19:22
Қазақ әдебиеті әлемінен

«ӘСЕТ пен КӘРІБАЙ АЙТЫСЫ» – шамамен 1905 ж. Тарбағатай тауының түстік жағында өткен. Кәрібай ақын туралы толымды дерек жоқ. Бірақ Қаракерей тайпасынан екендігі, осы күнгі Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат маңында өмір сүргендігі нақты белгілі. Айтыстың Ержан Ахметовтен жазып алған нұсқасы «Айтыс» жинағында (1964, 1-т. 173-175-б.) жарияланған. Айтыс Ауған Жақсылықов, Боқаш ақсақалов репертуарында болған. Бір нұсқасын Ахметжан Қалыбаевтан ақын Қалихан Алтынбаев жазып алған.

 

«ӘСЕТ пен ЫРЫСЖАН АЙТЫСЫ» – ақындар айтысының шоқтығы биік, аса көркем туындыларының бірі. Айтыс ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі туынды. Мұнда халықтың өміріндегі ауыр жағдай мен ел билеушілердің жасаған зорлық-зомбылығы әсерлі сипатталады. Айтыс әлеуметтік мазмұнды жұмбақ айтыстың көркем үлгілерінің бірі. Жұмбақты бастан-аяқ Ырысжан айтады да, Әсет қолма-қол шешіп отырады. Айтыс С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті нұсқаларында» (1931), «Айтыс» жинақтарында (1942 – С.Мұқанов, Б.Ысқақов), М.Ғабдулиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» хрестоматиясында (1959), Әдебиеттің жинағында (1988 – Б.Нұржекеев, Б.Абылқасымов) т.б. жарияланған. Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында нұсқалары сақталған. Сондай-ақ айтыстың Б.Ақсақалов, С.Әбділбаев орындауындағы нұсқалары да бар, айтысты М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Ордалиев, М.Жармұхамедов зерттеген.

 

ӘСІРЕЛЕУ, гипербола (грек. hyperbole –күшейту)  – әдебиеттегі көркемдеу тәсілдерінің бірі, әртүрлі құбылыстарды немесе белгілі бір нәрсені шамадан тыс асыра суреттеу тәсілі. Әсірелеу – әдеби тілдің көркемдігін ғана емес, бейнелілігін, әсерлілігін арттырып, құбылтудың бір түрі. Көне эпостық жырларда, фольклорлық туындыларда жиі кездеседі. Мысалы, «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» (мақал), «Астындағы бурылдың, жоғарғы ерні көк тіреп, Төменгі ерні жер тіреп...» («Қобыланды батыр»). Әсірелеу ақын-жыршылар шығармаларында да жиі қолданылған. «Аққан жасы сел болған. Етегі толып, көл болған...» (Дулат) сынды айшықты шумақтар осының айғағы. Әсірелеу жазба ақындар шығармашылығында да қолданылады, бірақ оның сапасы, жасалу түрлері басқаша болып келеді және ауыз әдебиетіндегідей жиі кездесе бермейді. Мысалы, С.Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» - десе, Т.Жароков: «Қарыңды қағып – су қылдым, Суыңды сілкіп – бу қылдым. Түттініңмен таң атқыздым. Жеріме жұлдыз жаққыздым...». – деп жырлайды. Осының екеуінде де әсірелеу бар.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 137 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: