12:20
Қазақ әдебиеті әлемінен

«БОЗЖІГІТ» ғашықтық дастан. Мазмұны жағынан Шығыс елдері дастандарына ұқсас. Ең көне нұсқасы 1842 ж. жазылып алынып, 1870 ж. В.В.Радлов жинағында жарияланған. Мұнан кейін «Бозжігіт» Қазан, Орынбор, т.б. қалалардың баспаларынан 14 рет жеке кітап болып басылған. 1911 ж. қиссашыл ақын Ақылбек Сабалұлы «Бозжігіт» жырын өңдеп, Қазан қаласында қайта шығарған. Жыр мен қара сөз аралас жазылған қисса түріндегі нұсқасымен қатар таза өлеңмен жазылған дастан түрі де кездеседі. Дастан қазақ даласына қолжазба түрінде ғана емес, ауызша да айтылып, кең тараған. Дастанның қолжазба нұсқалары мен басылымдары Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Алматы қалаларының кітапхана қорларында сақтаулы. Ескі қолжазбашылардың бір нұсқасы Британия мұражайында сақталған. Халық ақыны И.Жылқайдаров «Бозжігіт» сюжеті негізінде 1940 ж. поэма жазған. Оның қолжазбасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы.

 

«БОЛАТ-ЖАНАТ», «Сауда ишан», «Опасыз ишан» – дастан. Ақын Нұралы Нысанбайұлы жырлаған дастан нұсқасы «Сауда ишан» деген атпен жеке кітап болып жарық көрген (1974). Жырдың оннан астам нұсқасы бар. С.Аққожаев жырлаған нұсқасы көркемдік қуатты, композициялық құрылымы жинақы нұсқа ретінде «Қазақ халық әдебиеті» көптомдығының дастандарға арналған 13-томында жарық көрген (1990).

 

«БӨГЕНБАЙ БАТЫР» – тарихи жыр. Авторы – Үмбетей жырау. 18-ғасырдың 70-жылдарында шығарылған. 7-8 буынды шалыс ұйқас, ерікті ұйқас үлгісіндегі туынды. Жырда жоңғар шапқыншылығы заманында 26 жыл бас қолбасшы болған Қанжығалы Бөгенбайдың қайтыс болғаны (1775) «Батырың өтті бөгенбай» деп Абылайға естірту түрінде басталып, оның қалмаққа қарсы күрестегі ерлігі, туған халқының азаттығы үшін сіңірген еңбегі бейнеленеді. Батырдың әкесі мен шешесі туралы мағлұмат бар. Бөгенбаймен бірге Жантай Атан мен Қаракерей Қабанбай сияқты батырлардың да ерлігі жырланады. Сол кездегі қазақтың ру-тайпалары, олардың ұлы күреске ат салысқан басты адамдары жөнінде тарихи-этнографиялық мәліметтер берілген. Қалмаққа қарсы ірі шайқастар болған Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ сияқты жер атаулары көрсетіледі. «Бөгенбай батыр» жырының бір нұсқасын профессор С.Аманжолов 1936 ж. кітап етіп бастырып шығарған. Көлемі 4212 жолдай. Жырдың өзге нұсқалары Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 146 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: