10:28
Тәржіма(жалғасы)

Сан тақырыпты әфсаналар

ӘЙЕЛ

Құдіретті Магадэва көрікті Үндістанды  жаратты, оны тамашалауға жерге қонды. Оның ұшуымен жылы да жайлы жел есіп өтті. Маңғаз пальмалар Магадэваға өз биіктігімен тағзым етті, оның көзқарасымен пәк, аппақ, нәзік, хош аңқыған лилиялар гүлдеді. Магадэва бір лилияны еппен жұлып алды да айнадай теңізге лақтырып жіберді. Жел асылдай мөлдір суды тербеді де әдемі лилияны аппақ көбігімен орап аймалады. Қас қағым сәтте әлгі көбіктің гүлшоғынан әйел гүлдеді. Өзі де лилия сияқты әрі нәзік, әрі хош аңқыған, жел сияқты жеңіл, теңіз сияқты құбылмалы, теңіз көбігі сияқты сұлулығы һәм жарқылы және бар.

Әйел алдымен айнадай суға қаранды да таңдана: - Мен сондай әдемім! – деп өз-өзінен тіл қатты.

Кейіндеу ол айналаға көз салды да былай деді: - Әлем неткен тамаша!

Әйел судан жағаға құрғақ күйінде шықты.

Әйелді көргенде жер бетіндегі гүлдер гүлдеп сала берді, ал аспаннан оны тамашалауға милиардтаған көз қызыға да сұқтана қарады. Әлгі көздер таңданыстан жарқырады. Содан бері де жұлдыздар жарқырайды-мыс. Шолпан жұлдызы қызғаныштан өзгелерден бетер жаңа түсті, содан болу керек ол өзгелерден айырықша жарқырайды.

Әйел көрікті ормандар мен жазықтарды еркін аралады, оны көрген бәрі де үнсіз тамсанды. Осынау жайт әйелдің ішін пыстырды. Іші пысқан әйел жаратушысына:   - О, құдіретті Магадэва! Сен мені сондай сұлу қылып жараттың! Бәрі де маған қарап тамсанады, бірақ мен ол тамсанулар жайлы естімеймін, көрмеймін, өйткені бәрі үнсіз тамсанады!

Бұл арызды естіген Магадэва сансыз құсты жаратты. Көп құс сұлу әйелдің сұлулығын паш ете салтанатты әндер шырқады. Әйел тыңдады да күн күлімдеді. Бір күннен соң бұл да оның ішін пыстырды. Манағы сарынмен жаратушысына: - О, құдіретті Магадэва! – деп, бас ие тіл қатты.    – Маған арнап салтанатты әндер шырқалды, оларда менің ерекше сұлулығым хақында айтылды. Егер мені ешкім құшақтамаса һәм мейірлене маған сүйенбесе осынау сұлулықтың қандай керегі бар!

Бұны естіген құдіретті Магадэва әдемі де иілмелі жыланды жаратты. Ол сұлу әйелді құшақтады және оның аяқтарының астында сан иіле жорғалады. Жарты күнге жуық уақыт әйел бұдан қанағат тапты, қайта іші пысқан ол жаратушысына дауысын көтерді: - Егер де мен шынымен де соншалық сұлу болсам, өзгелер мені сол күйімше қайталауға тырысар еді! Бұлбұл тамаша әндетеді, ал өзге құс оны қайталауға барын салады. Демек, мен сондай көрікті емеспін-ау, шамасы!

Құдіретті Магадэва әйелдің ебін табу мақсатымен маймылды жаратты. Әлгі маймыл әйелдің әрбір қимыл-әрекетін бұлжытпай қайталаумен болды, алты сағат бойы әйел қанағаттанды, содан соң көздерін жасқа бұлай жаратушысына былай деп тіл қатты:     - Мен кереметтей сұлумын! Мен туралы әндетеді, мені құшақтайды, аяқтарымның астында иіле жорғалайды һәм мені қайталайды. Менімен тамсанады да маған қызығады, бұдан мен енді қорқа бастадым. Біреу-міреу қызғаныштан маған қастандық жасаса, осыдан мені кім қорғайды?

Магадэва күшті де мықты арыстанды жаратты. Айбынды арыстан әйелді қорғады. Әйел үш сағат қана бұдан қанағат тапты, жаратушысына тағы да дауысын көтере:         - Мен сұлумын! Мені аймалайды, ал мен ешкімді аймаламаймын! Мені сүйеді, ал мен ешкімді сүйе алмайын! Мына енгезердей, қорқынышты арыстанды сүйе алмаймын ғой, оған менің құрмет пен үрей сезімім ғана бар!

Сол сәтте-ақ. Магадэваның еркімен, әйелдің алдында шағын да сүйкімді ит пайда болды.

- Қандай мейірімді жануар! – деп таңданды әйел және итті аймалай бастады.     – Мен оны сондай сүйемін!

Енді әйелде бәрі болды, сұрайтын ештеңе қалмады. Бұл оны ашуға шақырды. Өзінің ашуын біреуден алу үшін, ол итті ұрып жіберді, ит аз қыңсылай үрді де безіп кетті, арыстанды ұрды, ол ақырды да кетіп қалды, аяғымен жыланды басып қалды, жылан ысқыра тілімен сумаңдады да жорғалай жүріп кетті. Әйелдің қатты ұрыс-айғайынан маймыл қашып кетті һәм құстар ұшып кетті...

- О, мен неткен бақытсызбын! – деп, өз қолдарын сындыра дауыстады әйел. – Мен көтеріңкі көңіл-күйде болсам, мені аймалайды, мақтайды, ал мен ашулансам, бірі қалмай бәрі жан-жаққа қашады. Мен сондай жалғызбын! О, құдіретті Магадэва! Сенен соңғы өтінішім бар: өз ашуымды барынша алатындай, мен ашуланғанда менен қашпайтын, менің барлық ұрсу-ұруыма шыдас беруге міндетті бола алатын айырықша жанды маған жаратып берші...Магадэва ойланды да оған...күйеу жаратып берді.

орысшадан еркін тәржімалаған

ИБРАҺИМ-ШАХМАНТЕГІ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ        
Просмотров: 970 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: