18:49
Қазақ әдебиеті әлемінен

БӘДІК ЖЫРЛАРЫ тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Алғашқыда ауру адамды немесе малды емдеу мақсатында айтылған. Себебі бақсы-балгерлік нанымға байланысты халық әр аурудың «иесі» бар деп түсінген. Бәдік жырлары «көш-көш» деп басталып, «көш-көш» деп аяқталады. «Асқар-асқар тауға көш, ағыны қатты суға көш, айнала соққан желге көш, иесіз қалған жртқа көш» деп ауру адамның дертін өлеңмен арбап, қуып шығуға тырысқан. Ең соңында жұрт орындарынан тез тұрып, етек-жеңін қағып, «біз де көштік бәдік, сен де көш» деп, ауруды етектерімен ұшықтап тарасқан. Бәдік жырлары әдетте кешке қарай, іңір қараңғысында орындалған. Бірте-бірте бәдік жырларын қыздар мен жігіттер тобы болып бөліп айту салты шыққан. Кейін бәдік жырлары атқаратын міндет түбірімен өзгеріске ұшырап, жастардың сол сылтаумен бас қосып, көңіл көтеретін сауығына айналған.

 

«БӘРСИСА» – дастан. Шәді Жәдігерұлының (1855-1933) нәзира дәстүрімен жазылған, сопылық сарындағы шығармасы. Дастанның қолжазба түріндегі толық нұсқасы Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы. Дастанның ықшамдалған, көлемі шағын нұсқасы 1910 жылы «Қисса Бәрсиса» деген атпен Қазандағы Б.Л.Домбровский баспасынан жарық көрген. Дастан сюжетін қазақтың Шәдіден басқа да «кітаби ақындары» жырлаған. Дастанда әрбір адамның қоғамда алатын орны, қадір-қасиеті, қызмет дәрежесі оның ішкі жан-дүниесінің тазалығы, рухани байлығы арқылы айқындалуы тиіс деген қорытынды пікір айтылады. Адамның ұзақ өмірінде оған ақ пен қараны, оң мен солды, ізгілік пен зұлымдықты танытатын, әрбір пенденің құдай алдындағы парыздарын ұмыттырмай отыратын құдіретті күш – имандылық екенін Шәді ақын өз оқырманына дидактикалық сарында айтып жеткізген.

 

«БЕГІС БАТЫР»  «Ер Бегіс» – «Қырымның қырық батыры» топтамасына енетін жыр. Көлемі – 848 жол. 1942 ж. Алматыда Мұрын жыраудан М.Хакімжанова жазып алып, бастырып шығарған. Жырда Сүйінші батырдың зарыққанда көрген баласы Бегіс батырдың елін қалмақтардан қорғау жолындағы ерлік істері баяндалады. Жыр нұсқасы толық, құрылысы -8 буынды. «Батырлар жырының» 3-томында (1964), «Қазақ халық әдебиеті» көптомдығының 11-томында (1989) жарияланған.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 155 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: