10:25
Тәржіма

 Әфсана

Данагөй қарға

Шығыстық әфсана

Орманға қанішер арыстан қоныстанды. Ол көптеген аңдарды өлтірді. Бірде шыдамдары таусылған орманның барлық тұрғындары жиналып, бұл тығырықтан шығудың жолын іздеуге шешім табуға ақылдасты, себебі арықарай былайша өмір сүруге болмайтын еді.

Бір кәрі қоян былай деді:

- Біздің орманда, алып тоғайдың қуысында, міне үш жүз жылдай қарға өмір сүріп келеді. Соған баралық. Ол данагөй, бізге ақылымен көмектесер.

Аңдар манағы қарғаға келді де сұрады:

- Уа, мәртебелі! Біздің орманға қандай қиын күндер келгенін білесің бе?

- Білемін, - деп қарлыққан дауыспен қарға жауап берді.

- Сен көпті көрген әрі қария, әрі данасың. Бізге мардымды ақылыңды бер. Әйтпегенде біз бәріміз қырыламыз.

- Бұл бұрын болған, - деп бастады әңгімесін қарға. – Бұл тоғай қуысында менің ата-анам күн кешті. Жыл сайын олардың ұрпағы дүниеге келіп отырды. Олар үлкен қара жылан төнгенше бақытты болды. Қуыста балапандар пайда болған сайын ол сайтан құсап жорғалап келіп, оларды жеп жүрді. Бұл кезекті рет болған кезде менің анам әкеме былай деді:«Осы ұяны тастап, алыс өңірге ұшып кетейікші». Бірақ әкем оған былайша жауап қайтарды:«Біз мұнда көп жыл өмір сүрдік те бақытты болдық. Мен жеңіле, кейін шегінбеймін. Өз бақытым үшін күресуім керек». «Осынау қатыгез және арамза дұшпанмен сен қалайша күреспексің?» - деп анам тағы сұрады. «Бір әдісін табармын», - деп жауап берген әкем жақынырақта жатқан көлге ұшып кетті. Осы сәтте көлге шомылуға ханзада және оның туыс-тамыры келді. Ол шешінді де суға кірді. Әкем көлдің үстін айнала ұшып жүріп, жағада жатқан ханзаданың киімдерінің арасынан алтын алқаны көріп қалады. Сәтін күтіп, ол әлгі алқаны іліп алды да баяу қимылмен өз ұясына ұшты. Малайлар айқайлап «ұрыны» қуып жетуге әрекеттенді, ал әкем болса алқаны өз қуысына қойды. Дүрліккен малайлар тоғайға өрмелеп мінді, алқаны ала бергенде қуыста жасырын жатқан қара жыланды көріп қойып, сабап өлтіреді. Осылайша менің әкем үлкен қара жыланды жеңіп шығады. Сендер де мазаларыңды алып, үрей туғызып жүрген қаныпезер арыстанды жеңіп шыға аласыңдар, егер де мына ақылға құлақ ассаңдар:«Кімнің айласы ақылды болса, сол мықты!»

Қарт қарға өз әңгімесін тәмамдады, ал аңдар ойланып қалды.

орысшадан тәржімалаған

ИБРАҺИМ-ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Просмотров: 940 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: