17:44
Қазақ әдебиеті әлемінен

«БАЙСЕЙІТ БАТЫР» – тарихи жыр. Жырдың негізгі арқауы – қазақ пен қырғыз арасындағы жанжалды тоқтатып, ортақ жауға қарсы бірлесіп күресу. «Байсейіт батыр» жыры 1941 ж. Саяділ Керімбекұлынан жазылып алынған. Өлең құрылысы толық он бір буынды қара өлең үлгісі. Жырдың Т.Байғалиев жырлаған нұсқасы да бар, онда тарихи шындық мүлдем бұрмаланған. Екі нұсқа да Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.

 

БАҚСЫ САРЫНЫ – әдет-ғұрыптық әндердің бір түрі. Бақсы сарынын орындаушы әрі ақын, әрі сазгер. Ол аруақтармен өлең-жыр арқылы тілдесіп, іс-әрекетін би қимылдар арқылы жүзеге асырған. Бақсы сарыны халық поэзиясына тән 7-8 буындық жыр немесе 11 буындық қара өлең өлшемінде құрылып, арнайы музыкалық сарынмен орындалған. Бақсылар астаяқ, т.б. ұрмалы аспаптарды – құлағына қоңырау, шанағына айна орнатқан қобызды пайдаланған. Бақсы сарынының фольклорлық-этнографиялық үлгілерін әдебиетші ғалымдар Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, С.қасқабасов, т.б. зерттеп, өнер саласында А.Затаевич, Б.Ерзакович, б.Қарақұлов, Т.Бекхожиналар бірқатар үлгілерін жазып алып, нотаға түсірген.

 

«БАҚТИЯРДЫҢ ҚЫРЫҚ БҰТАҒЫ», «Бақтирнаме»  – парсы тілінде жазылып, шығыс елдеріне кең тараған дастандар топтамасы, көне әдеби ескерткіш. Ең ескі нұсқасы 1296 жылғы қолжазба болып есептеледі. Қазақ тіліндегі дастандар парсы халқының осы «Бақтиярнаме» атты әңгімелер жинағының негізінде туған, бірақ парсыларда бұл қара сөз негізінде баяндалса, қазақтарда жырға айналған. Бірқатар зерттеушілер «Бақтиярдың қырық бұтағын» Шығыс Түркістан өңірі қазақтарының дастаны ретінде қарастарды. Алайда «Бақтиярдың қырық бұтағы» қырық қиссамен шектелмейді. Қазақ ұғымында қырық саны киелі, көптікті білдіреді. «Бақтиярдың қырық бұтағы» - Қытайдағы Шыңжаң өлкесіне тараған екі жүзден астам қисса-дастандар топтамасы. Сол топтамадағы «Шәкір-Шәкірат», «Қасым жомарт» дастандарын Жүсіпбек Шайхысыламұлы, «Шеризат», «Нұғыман-Нағым», «Ағаш ат» дастандарын Әсет Найманбайұлы жазған. «Бақтиярдың қырық бұтағында» елді мекен, кісі аттары, көбінесе, арабша, парсыша болғанымен, оқиға қазақы дәстүрде айтылады. Қазақ ақындарының араб-парсы әдебиетінен келген сюжетті өндеп, жырлауы нәтижесінде, «Бақтиярдың қырық бұтағы» қазақтың бай ауыз әдебиетімен ұштасып, төл туындыдай сіңісіп кеткен – назиралық үлгіде жырланған.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 155 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: