12:28
БАРЫС, 12(155)-4

САЛТ. ДӘСТҮР

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ

«ТЕҢСЕРІК»

«Теңсерік» (дәстүр). «Жерін теңсерікке беретін есепқор байлар» (З.Ақышев). Бұрын шөп дайындағанда байлар жұртты үмеге шақырады. Кейде әр адам өз игілігіндегі жердің шабындығын (шөбін) «теңсерікке» береді. Яғни жігіт жалдап шабылған шөптің жартысын сол адам алады. Жалданған адам шөпті мезгілінде шауып, шөмелеп береді. Жер иесі келісім бойынша тиісті үлесін бөледі немесе соған лайықтап мал да беретін болған. «Теңсерік» дәстүріне екі жақ та адал істеп, әділ бөлуге тырысқан.

 

САЯТШЫЛЫҚ

Саятшылық (салт). «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» (Абай). Саятшылық яғни құс салып аң аулау өнері де қазақ өміріндегі сирек кездесетін қызықты салт. Мұндай адамды «құсбегі» деп атайды. Құстың «тілін» білетін және оның мінез-құлқын, жан-дүниесін, қасиеті мен табиғатын білетін адамдар бұрын көп болған. Олар қазір де бар, бірақ сирек кездеседі. Құсбегілер көбінесе бүркіт, лашын, сұңқар, қырғи, тұйғын, ителгі сияқты жыртқыш құстарды ұстап аңға салып баулиды. Мұның бірнеше қыр-сыры, құпия-қызығы да өте көп. Құсбегілер мен аңшылар көбінесе бүркіт ұстайды. Сыр-сипатына қарай оған ат қойылады. Жасына қарай оларды тастүлек, мұзбалақ, көк түбіт, май түбіт, барқын, баршын т.с.с. деп бөледі. Алғыр құстарды қыран, шәулі... деп бағалайды. Құстың құндақ, тұғыр, балақ бау, томаға деп аталатын әбзел-жарақтары болады. Құсты күту, баптау, тәрбиелеу, түлету, үйрету жолдарының өзі бір ғылым десе де болады. Мұның құпия сырын құсбегілер өте жақсы білген. Бабы келген бүркіт – қыста қасқыр, түлкі, қарсақ, киік, қоянға түседі. Жазда қаз, үйрек, қырғауыл, шіл, кекілік сияқты құстарды да алады.

Саятшылар мен аңшылардың күтетін ең сәтті күні сонар. Бұл күнгі аңшылық қызықтың орны тіпті бөлек. Баяғыда бір аңшы «атам өлсе қойылар, атан өлсе сойылар, Мұндай қызық қан сонар, Маған қайдан табылар» деп атасы өлгенде де бұрылмай кеткен екен дейді. Сонар деп жерге жаңа түскен, жел үрмеген, жан баспаған қарды айтады. Бұған түскен із тайға таңба басқандай анық болады. Сонар үшке бөлінеді: ұзақ сонар, келте сонар және қан сонар. Мұның ішінде ең қызығы қан сонар. Бұл күні шыққан аңшының жолы болатыны айдан да анық. Саятшылық қазақ халқының тірі табиғат пен өлі табиғаттың тыныс-тіршілігін, құпия сырын терең меңгергендігінің айғағы. Бұл зор өнердің қызығын саятшылардың өздері, ал игілігін халыө көрген. Сөйтіп саятшылық – халықтың мұрат тұтқан арманы әрі өнері болып саналған.
Просмотров: 1208 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: