18:28
Қазақ әдебиеті әлемінен

АЛДАРКӨСЕ  – қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері, ақылды айлакердің, зерделі қудың жиынтық бейнесі. Аңыз әңгімелерде Алдар көсе өзінің асқан айлакерлігі арқылы мұратына жетіп отырады. Оның мақсаты – сараң байды, пайдакүнем саудагерді, озбыр ханды т.б. әжуа ету. Мысалы, ол сараңдығы үшін халық Шықбермес Шығайбай атаған байдың асын ішіп, атын мініп, қызын алады; алыпсатар саудагердің алдынан өгіздерін айдап кетеді; оның бұл әрекетін халық айыптамайды, қайта құптап, қошеметтеп отрады. Өйткені Алдар көсе әділетсіз билік иелерінен қиянат, қорлық өрген қарапайым халықтың өкілі. Алдар көсе – түркі тілдес халықтар (қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, т.б.) әдебиетіне ортақ тұлға. Бұл Алдар көсе жайындағы аңыз әңгімелердің ежелден келе жатқан көнелігін, әлеуметтік мәнділігін көрсетеді. Оның өмірде болғанын, қай заманда өмір сүргенін дәлелдейтін тарихи дерек жоқ. Алдар көсе бейнесі қазақ театр және кино өнері туындыларында да көрініс тапқан. Ш.Хұсайынов «Алдаркөсе» пьесасын (1942) жәе «Алдаркөсе» фильмінің сценарийін (1964, реж. Ш.Айманов) жазды.

 

АЛЛЕГОРИЯ (грек. Allegoria – пернелеп айту), пернелеу – әдебиеттегі көркемдік тәсіл. Әдебиетте аллегориялық бейнелер мифологиядан, фольклордан алынады. Мысалы, түлкі – қулық, арыстан – зорлық, қасқыр – қастық, қоян – сужүректік, есек – ақымақтық, аққу – адалдық, махаббат т.б. түрінде бейнеленетін персонаждарда адамдарға тән мінез тұспалдап айтылса да, бірден санаға, қиялға әсер етіп, көз алдыңа елестейді. Аллегория бейнелеу өнерінде де көбірек кездеседі. Мысалы, көзі таңулы, қолына таразы ұстаған әйел – әділеттіліктің, якорь – үміттің бейнесі. Аллегория ауыз әдебиетінің барлық жанрларында, оның ішінде жануарлар туралы ертегілерде, халық мысалдарында, өтірік өлеңде, жазба әдебиетте сатиралық жанрларда жиі қолданылады. Ол тұспалдап айтуға да, дерексіз ұғымды деректі нәрсеге ауыстырып бейнелеуге икемді тәсіл болғандықтан мысал жанрында ерекше дамыған. Эзоп, Лафонтен, Абай, А.Байтұрсынов, т.б. шығармаларында аллегория айрықша орын алған. Абайдың «Қарға мен түлкі» аударма мысалындағы түлкі мен қарға бейнесі арқылы адам баласының бойындағы қулық пен аңқаулық, даңғазалаық сияқты мінез өткір мысқылмен шебер берілген. Аллегория прозада да кездеседі.  

 

АЛЛИТЕРАЦИЯ (лат. аllittera – дыбыстас) – дауыссыз дыбыстардың қайталануы арқылы әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін көркемдік тәсіл. Мысалы, Қ.Аманжоловтың «Иран шахқа мұңың шақпа, Низами, Біздің жақта гүл құшақта, Низами...» деген өлең жолдарында аллитерация (ш әрпі қайталанып) өлең өрімін құбылтып, оның оқырманға әсерін кұшейтіп тұр. Аллитерация – қазақ мақал-мәтелдерінде де ұтымды қолданылатын тәсілдерінің бірі. Мақалдар құрылысында дыбыс үндестігі, бір дыбыс немесе бір сөзді («Бейнет, бейнет түбі – зейнет») бірнеше қайталау, сөз ұйқасымы айрықша рөл атқарады. Қазақ жұмбақтарында аллитерация тәсілі жиі кездеседі («Әуеден күбі түсті, күбінің түбі – түсті»).

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 210 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: