастика жанр ретінде А.Машанов, Т.Сұлтанбеков, М.Сәрсеев, А.мархабаев, Р.Баймаханов, Ш.Әлімбаев, т.б. шығармалары арқылы қалыптасты.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 167 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: