13:02
Лирика-8

Жүректен – жүрекке (таңдамалы)

Түнгі сарын

Күндізгі әуре басылды,

Түн пердесі ашылды.

Сиқырға толы сандықтан,

Жұлдыздар қаптап шашылды.

Күмістене Ай туды,

Қараңғылықты Ай қуды.

Айналаға көз сала,

Аралады ну, суды.

Естілмейді құс үні,

Шырт ұйқыда аң іні.

Өздігімен тамаша,

Жаратқанның бұл түні.

Ұйқым қашты далаға,

Бәлкім тынымсыз қалаға.

Ойым, жаным, өзіңсің,

Тағзым еттім Аллаға.

Ұйықта, жаным, тынышта,

Күндізгі әуреден тыныста.

Түсің болсын ақ жарқын,

Қасыңдамын мен... алыста.

* * *

Шіркін  

Шіркін, көзге көзді тоқтатса,

қолды қолға ұстатса,

құшақты құшаққа қатты қысса –

Махаббат қандай алаулар!

Шіркін, көрсе деймін өзіңді,

ұйып тыңдап сөзіңді,

сүйіп алма жүзіңді –

Ғашықтық қандай жалындар!

Шіркін, басқым келеді жеріңді,

аралап тату еліңді,

аймалап білек, беліңді –

Ынтықтық қандай ұшқындар!

Шіркін деп сондай сәтті күтемін,

Күтемін де соған, сәрі, жетемін.

Алаулаған, жалындаған, ұшқындаған,

Осынау бір қиын сыннан өтемін.

* * *

Сабыр 

Сары киген тоғайларға қараймын,

Күзгі самал сипалайды бетімді.

Бір өзіңді сүюге мен жараймын,

Қалқатай-ау, қайтармашы бетімді.

Ертіс суы жылы емес, суыған,

Арнасымен сылқ-сылқ ете ағады.

Жан-жүрегім, жаным, сені сағынған,

Арман-қыран биікке қанат қағады.

Қиқулайды тырна біткен аспанда,

Үйлесімді тәтті әнге салады.

Мен бір арлан сәтін күткен апанда,

Жүрегім ше сағаттай тық-тық соғады.

Әне тиін қылығымен қызықты,

Дамыл таппай қыстың қамын ойлайды.

Қаламым да салып жатыр сызықты,

Сыза, сыза өз кезінде аялдайды.

Сағынышым сары күзбен үндесе,

Қатарласа жарасымдылық құрайды.

Сыр-сезімім жүрегімнен сан есе,

Үміттене: «Қашан?» - деп жиі сұрайды.

* * *

Жасыл бағым – алтын таңым

Қандай ғажап ажарың сәуле шашқан,

Сезіміме қос қақпасын айқара ашқан.

Жасыл бағым – алтын таңым, қайдасың?!

Асылы, жанға жайлы ауыл я қаладасың.

Қандай ғажап дауысың назға бай,

Нәзік үнмен әлдилер қыр менен сай.

Жасыл бағым – алтын таңым, сағындым,

Сені көре, махаббат әміріне бағындым.

Қандай ғажап бітімің көзді тартар,

Күн болсашы сүйіп сипар, дәмін татар!?

Жасыл бағым – алтың таңым, жанымсың,

Батыстан ерекше атар ақ таңымсың.

Қандай ғажап жүрісің үйлесімді,

Әр қадамың таңдырды ғой есімді.

Жасыл бағым – алтын таңым, бақытымсың,

Жүрегіммен алып қайтқан сарқытымсың.

Қандай ғажап сол бір ару мен білетін,

Өңімде де, түсімде де жиі көретін.

Жасыл бағым – алтын таңым, қазынам,

Біз өзіңді ойлай-ойлай сағынам.

* * *

Сенсіз – мәнсіз, сенсіз – сәнсіз

Сенсіз – мәнсіз, сенсіз – сәнсіз.

Күнделікті жүргенім,

Жұмыста білек түргенім,

Демалыста ойнап-күлгенім.

Сенсіз – мәнсіз, сенсіз – сәнсіз.

Ас-тағамды татқаным,

Шалдыға төсекте жатқаным,

Түнде ұйықтап жатқаным.

Сенсіз – мәнсіз, сенсіз – сәнсіз.

Ауылымды кезгенім,

Өзгерісті сезгенім,

Қиялға көне безгенім.

Сенсіз – мәнсіз, сенсіз – сәнсіз.

Теледидар көргенім,

Сөз маржанын тергенім,

Шығармашылыққа ергенім.

Сенсіз – мәнсіз, сенсіз – сәнсіз.

Қаламыммен жазғаным,

Ой кенін қазғаным,

Ғашық болып тозғаным.

 Ибраһим-Шаһмантегі Бегімхан Керімханұлы
Просмотров: 886 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: