13:14
Лирика-13

Жүректен – жүрекке (таңдамалы)

 БАҚЫТ

Бір өзіңмен өмір-бағым гүлденді,

Бір сарыннан сан бояумен түрленді.

Болдың пайда жаймашуақ мезгілде,

Бейнеңменен жан-дүние әрленді.

Аспан бұлтсыз, көк түсімен әдемі,

Ажарланды осымен Жер әлемі.

Айналайын, аймалайын өзіңді,

Ажарыңмен ажарланды сезім кілемі.

Қандай бақыт бір өзіңді сүйемін,

Қажетсінсең, құмар отыңда күйемін.

Қалқатайым, мөлдір тұнған қарағым,

Қара өлеңмен шын сезімді үйемін.

Ыстық нұрын Күн сәулесі шашады,

Ынтық сезім өз қақпасын ашады.

Ылайым жалғыз Сенсің аңсағаным,

Ырыс-береке өз шашуын шашады.

Таң атады арайлана Шығыстан,

Түн шығады еркелене Батыстан.

Теңім болшы қосқан тағдыр, аяулым,

Тілегім сол Тәңір менен Алладан.

[       

САҒАТ

Сағат тілі айналада тықылдайды,

Сағат сайын шырылдайды, шиқылдайды.

Сәт-сәтімен жылжып жатқан өмірім,

Сайыптай келе, жалғыз сені аңсайды.

Ақ қар жапты арагідік қара жерді,

Адал еңбек талап етер адал терді.

Арайлы күн жылу берер жер бетіне,

Асылым, тағдырыма сені Алла берді.

Ғаламшар жаңалықпен тұрар самсап,

Ғарыштан жұлдыз біткен жарық жұмсап.

Ғаламат махаббатқа иіп басын,

Ғашық болған жүрегім сені аңсап.

Аттандап адамдар жүр тірлігімен,

Ауыл жатыр күн кешіп бірлігімен.

Аулада жапырақсыз ағаштар тұр,

Аяулым, баура мені жүрегіңмен.

Тықыр, тықыл, тырбың-жырбың, қозғалыс,

Тақау емес, шалғай жатыр ауыл алыс.

Таңсәріден ақшам-ымырт – сол үрдіс,

Таяу жүрген, жан-тәнімен бол қолғабыс.

[       

АЛТЫН  

Асыл анаң бір өзіңді тым ерекше жаратқан,

Алтын Күндей ажарыңа айналаны қаратқан.

Асу-асу айналаны әрлі-берлі кезсең-дағы,

Артық туған жан табылмас сенен асқан.

Лағылданған наз бейнеңде жаз ойнар,

Лүпілдеген жүрегіңнен жылжыр қайнар.

Ләм-мим деуге үстемелей болар ұят,

Лапылдаған сезімім лаулай жайнар.

Тағысындай ен даланың сылқым назым,

Табиғаттың еркесіндей мәңгі жазым.

Түбінде, сырың терең көз жетпейтін,

Тегіңді ақық, жақұт атау лазым.

Ықылымнан Махаббаттың өресі кең,

Ынтықтардың сезімдері болады-ау тең,

Ымырт шақта көп ойлаймын жалғыз сені,

Ырысы жан-тәніңнің мейрам да кең.

Найзағайдай жарқыраған Таңшолпаным,

Назеркедей қалықтаған Тұмар-ханым.

Небір сөздер тапқан ұйқас түйдек-түйдек,

Нақышымен тым жарасқан жүзік-жаным.

[       

ЖАНЫМ

Жанса жарық, қараңғылық сейілер,

Жүрегіңде нендей сыр бар, кім білер?!

Жарқанат кезер түнде ну-орманды,

Жан-шаһарым жұлдызымды бек тілер.

Ақ боран адастырар айналаны,

Аппақ қармен толтырар сай-саланы.

Алтыннан да аса қымбат асылым,

Аспандатам жүректегі ақ қаланы.

Негізсің – сен, мен болайын – қосымша,

Нығыздайын ұйқас өлеңді ақындарша.

Нағыз сезім ұсақ-түйекке қарамас,

Нендей сыр бар ынтық қылар осынша.

Ысқырған жел бағандарда әндетер,

Ым-ишара сағыныштан жыр шертер.

Ырыспенен жетсе көктем түрленер күй,

Ыстық демің жанымды жібітер.

Мархабатты Махаббаттың әмірімен,

Миуалы Ғашықтықтың тілеуімен.

Мың да бір рет сұраймын тағы-тағы,

Мейізім, қосайық жүрегіңді жүрегіммен.

[       

СЕЗІМ

Самсайды түнгі аспанда жұлдыз қаптап,

Сені аңсай сағынышқа болдым-ау тап.

Сағым құсап жүргендейсің міне алдымда,

Сәулем, жүрелік махаббатты берік сақтап.

Ертелі-кеш гүлдей берер қызғалдағым,

Емен-жарқын сенімен жайнар жастық шағым.

Еңлікгүлім - әрі сымбат, әрі қымбат,

Енді-енді жас өскінмен сәнді бағым.

Зеректікпен өсер қатар сергек сезім,

Зәмзәмданған сені сүйе ғашық кезім.

Заңғардағы самұрықсың ерек, бөлек,

Зымырандай ұмтылайын саған өзім.

Ілкіде жан-тәніңмен дуаладың,

Іштегі жүрегіме мір қададың.

Ілгері қарай үндейтін қайнарым,

Ілкіде-ау жүрегімді мазаладың.

Маза кетсе, мән болар-ау түбінде,

Мәнсіз сенсіз мына күндер есебі де.

Махаббаттың құдіретті құшағында,

Мархабаттым, мендік болар-ау тегінде.

 Ибраһим-Шаһмантегі Бегімхан Керімханұлы
Просмотров: 899 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: