14:59
Қазақ әдебиеті әлемінен

«АҚБАЛА МЕН БОЗДАҚ» – көне салт айтысы. Он бір буынды қара өлең үлгісімен айтылатын айтыс, бірін-бірі сүйген екі жас Ақбала мен Боздақтың жауаптасуынан тұрады. Айтыс мазмұны екі ғашықтың бас қосқанын біліп қойған қыз әкесінің «қызымды бермеймін» деп үдере көшуінен басталады. Олар алыс көшіп кеткен соң, Боздақ әкесінің сілтеуімен қызды іздеп шығады. Жігіт Ақбаланың еліне келсе, ол қайтыс болыпты. Ақбаланың аруағымен сөйлесіп, бірге өлмек болған уәделері бойынша жігі өзіне пышақ салып, ғашығының қасында көз жұмады. Айтыс «Түркі халықтары әдебиетінің нұсқаларында» (11 том, С7-Петербург6 1870 ж., бастырған В.Радлов), 1923 ж. «Темірқазық» журналының 2-3 санында (109-115 беттер), М, 1965 ж., «Айтыс» жинағының 1-томында, «Қазақ халық әдебиеті» көптомдығының 13-томында (33-37 беттер) жарияланған. Соңғы жинаққа да В.Радловтың нұсқасынан алынып берілген. «Ақбала мен Боздақ» айтысы Орталық ғылыми кітапхана қорында араб қарпімен жазылған ғашықтық жыр күйінде де сақталған (695 жол). Оны 1946 ж. Бәдел Тұрсынбаев тапсырған.

 

«АҚЖОНАСҰЛЫ ЕР КЕҢЕС» – «Қырымның қырық батыры» топтамасына енетін жыр. 7-8 буынды жыр үлгісімен шығарылған толық күйіндегі нұсқасын 1942 ж. Бозтай Жақыпбаев Мұрын жыраудан жазып алыа қағазға түсірген. Жырда Ноғайлының ханы Ақжонастың қартайғанша бір перзентке зар болып, Бұхара маңындағы Арыстан шері әулиенің басына түнегенен кейін, Кеңес есімді ұлдың дүниеге келгені, оның есейген соң елін сыртқы жаудан қорғап, қалмақ Қарахан елін басып алуы, өзі жорықта жүргенде елін Бағлан таз деген қалмақ ханының шауып алып, халықты езгіге салғаны, одан Кеңестіңөш алып, Қарлығаш сұлуға үйленуі қызғылықты баяндалады. Жырда елін, туған жерін сүйген қас батыр Кеңес бейнесі көзсіз ерлік белгісіндей елес береді. Бас қаһарманды суреттеуде әсірелеу тәсілі басым болғанымен, Ер Кеңес бейнесі жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлтын сүюге тәрбиелейді. «Ақжонасұлы Ер Кеңес» жыры «Батырлар жырының» 2-томында (1961), «Ақсауыт» жинағының 2-томында (1977), «Қазақ халық әдебиеті» көптомдығының 12-томында (1990) жарияланды.  

 

АҚ ӨЛЕҢ, ұйқассыз  – өлең тармақтары соңындағы сөздердің дыбыстары үйлеспей, қабыспай, ұйқасы белгісіз қалыпта, «ақ» күйінде қалған ұйқассыз өлең үлгісі. Орыс тіліне француз тілінен “blanch – белый стих» болып аударылып, қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген. Сырттай қарағанда, мүлде ұйқассыз көрінгенмен, ұйқасы шумақтың немесе тармақтың кез келген тұсында тұра береді. Оқырманның сезіміне әсер ету үшін кейде ұйқас түйдектері де кездесуі мүмкін. Ең көне ақ өлең үлгілері 5-9 ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінде (Күлтегін, Тоныкөк), қазақтың шешендік сөздерінде кездеседі. Ақ өлең драматургия жанрында жиі қолданылған. Оның тамаша үлгілері У.Шекспир («Король Лир», «Гамлет»), А.С.Пушкин («Борис Годунов») т.б. шығармаларында бар. Қазақ драматургиясында М.Әуезов («Айман-Шолпан», «Бекет»), Ғ.Мүсірепов («Ақан сері-Ақтоқты»), Ә.Тәжібаев («Көтерілген күмбез», «Жомартың кілемі»), Ә.Кекілбаев («Абылай хан»), т.б. қаламгерлер ақ өлең үлгісін сәтті қолданды. Лирикалық өлеңдерде ақ өлеңнің ұйқасқан және ұйқаспаған жолдары араласып келеді. Силлабикалық жүйеге жататын қазақ өлеңінің ұйқас қорының молдығына, бунақ, буын, тармақ, шумақтардың өзара үйлесуге аса икемділігіне байланысты ақ өлең төл поэзиямызға еркін ене алмады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 221 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: