16:30
Қазақ әдебиеті әлемінен

АРНАУ – әдеби шығарманың басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандайоқиғаға байланысты екенін көрсететін, көбінесе, өлең түрінде келетін автордың сөзі. Кейде арнауда автордың өз шығармасын белгілі бір адамға ізет-құрмет ретінде арнайтыны айтылады. Кейде жазушы арнауды кімге қаратып айтылғанын анықтамай, сол кісінің өзі ғана түсінетіндей етіп береді. Арнау әлем халықтары әдебиетінің барлығында дерлік бар. Шығарманы тыңдаушыларға, оқырмандарға арнаумен бастау қазақ әдебиетінде де бұрыннан келе жатқан дәстүр. Арнаудың озық үлгісіне Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романының басында берілген мына өлеңді жатқызуға болады: «Ел үшін күйген, Еңбекті сүйген, Ізгі тілек, ер жүректі, жұртшылық көсемі – Жалынды жастарға арнаймын».

 

АРНАУ ӨЛЕҢ – поэзия жанры. Қазақ әдебиеттану ғылымына бұл терминді алғаш енгізіп, ішкі жанрлық түрге жіктеген А.Байтұрсынов. Ол арнау өлеңді үш түрге жітеген: жарлай арнау – көпшілікке, белгілі бір ортаға, қауымға немесе жеке адамға да қаратылып айтылады. Мысалы, «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық» (Ы.Алтынсарин); сұрай арнау – көпшілікке, не жеке адамға арнап айтылады және оған жауап беріледі. Кейде жауап меңзеу арқылы сезіліп, білініп тұрады. Мысалы, «Не жазып ем, Құдай-ау, мен қазаққа, Мұншама ғып салғандай бұл азапқа? Адамшылық есебіне кірісіп, Қолы жетсін дегенім бе азатқа?!», немесе «Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым аштан өлген аталарың бар ма еді? Тамақ үшін сатқан иттер иманын» (А.Байтұрсынов). арнау өлеңдер іштей жанрлық түрге жіктелгенімен, олардың үндесіп кететін сәттері жиі кездеседі. Жоғарыдағы арнау өлеңді сұрау арнауға жатқызғанымызбен, онда зарлай арнаудың да сарыны аңғарылады. Зарлай арнау – арнау өлеңнің ең көне түрі. Халық басына түскен қиын кезең немесе жеке адамның басына түскен қиындық, тағдыр тәлкегі зарлай арнауда ерекше ашылып, көрсетіледі. Мысалы, «Сауықшыл есіл елім-ай! Сарыарқа қайран жерім-ай! Күмістей таза суы бар, Айдын шалқар көлім-ай!» немесе «Қиналдың-ай, шыбын жан! Тоқтамапты ыстық қан! Зарлайсың ғой жетім боп, Бесікте қалған балапан!» (М.Жұмабаев). Арнау өлеңнің құрғақ мақтау түріндегілері де кездеседі. Көркемдік қуаты, ой-толғамы жағынан бұндай арнау өлеңдер кем соғып жатады.

 

АРНАУ СӨЗ – әдеби шығарманың ішінде стильдік тәсіл ретінде кездесетін авторлық монолог. Арнау сөз кейіпкерлерге, оқырманға, табиғат құбылысына, т.б. қарай айтылады. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы: «Сорлы Ақбілек! Сен жыламай кім жыласын? Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айрылдың. Келешектегі бақытты өміріңнің кіжіндей көріп, сары майдай сақтаған алтын қазынаңнан айрылдың. Ар-ұятың төгілді, адамшылығың жойылды. Жас нәуетек жүрегің соқпай жатып өрт болды. Жаңа шыққан жауқазын піспей жатып жоқ болды. Шамшырақтай жас жаның жанбай жатып шоқ болды. Есіл ерке балалық – аяққа құйған астайын шолтаң етті – тоқталды. Жыла, жасың бұла. Жасыңмен қайғың жуылсын. Жасыңнантеңіз жиылсын. Теңізді дауыл толқынтсын. Құтырсын толқын, тулатсын. Зарлатқан сені мұндарлар тұншықсын – суы да улансын. Қатын-қызы тұл қалып, сендей болып шуласын». Ақбілекке қаратып айтылған осы арнау сөз түріндегі автордың лирикалық толғанысы, оның өз кейіпкеріне жаны ашығандай, оған ниеттестік білдіргендей, оның қайғысына ортақтасқандай өзі баяндап отырған оқиғаға тікелей араласып кетуі нақты түрде берілсе де, ешбір оғаш көрінбейді, қайта әсерлі болып шыққан.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 165 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: