09:30
Сезім шиырлары

ӨЗІҢДЕ...

 

Болмысыңнан тал-қайыңдай айналдым,

Сөз ішінен сөз таба алмай мен қиналдым.

Өзіңде бір құдірет бар-ау, тегі,

Жүрекжарды сөз айтуға кезек алдым.

 

Жүзіңнен алтын Күндей күлімдеген,

Тәулік бойы жылу менен қуат берген.

Өзіңде өзіңе тән бір ғажаптық бар,

Жан-жүрегім еріксіз соңыңнан ерген.

 

Көзіңнен сәуле шаша нұрланатын,

Көзқарасың жүрекке құстай қонатын.

Өзіңде өзге білмейтін сыр барын білем,

Аққусың-ау кең жаятын қос қанатын.

 

Шашыңнан самал желмен ойнаған,

Хош иісімен шартарапты шарлаған.

Өзіңде таусылмайтын жыр сарнайды,

Әуенімен болмысымды жаралаған.

 

Қос қасыңнан Ай-жұлдыздай жарасқан,

Қос жағадай үйлесім тауып қарасқан.

Өзіңде керемет бар бір өзіңе тән,

Есіміңмен асу менен бел асқан.

 

Жүрегіңнен бұл өмірге сондай құштар,

Лүпіліңнен күннен-күнге мені ұштар.

Өзіңде наз нәзіктік өрнектелген,

Асылында, бірегей сені қылайын жар!

 

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Просмотров: 909 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: